СУ АСТЫНДА ДА «ШАЙҚАС» БОЛҒАН

Бүкіл жер-жаһанды дүрліктірген Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың да аяқталғанына санаулы айлардан соң жетпіс жыл толмақшы. Бүгінде сол бір қаһарлы жылдардың куәгерлерінің қатары да тым сиреп барады. Солардың бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, спортшы, әнші Үмбет Жанғалиев болатын.

 

Үмбет Қосжанұлы Жанғалиев 1924 жылы Қызылқоға ауданының Жамбыл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Бозбала шағы Ұлы Отан соғысына тап келген Үмбет 1942 жылы 18 жасында Батыс Қазақстан облысы Тайпақ аудандық Әскери Комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, Тынық Мұхитындағы Әскери теңіз флотында сүңгуір қайықтың теңізшісі міндетін атқарады. Ол кезде су астындағы жауынгерлердің жай-күйін кез келген адам біле де бермейді, кезекті тапсырманы орындау үшін су астына бір түссе, алты-жеті айсыз су бетіне шықпайды екен. Олар соғыс біткеннен кейін де 1945-1947 жылға  дейін Жапон жағалауын су астынан бақылайтын болған. Елге 1947 жылы ғана оралды.

«Сүңгуір қайықта жалғыз қазақ болдым, қасымдағы жолдастарым теңіз ауруына ұшырап өліп жатқанда, «жалғыздың жары құдай» дегендей, мені бір құдай сақтады деп» еске алып айтып отырушы еді. Бес жыл сан түрлі ұлт өкілдерінің ортасында жүріп, соғыстың ауыртпалығын басынан кешкен жас жігіт елге келген бойда Қызылқоға ауданының сол кездегі орталығы Қарабаудағы «Қызыл үй» (пансионат) балалар үйінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасады.

Жасынан бойында табиғи таланты бар ол қолына диплом алуды жөн санайды. Сөйтіп, Алматыдағы дене тәрбиесі техникумына оқуға түсіп, 1953 жылы Көркем гимнастика мамандығын меңгереді. Адамның дұрыс жүруіне, жүгіруге, мүсінінің дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Міне, осындай спорттың күрделі түрін жетік меңгерген Үмбет Қосжанұлы Қызылқоға ауданының Қаракөл, Жаңашаруа, Мұқыр, Қарабау орта мектептерінде ұзақ  жыл  дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, бұқаралық спорттың мәнін арттыруға зор үлесін қосты.

Естен кетпес бір оқиға – Үмбет Қосжанұлының 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар фестиваліне қатысқаны. Тек ел туын көтеріп, гимнастикалық акробатикалық ойын түрлерінен тамаша өнер көрсетіп қана қоймай, өзінің кең  диапазонды дауысымен әсем ән де шырқады. Халқымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деген нақылын осындай азаматтарға айтса керек. Ол спорттық өнерімен қоса, ел арасында кең дауысымен де танылды. Бірнеше дүркін Алматы, Ақтөбе, Атырау сахналарында ән шырқап, 1963 жылы Батыс Қазақстан өлкесінің құрылу салтанатына арналған концертке қатысып, Д.Қонаевтың қолынан арнайы сыйлық алған болатын.

Сайып келгенде, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз әрі әнші, спортшы Ү.Қосжанұлының өнегесі өрісті, тағылымы мол. Алайда, оның есімі өзінің ұзақ жыл қызмет еткен аудандастарының тарапынан елеусіз қалып келе жатыр. 2013 жылы Атырау қаласында, Қызылқоға ауданының күндері болып өтті. Онда арнайы ауданның спорт саласына еңбегі сіңген спортшыларының фотосуреттері мен өмірбаяндары жарияланды. Әттеген-айы сол, аудан спортының негізін қалағандардың бірі ретінде оның есімі сол уақытта назардан тыс қалды.

Өнегелі, өнерлі өмірімен ұрпақтарының жадында жатталған Үмбет Жанғалиев біздер үшін мәңгілікке биік парасат иесі болып қалмақ.

Сәтжан ЖАНҒАЛИЕВ,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз