СОҒЫСТАН ҚАЙТҚАН ШОХРАЙ…

Менің әкем Шохрай Жолдығұлов сонау 1913 жылы бұрынғы Теңіз ауданы, Нұржау ауылының Бесшоқы жерінде дүниеге келіпті.

Ол отбасындағы жалғыз бала екен. Атасы Жолдығұл өз дәуірінің атақты күйшісі, құрметті азаматы болыпты. «Ауылға Жолдығұл келіпті» дегенді естіген жұрт асыға-аптыға шауып, оның күйшілік өнерін көруге, содан рухани ләззат алуға асығатын көрінеді. Кезінде атамыз атақты Дина күйшімен кездесіп, батасын алған деседі.

Күйші қарт өмірден өтерінде өзінің үкілі домбырасын немересі Шохрайға табыстап кетеді. Ол кезде бала Шохрай бар болғаны жеті жаста болыпты. Әкеміз ел басына күн туғанда барша азамат секілді Отанын қорғауға аттанып кетеді. Ауылда кәрі әке-шешесі мен зайыбы, ұлы қалады. Жас жауынгер Украина түбіндегі шайқасқа түсіп, Курск маңын, Дондағы Ростовты азат етуге атсалысады. 1943 жылы Таганрогты қорғауда иығынан жараланып, жарты жыл бойы госпитальда емделеді. Тәуір болғанда майданға қайта түседі. Арада тоғыз ай өткенде, тағы да аяғынан жараланып елге оралады.

Әкеміз елге келген соң колхоз жұмысына араласып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге барынша атсалысады. Анамыз Жаннат Құсайынқызы да ерлермен бірге еңбек етіп, бауырынан өрбіген тоғыз перзентін жетілдіру жолында жанын салады. Өкініштісі сол, балаларының қызығын көре алмай өмірден ертерек озады. Ал, әкеміз ұзақ жыл колхозда есепші болып қызмет істеп, сол еңбегінің жемісін көреді. Бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз»  ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Жеңістің 25, 30 жылдығы» медальдарымен марапатталады.

Міне, енді санаулы күндерден соң біз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын салтанатпен атаймыз. Біз Отан үшін жанын пида еткен майдангерлердің бәрін еске алып, бүгінгі бақытты өмір сыйлаған олардың ерен еңбегі мен рухтарына бас иеміз.

Бақыт ЖОЛДЫҒҰЛОВА,

Атырау қаласы.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз