СОҒЫС ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ГУРЬЕВ

Диверсанттар салған дүрбелең

Әлем тарихына «ең қанқұйлы» деген атаумен енген екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кеңес Одағы бойынша жиырма жеті миллионнан астам адам көз жұмған екен. Осынша үлкен құрбандықты талап еткен соғыс тарихы,  өкінішке орай, әлі күнге дейін толық зерттеліп біткен жоқ. Тұтқындар лагері, ішкі және сыртқы барлау кезіндегі құпия құжаттарды былай қойғанда, Гурьевтің бір кездері «соғыс жағдайында» деп жарияланған облыс болғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді.

«Гурьев – Астрахан» темір жолын салу кезіндегі қиындықтар, эвакогоспитальдар – өз алдына дербес зерттеу нысаны бола алатын үлкен тақырыптар. Осындай тың дүниелерге көлемді зерттеу жүргізген белгілі өлкетанушы, ардагер журналист Өтепберген Әлімгереевтің циклдық материалдарын жариялап отырмыз.

 

Материалдық-техникалық базасы төмен, саяси-рухани белсенділігі қалыптаспаған кеңес халқы үшін Ұлы Отан соғысы өте ауыр соққы болып тиді. Алдыңғы қатарлы интеллигенциясынан айырылып, біраз тұрғыны аштықтың құрбаны болған Қазақстанды тіптен есеңгіретіп тастады. Бірақ, батыстағы алапат соғысқа шығыстағы Қазақстан, ондағы үлкен жүректі халқымыз сенімді тірек бола білді. Соның ішінде Атырау облысы (бұрынғы Гурьев) еңбекшілерінің үлестері де айтарлықтай еді.

Неміс фашист командованиесі Кеңес Одағын аз уақытта басып алу жөніндегі алдын-ала жоспарына («Барбаросcа» жоспары) сай алғашқы күннен әбжіл қимылдап, батыстан бастаған жойқын шабуылды күншығысқа қарай тез өрістетіп, көзді ашып-жұмғанша «Отанымыздың жүрегі» – Мәскеуге жетіп келді. Ал, күнгей беттегі қарбалас – Еділге ентелеп, ат басын 7 қарашада Орал тауынан бір ірку екенін екінің бірі жақсы түсінді. Мұндағы ой – әуелден байлықты аңсап, байтақты басып алу ниетіндегі Гитлер ендігі жерде 20-25 қыркүйекте Астрахан қаласын, 15 қазанда Гурьевті басып алу, сөйтіп қазыналы екі өзен аралығында жаңа Еділ-Жайық мемлекетін құру арманында еді.

Мұны жау жағының жанталаса қимылдауынан аңдаған КСРО Қорғаныс Комитеті 1942 жылдың 23 тамызында арнайы жасырын Қаулысымен Каспий теңізінің терістік бетін «соғыс жағдайында» деп жариялады. Осыған орай сол кездегі Гурьев облыстық партия комитеті жоғарғы басшылықтың пәрменіне сай 1 қыркүйектен бастап облыста Қорғаныс Комитетін құру жөнінде шешім шығарып, оған облыстық партия комитетінің хатшысы Бекжановты комитет төрағасы, еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ерғалиев, НКВД облыстық басқармасының бастығы Гончаров және облыстық әскери комиссар, Гурьев қалалық гарнизон бастығы Головтарды мүше етіп бекітті.

Облыстық партия комитетінің шешіміне сай өңірдегі балық өнеркәсібіне деген әскери, мемлекеттік бақылау күрт өсті. Өзеннен балық аулау, рұқсат етілмеген айдындарды, балық зауыттары мен қосалқы мекемелерді бақылау күшейтілді. Облыстық басшылықтың бұл шешімін Қазақстанның Орталық Комитеті 3 қыркүйектегі қаулысымен бекітіп, жаңадан құрылған Қорғаныс Комитетіне бұдан былай облыстағы барлық орган, буындар бір қолға бағындырылды. Бірыңғай әскери тәртіп орнықты, әр іс жоспарлы және пәрменді жүргізілді. Барлық жерде бақылау, қырағылық күшейтілді. Өңірдегі ірі өндірістік елді мекендер мен Гурьев қаласында түнгі мезгілде (23-05 сағаттар аралығында) көше шамдары сөндіріліп, үй терезелерін көлегейлеп, тұмшалау тапсырылды. Өйткені, Сталинград қаласына таяп келген жау ұшақтары 31 тамызда екі сағатқа жуық уақыт бойы Астрахан қаласы мен оның маңындағы елді мекендерді бомбалап, теңізде жүрген балықшыларға оқ атты, бомба тастады. Қанатын кеңге жайып,  мұнайлы қала деп Гурьевке де жетіп, оның жермай жиналған орындарын (Ширина) зақымдау ниетінде бомбалар тастау, арандату, теріс пиғылдағы бетшелер таратуды да ұмытпады.

Сол жылы Сталинград, Астрахан (ол кезде Астрахан Сталинград облысына қарайды), Гурьев, Орал облыстары аумағына 250-дей арнайы дайындалған диверсиялық топ және жау жағына берілген, ниеттес, тілектес жансыздар ұсталды. Cондай-ақ, соғыстан қашқандардың кейбірі Гурьев облысының Теңіз ауданында да бой көрсетті. Оны Котяев селосының көнекөздері әлі күнге жырдай ғып айтып отырады. Теңіз, Новобогат, Жылыой аудандары аумақтарына 1943-1944 жылдары да диверсиялық десанттар қайта-қайта түсіріліп, олар көп кешікпей залалсыздандырылды.

Новобогат ауданына түскен топтардың бірі жайлы қазірде Атырау қаласында тұратын еңбек ардагері Әліп Кенжеғұлов  әңгімелейді.

«Менің Забурын құмында тұратын немере ағам Ғарифолла Мұхитов 1943 жылы 17-ге толды. Шамасы болашақ қызыл әскермен алдын-ала әңгімелесу реті шығар, 24 тамызда оны Новобогат аудандық әскери комиссариат шақырып, соған сай Қамысқалаға барып, ауылына қайтып келе жатса, қазіргі Аққыстау мен Қызыл үй ауылдарының арасында велосипедпен жүрген бейтаныс екі адамды кездестіреді. Ағамның жеті сыныптық білімі бар, бірақ, денесі шағын. Әйтсе де, алыстағы ауылда мынандай шайтан арба тұрмақ, автокөлігіңнің өзі түске кіретін шақта велосипедпен қыдырған қонақтарға сезіктене сәлем береді. Екеуі де қазақ.  – Мынау салынып жатқан теміржол құрылысының инженер-мамандары едік. Жанымыздағы жолдасымыз байқаусызда аяғын ауыртып алды. Енді анау тұрған малшының ауылына жеткізейік десек, қиын болып тұр. Сен астыңдағы түйеңмен көмектессеңші. Біз саған көп мөлшерде ақша береміз, – деп өтініш жасайды. «Ақша» дегенде ағам елең ете түседі. Әйтсе де, манағы күдігі одан бетер өседі. Өйткені, қыр қазағында ақшалы, яғни, ақылы қызмет деген жоққа тән. Ендеше, бұлар қайдан келген инженерлер? Ойланып қалады. Бірақ, келіспеуге болмайды. Аяғы сынған адамы тастай шұңқырда жатыр екен. Әлгіні жанындағы әлдебір түйіншек-түйіншек заттары, жаңағы велосипедті екі жігітімен жолдан екі шақырымдай тысқары малшы ауылына жеткізіп салады.

Олар болса, рахметін айтып, «мынау еңбегің» деп қолына әжептәуір ақша ұстатады да: «Сенен өтінеріміз – бізді көрдім деп ешкімге айтпассың, әйтпесе, жоғары білімді инженер аяғын сындырып алыпты деген ұят қой» деп жымиған болады. Ала қырда ақылы қызметті алғаш көрген ағам бейтаныс жандардың соңғы өтінішіне тағы да күдіктенеді. Бірақ, не істеу керек, оны өзі де білмейді. Сонымен ауылына бағыттап жүріп кетеді. Біраздан соң алдынан аттылы адам кезігеді. Сөйтсе, ол аудан орталығынан газет-журнал, хат-хабар тасушы пошташы екен. Бұл оған жаңағы көрген бейтаныс жолаушылар жайлы мәлімдейді. Содан соң осы оқиғаны аудандық милицияға хабарлауды өтінеді.

Хат тасушы ағамнан естіп-білгендерін құқық қорғау орындарына сол қалпында жеткізеді. Олар болса, тез арада мұздай қаруланып, із кеседі. Бірақ, қонақтар алысқа ұзамапты. Шамасы, таң алдында ғана ұшақтан түскен. Қараңғыда бірісі аяғын сындырып алса керек. Жарақатты жолдастарын малшы үйіне тастап, өздері айнала барлау жүргізу үшін «Гурьев – Астрахан» жолына шығады, Қара түбектегі пайдалануға берілгеніне 1,5 жылдай уақыт өткен «Ганюшкин – Гурьев» телефон байланыс желісі монтері құжырасына кезігіп, қызметте отырған жігітті сұрақтың астына алады. Анау білгенінше жауап береді. Бірақ, бейтаныс жігіттер оған қанағаттанбайды, тіпті күш көрсетіп, қинамақ та болады. Міне, осы кезде ізшілер де келіп үлгереді. Кейін Ғарифолла ағама құқық қорғау, қауіпсіздік орындарының қызметкерлері ел қорғаудағы қырағылығы үшін ризашылық сезімдерін білдіріп, ақшалай сыйлықпен марапаттады» дейді Әліп ақсақал…

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, өлкетанушы, ардагер журналист.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз