СОҒЫС ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ГУРЬЕВ

2. Эвакогоспитальдар  және  тылдағы  майдан

Батыстағы сұрапыл соғыс дүмпуімен бірге майдан даласына ең жақын аймақ ретінде Атырауға да алғашқы ауыр жаралылар – өздігінен жүре алмайтын жауынгерлер жеткізіле бастады. Олар Одақтық Комитеттің 1941 жылдың 20 шілдесіндегі «Эвакуациялық госпитальдарды жасақтау мен материалдық қамтылуы туралы» қаулысына сай ашылған эвакуациялық госпитальдарға орналастырылды.

Осыған орай 1941 жылдың өзінде Қазақстанда 72 эвакуациялық госпиталь ашылып, онда 32 100 жаралы емдеу көмегін алды. Ондай емдеу орындарының саны Гурьев қаласында да аз болмаған сыңайлы. Тарих ғылымдарының докторы Х.Табылдиевтың зерттеуінше, олар Гурьевте оннан асады. Атап айтқанда, «Гурьев қалалық Пионерлер, Мұнайшылар демалыс үйлерінде, Куйбышев атындағы және №44 орта мектептерде, балық, мұнай техникумдары мен Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресінің үйлерінде нөмірленіп орналасқан» деген мәлімет келтіреді. Мұндай эвакогоспиталь 1942 жылдың қаңтарында Доссор кентінде де ашылып, алғашқы ауыр жаралы 100 жауынгерді қабылдаған көрінеді.

Бір ерекшелігі, соғыс жылдарында кеңес халқы үшін елдегі қандай мәселе де жай іс деп танылған жоқ, тірлік үшін қажеттіліктің бәрі де өмірлік, аса мәнді деп есептелінді. Ал, атыраулықтар үшін майдан даласына мұнай мен балық өнімдерін жөнелту бірінші кезекті тапсырма болса, жылы киім, қосымша азық-түлікпен қамту да қаперден шыққан жоқ. Соғыстың алғашқы екі жылында облыс бойынша майдан ерлеріне арналып 185 376 байпақ, 13 636 дана бөрік, 8 220 шолақ тон, 60 890 жұп қолғап дайындалды. Сондай-ақ, кейбір көмектер арнаулы күн, мерекелерге орай жекелеген майдан ерлеріне тікелей арналып, жеткізілді. Соның бірі Бақсай селолық кеңесінің 1942 жылдың қазан айының басында Ұлы Октябрь революциясының 25 жылдық құрметіне орай құрамында көптеген қазақстандықтар бар Ленинград қаласын жаудан қорғаушы 86-атқыштар дивизиясына сый ретінде ұсынылған көмектер.

Осындай арнаулы тыл көмегін облыстан құралған арнайы делегация (жетекшісі балық консерві комбинатының атақты уылдырықшы Жаңабатыр Сарбөпиев) эшелондармен майданға азық-түлік, жылы киімдер түрінде жеткізді. Құрамында Атырау балықшыларының жоспардан тыс аулаған 140 мың центнер балық өнімдері бар бұл сый КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетіне тапсырылды. Оны Орталық майданның қолбасшысы, армия генералы К.К.Рокоссовский қабылдап алды. Ол туралы нақты дерек:

«1943 жылдың ақпан айының басы. Сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Сабдық Шәріповті Қазақстан КП Орталық Комитеті шақырып алып республикамыздан Сталинград майданына баратын делегацияға басшылық етуді тапсырады. Ол бойынша республика облыстарындағы колхоздар мен МТС мекемелері, кәсіпорындар майдандағы жауынгерлерге арнап 49 вагон сыйлық әзірлеген. Олар таяу күнде Ақтөбе қаласында жинақталады. Аталған сыйды тылдағы ең озат, екпінді еңбек үлгісін көрсетіп жүрген 16 жарыс жеңімпаздары апаруы керек. Ол Сталинградқа Қызыл Армияның 25 жылдығы тойланатын 23 ақпанға дейін жетуі тиіс».

Бәрі де белгіленген уақытта жүзеге асты. Бірақ жаралылар мен әскери техникалар тасыған эшелондар қазақстандық сый пойызын жиі-жиі тоқтатып, екі күнге кешікті.

Түнгі сағат 12 мөлшерінде қала коменданты бастаған бір топ адам келіп, өздерінің Мәскеумен хабарласқанын, онда ВКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Щербаковтың делегацияны Орталық майдандағы К.К.Рокоссовский жауынгерлеріне жіберу жөнінде бұйрық бергенін айтты.

Бұларды генерал Захаров қарсылап, пойыздағы азық-түлік, жылы киімдердің 150 автокөлікке тиеліп, Белград бағытындағы Орталық майдан штабына жеткізілетіндігін айтады.

Онда қазақстандықтарды К.К.Рокоссовскийдің өзі күтіп алып, бұрынғы көне кинотеатрда кездесу өткізеді.

– Қазақстан, – деп бастайды өз сөзін қолбасшы, – біздің ортақ жеңісіміз үшін қолдан келген көмегінің бәрін істеуде. Біз бұл республикадан шығатын қорғасынның, көмір мен темірдің, мұнайдың, оның колхоздарында өндірілетін азық-түліктің Отанымыздың қорғаныс қуатын арттыруда қаншалықты зор үлес болып табылатынын жақсы білеміз. Тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ісінен майдандағы жерлестерінің ерлігі асып түспесе кем болып отырған жоқ. Қазақстаннан келіп, шайқасқа кірген әскери бөлімдер қай жерде болмасын өжет қимыл танытуда.

Бұдан әрі ол өз сөзінің дәлелі ретінде басшылық жасаған 16 армия құрамындағы қазақстандық 8, 72, 73-дивизия жауынгерлерінің ерлік істерін келтірді.

Қазақстандықтар осы кездесуде өздері әкелген сыйды салтанатты жағдайда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетіне, яғни армия генералы К.К.Рокоссовскийге тапсырды. Қолбасшы бұл сыйға шынайы ризашылығын білдіре отырып, делегация құрамындағы ең егде тартқан, бірақ денесі тік, қимылы ширақ қарияны ортаға алып, «Сіз қазір нешедесіз?» деп сұрайды.

– Жетпіс бестемін.

– Денсаулығыңыз қалай?

– Ауырып көрген емеспін. Әлі жұмыстан қалғаным жоқ.

– Қайда істейсіз?

– Гурьев балық консерві комбинатында. Сондағы уылдырық жасау цехында жұмысшымын.

– Мен қазір қырық тоғыздамын, – дейді Константин Константинович қасында тұрған қария жауабынан соң. – Кейде жұмыстан шаршап, қажыған кезде қартайған шығармын деп ойлаушы едім. Енді сіздің 75-ке келсеңіз де әлі ширақ, еңбектен қалмаған түріңізді көріп, жігерленіп тұрмын. Осы қимылыңыздан танбаңыз. Денсаулық тілеймін.

Шындығында Жаңабатыр аға сол кезде белгілі еңбек озаты, майталман балықшы болатын. Үкіметтен алған марапаттары да жетерлік. Ол еліміз үшін ең қуанышты күн болған – Жеңіс мерекесін өз көзімен көріп, 1947 жылы 80 жасында дүние салды. Бұл күнде оның ұрпақтары бар, Атырау, Ақтау қалаларында тұрады. 

Деректер мен дәйектер

Бұл кезде тылда нағыз еңбек үлгісін көрсеткендер қатарында ауыл еңбеккерлері де бар. Сол кезде облыстағы барлық 199 колхоздың 133-і мал, егін өсірумен айналысатын. Дала еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында 1941 жылғы Атырау аймағындағы 281 мың бас мал арада төрт жыл өткенде 719 мыңға жетіп, облыс малшылары түлікті аман сақтап, өсіруде республикада көш бастап, бірінші орынға шықты және ол тек бір жыл емес, ұзақ уақыт сақталды.

Соғыс жылдарында тыл жұмысын жандандыруда, соның ішінде ауыл шаруашылығын ақсатпай өрге бастыруда аздаған ер адамдармен бірге әйелдердің де қосқан үлесі мол, немесе бұл салада барлық еңбек еткендердің 80 пайызын сол бір нәзікжандылар ұстаса, мал шаруашылығында 12 мың 118 (1945 ж.) әйел қызмет жасады.

Сайып келгенде, Ұлы Отан соғысы тақырыбы әңгіме болғанда майдан даласы өз алдына, сонымен бірге тылдағы әйелдер еңбегі ерекше аталуы және бағалануы керек. Керек десеңіз, орталық көшелеріміздің біріне оларға арналып, келісті ескерткіш қойса да артық болмас еді.  

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, өлкетанушы, ардагер журналист.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз