ШАҢЫРАҚТЫҢ ОТЫ ӨШПЕДІ

Майдан даласында опат болып, хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында менің де төрт бірдей ағам бар-ды. Ағаларым деп отырғаным нағашы атам Хасанның (өзім де сол кісінің бауырында, нағашы шешем Бәтиманың қолында тәрбиеленіп өстім) Махмұд, Нәжімеден, Ғайнеден, Ғалиден есімді ұлдары еді. Әкем Сапи Меңетайұлы да Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін осы нағашы атамның үйінде, бір шаңырақтың астында тұрған. Сол себепті де әлгінде есімдері аталған азаматтарды мен бірге туған бауырларымнан артық болмаса, кем көрмейтінмін.

Ардақты да асыл ағаларымның үлкені Махмұд 1939 жылы Фин соғысына алынып, сол жақта опат болған. Ал, Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін көп кешікпей майданға аттанған екінші ағам Нәжімеден де 1941 жылдың аяғында жау қолынан қаза тапқан. Оның соңынан ерген Ғайнеден ағама қатысты білетінім, ол кісі де 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, майданға алынған. Қазақстандық сарбаздардан құралған 101-ші ұлттық атқыштар дивизиясының құрамында бірнеше ұрыс-қимылдарына қатысқан. 1943 жылы Мәскеу түбіндегі Орехово-Зуево деревнясы маңындағы барлау жұмыстары кезінде оққа ұшқан. Ғалиден аға да 1943 жылы Украина жерінде, Одесса облысының Семеновка селосы түбіндегі қиян-кескі шайқастардың бірінде көз жұмған. Сүйегі сондағы бауырластар зиратына жерленген.

Өзіме келсем, әлгінде айтқанымдай, кішкентайымнан нағашы атам мен әжемнің тәлім-тәрбиесін көріп, қолдарында жетілдім. Нағашы шешем Бәтиманың сынық салатын,  әрі емшілік қасиеті бар-ды. Бала болсам да ол кісінің айтқандары есімде қалыпты.  «Төрт ұлым бірдей соғысқа кетіп, елге қайтып оралмады. Жалғыз алданышым, жұбанышым осы Ғалым ғана», – дегенін өз құлағыммен естігем.

Әңгімемді әрі қарай өрбітсем, өз әкем Сапи Меңетайұлы 1905 жылы туған. Атам Меңетай болса, заманында екі мәрте қажылыққа барған, мешіт тұрғызып, бала оқытқан адам. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін әкем де халықты сауаттандыру ісіне атсалысып, үлесін қосқан. Кейіннен «қажының ұлы» деген сөзге ілігіп, қара жұмысқа ауыстырылған. 1930 жылы Хасанқызы Үлпатпен шаңырақ көтеріп, отбасында бес перзентті (Құлмұхамбет, Марфуға, Ғапу, Ғалым, Қалуа есімді) өмірге келтіреді. 1942 жылы соғысқа алынған әкеміз де майдан даласынан оралмай, опат болған. Сол бір елді аштық, жалаңаштық, қауіпті де жұқпалы сырқат жайлаған қиын-қыстау кезеңде, ел басына күн туған шақта анамыз көрінген балаларын аман-есен өсіру үшін барын салды. Жадымда қалғаны, соғысқа дейін әкем Сапи қайын атасы (менің нағашы атам) Хасанның отбасымен бір шаңырақтың астында тұрған. Өкінішке орай, олардың бәрі де Отанын қорғау жолында жау қолынан қаза тауып, шейіт болды. Өзіммен бірге туған бауырларымнан да бүгіндері көзі тірі ешкім қалмады. Көңілге медет қылатыным, аға-апаларымнан көрінген ұрпақтар бар. Ал, кезінде бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрмыс кешкен екі үйдің орнында солардың көзіндей болып отбасыммен  өзім ғана қалып отырмын.

Ғалым ХАСАНОВ, еңбек ардагері, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз