«ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН ҰЛЫ ЖЕҢІС»

Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, ержүрек батырларымыздың еңбегін бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес. Бұл ретте Атырау қаласындағы №21  «Алтын кілт» балабақшасы тәрбиешілерінің маңызды оқиғаны кішкентай бүлдіршін санасына сіңіру мақсатында педагогикалық ринг әдісін қолданғанын айта кеткен жөн.

 

Қан майданның басталу кезеңінен дайындалған көріністе тәрбиешілер көрермендерді бір сәт сол сұрапыл соғыстың ортасында жүргендей әсерге бөледі. Сонан соң бір минут үнсіздікпен боздақтарды еске алып, педагогикалық рингке кезек берілді. Шараны ұйымдастырушы әдіскер Лиана Қадырбаеваның айтуынша, ринг түріндегі сайыс педагогтардың іскерлік деңгейін және кәсіби шеберліктерін арттыруға оң әсерін тигізбек. Оның алғашқы теориялық бөлімінде тәрбиешілер  «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» тақырыбында баяндамалар оқылса, практикалық бөлімде топқа бөлінген педагогтар тақырыпқа сай өлең жолдарынан көрініс  дайындады. Әсіресе, тәрбиеші Д. Машырыкованың «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда Ұлы Жеңістің алатын орны» тақырыбындағы баяндамасын жұртшылық ұйып тыңдады. 

«Тұлға тану» кезеңінде сайыскерлер ұяшық артына жасырылған  Ұлы Отан соғысы батырлары, ұшқыштар, ғалымдар портреттерін танып, сол туралы толығырақ әңгімелеп берді.  «Ғылыми ізденіс» раундында қатысушылар бұған дейін жүздесіп қайтқан Ұлы Отан соғысы ардагерлері жайында дайындалған бейнекөрсетілімдерін ұсынды. Қызу тартыста қызыл, көк, сары бұрыш топтарының ішінен елу сегіз ұпаймен қызыл бұрыш тобы жеңімпаз деп танылды. Шараға қатысқан барлық  дерлік тәрбиешілер назардан тыс қалмай, алғыс хаттармен марапатталды. Балабақша директоры Ғалия Базарғалиева жас тәрбиешілерге ізгі тілектерін арнап, мерекеге орай жылы лебізін білдірді. 

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз