РЕЙХСТАГҚА ТУ ТІККЕН РАҚЫМЖАН

Соғыстың  1409-шы  күні

1945 жылдың 30 сәуірі.

150-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік іс журналына сәйкес Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30 сәуір күні сағат 15.00 шамасында жеңіс туын тікті.

 

Жасаған ерлігі үшін лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды, бірақ Қызыл ту ордені берілді. 

Рақымжан Қошқарбаев  (1924-1988 ж.ж.) Ақмола облысының Астанаға жақын Тайтөбе селосы маңындағы қыстақта дүниеге келді. 1942 жылы әскер қатарына 18 жасында алынды. 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітіреді. 1944 жылдың қазанынан бастап 1-Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті.

1947-67 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор,1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. «Қызыл ту», 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды.

2005 жылы Рақымжан Қошқарбайұлы туралы «Шабуыл» атты деректі фильм түсірілді. Ал, өткен жылы ресейдің «Россия 24» ресми арнасы Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігін мойындады. Ол 1988 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. 1999 жылы Президент Жарлығына сәйкес Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 

Дайындаған Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз