ОТАН ҮШІН ЖАН ҚИҒАН БОЗДАҚТАР

Ұлы Отан соғысында да фашизмге қарсы қазақстандықтар асқан батырлық танытқандығы барлығымызға мәлім. Отанды неміс-фашист басқыншыларынан қорғауға ойланбастан ағайынды Алмас пен Жолдас Құрманғалиевтар да аттанды. Ағайынды Алмас пен Жолдас қасиетті Отанды батырлық пен жанқиярлықпен қорғап, келер ұрпақтың тыныштығы үшін соғысты. Құрманғалиев Алмас 1943 жылдың суық ақпанында соғыс алаңында ерлікпен қаза тапса, Құрманғалиев Жолдас Ленинград облысы, Полавский ауданы, Ивашево селосы үшін шайқаста 1942 жылы 10 желтоқсанда ерлікпен оққа ұшты.

 

Алмастың ұлы Әуесхан, қазіргі таңда өзі немере сүйіп отырған ақсақал, 5 жасар бала кезінде әкесін соғысқа шығарып салғаны, сол кезде әкесінің қолына алып: «балам, Отаныңды әрқашан қорғай біл» деген сөздері де есінде. Әкесінің бұл соңғы сөзі Әуесханның жүрегінде Отанға, туған жерге деген мәңгілік махаббатты оятты.

Сол қанды соғысқа қатысушылардың және келер ұрпақтың алдындағы біздің міндетіміз – сол кездегі біздің майдангерлеріміздің жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпау. Ағайынды Құрманғалиев Алмас пен Жолдастың майдандағы ерлігі туралы Ресей Федерациясы мұрағаттарындағы құжаттарында сақталған. Мәскеу қаласының әскери комиссары В.Щепилов 2015 жылдың 17  наурызында Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының атына ерлердің есімін ұлықтау туралы хат жолдапты.

Өзінің батыр атасыАлмас Құрманғалиевті оның немересі – қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасы бастығының міндеттерін абыроймен атқарып жүрген аға әділет кеңесшісі Жұмагелді Әуесханұлы Құрманғалиев те мақтанышпен еске ала алады.

Г. РАХМЕТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз