ӨМІР ЖОЛЫ – ӨНЕГЕ

Қойшығали Дос-қалиев 18 жасқа толысымен әскери комиссариаттың есігін тоздырып, өз еркімен майданға аттанады. Алдымен, ол Уфа қаласында автоматшылар дайындайтын қысқа мерзімді курсқа жіберіледі. Курс басшылары айтқанды бірден ұғып алатын тәртіпті жас жігітті бөлімше командирлігіне бекітеді. Сөйтіп, жас жігіт тек өз өмірі ғана емес, өзіне бағынышты барша сарбаздардың өміріне жауапты болып белгіленеді.

 

Соғыс Венгрия аумағында жүріп жатқан бір ретте, немістердің бір топ десантына Қойшығалидың бөлімшесі қарсы келеді. Олар фашистерді қоршап алып, көпшілігін өлтіріп, қол көтергендерін тұтқынға алып, штабқа жөнелтеді. Артынан білсе, десантшылардың саны Қойшығалидың бөлімшесіндегілерден үш есе көп екен. Қолға түскендерден өте қажетті әскери тактикалық материалдар алынады да, Қойшығали бірінші рет үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

Кейін, ол екінші Украин майданының құрамында Украина мен Польшаны азат етіп, Карпат тауларының маңында соғысқа қатысады.

Екі рет жарақат алып, майданнан мүгедек болып оралған Қ.Досқалиев қара жұмысқа жарамайтын болғандықтан, бухгалтерлік курс бітіреді. Сталин атындағы, Заурал колхоздарында, 30 жыл бойы Теңдік совхозында еңбек етті. Өзінің біліктілігі мен жұмысына деген жауапкершілігімен ерекшеленді. Бұл күнде ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырған Қойшығали аға 90 жасқа толып отыр.

* * *

Майданнан туған жерге аман-есен оралған, ел еңсесін тіктеуге атсалысқан ардақты ардагерлеріміздің  бірі – бұл күнде торқалы  тоқсанға келіп отырған Ізімғали Жұмағалиев. Оның әскери өмірі 1944 жылы жаяу әскерлер құрамында  басталған.

Жаяу әскерден кейін миномет батальонына жіберіліп, Одер өзенінен өтуді ұйымдастырады. Осы кезеңдегі Ізімғалидің тапқырлығы кейін әскери бөлімдерге сабақ, тәжірибе ретінде енгізіледі. Жаяу әскер сапында әбден шынығып, миномет батареясында да үлкен тәжірибе алған Ізімғали, енді атақты «Катюшаны» игереді. Кейде олардың алдына тіпті «Катюша» снарядтарының да әлі келмейтін қамалдар қойылады. Міне, осы ұрыстарда Ізімғалидің тапқырлығы екінші рет  замандастарына үлгі ретінде көрсетіледі.

Соғыс аяқталар жылы кеңес әскерлері Берлинге таяған шақта 20 жастағы Ізімғали өте ауыр жарақат алады. Мойнынан тиіп, омыртқасын зақымдаған оқ жұлынды да жаралайды. Сөйтіп, ұзақ уақыт төсекке таңылып, кейде тіпті өмірден де түңілген кездері болған. Бірақ, жастық жалыны мен өмірге деген құштарлығы ауруды жеңіп, Ізімғали ауылына оралады. Кейін бухгалтерлік мектепті бітіріп, өз мамандығымен жұмыс жасайды. Қазір өзінің әскери өмірін, кеңес әскерлерінің ерліктерін жас ұрпаққа айтып, оларға патриоттық тәрбие берумен белсене айналысып келеді.

Әліпқали БЕКЕШ,

Атырау қалалық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз