«ӨМІР ЖЕЛІСІ» ҚЫЗЫЛҚОҒАҒА КЕЛДІ

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ардагерлер ұйымы» республикалық  бірлестігінің Орталық кеңесі «Самұрық-Қазына» ұлттық қорымен бірлесіп ұйымдастырып отырған «Жеңіс» акциясы аясында «Өмір желісі» қоғамдық қорының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне аса қажетті жағдайда көмек көрсететін ұялы телефондарды сыйға тарту шарасы Сағыз селосында өткізілді.

Қазір аудан көлемінде Ұлы Отан соғысының төрт ардагері ғана тұрады. Осы мақсатта  Қызылқоға өңіріне келген облыстық Жастар ресурстық орталығынан құрылған Атырау волонтерлар корпусының мүшесі Ғалия Лұқпанова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылқоға аудандық филиалының төрағасы Мақсот Карин және Сағыз селолық округі әкімі аппаратының бас маманы Асылбек Жылқыбекұлы Сағыз селосында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Аралбай Жүсіпов, Құрал Сәрсенбаев және Кетебай Шоқпаров аталармен кездесіп, ұялы телефондарды сыйға тарту етті. Ардагерлер ендігі уақытта денсаулығы сыр бергенде немесе тосын жайға тап болса кез келген жерде қолдарындағы арнайы «дабыл» түймесі бар ұялы телефон арқылы жедел маман көмегіне жүгініп, жақын туыстарын да шақырта алады.

Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану селосында тұратын, бұл күнде 100 жасқа келіп қалған Ұлы Отан соғысының ардагері Қалихан Мұхтаров атаға да телефон тарту етілді.      Сондай-ақ, қазақ халқының салт-дәстүрімен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне облыс орталығы – Атырау қаласындағы «Технодом» тұрмыстық техникаларын сататын мекемесінің ұйымдастыруымен  Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, құны 25,0 мың теңге тұратын купон табысталды. Ардагерлерге кез келген уақытта «Технодом» дүкендерінен өздерінің күнделікті қажетіне керек заттарды тегін алуларына мүмкіндіктер жасалды.

 

                          ***          

Миялы селосындағы «Белгісіз солдат» ескерткішінде   Қызылқоға аймағы бойынша  Ұлы Отан соғысынан оралмаған 1477 боздақтың  есімдері жазылған гранит тақта орнатылды.  Ұлы Отан соғысына ауданымыздан 4512 адам қатынасқан. 910 жауынгерден қаралы қағаз келген. 2128  жауынгер майдан даласынан елге аман оралған.  Олар кейіннен бейбіт өмірге араласып, еңбек еткен, сөйтіп, бейнетінің зейнетін көріп, кейіннен өмірден озған ардагерлерге арналып ескерткіш кітап жарыққа шығарылды. Майдангерлерге арналып ескерткіш тақта ашылды.

 

М.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ.

 Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз