ОЛАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Бүгінгі ұрпақ жүрегі «Отаным» деп соққан жауынгерлердің сол соғыстағы ерліктерін еш ұмытпақ емес. Өйткені, ерлік – ұрпаққа үлгі, елдікке мұра. Редакцияға толассыз түсіп жатқан хаттар да осы сөзімізді айғақтай түседі. 

«Мұнайлы Мақат ауданынан алғашқы кезеңнің өзінде 1500-дей адам майданға аттанды. Солардың бірі – менің атам Құбай Нұрғалиев болатын» деп жазады редакцияға жолдаған хатында Мақат мұнай-газ технологиялық колледжінің  ІІ курс  студенті Қуаныш Құбаев. «1942 жылдың қараша айында атам небары 19 жасында майданға аттанды. Ресейдің Чкалов облысы маңындағы Троицк қаласында оқу-жаттығудан өткен атамды қатардағы жаяу әскер полкіне жібереді. Осылай басталған майдан жорығы атамды Польша жеріне дейін алып келеді деп жазады оқырманымыз Қуаныш Құбаев «Ендігі жерде жас буынмайдангерлер мирас еткен қаһармандық рухты жоғалтпауы керек» деген ой түйеді.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қадыржан Қазымбекұлы адам төзгісіз жағдайда салынған «Гурьев-Астрахан» темір жол құрылысына қатысқан еңбеккер, Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылының тұрғыны  Әсила Байқуатқызы туралы сыр шертіп, кейіпкердің естелігімен бөліседі.

«…1942 жылдың күзінде біз секілді жастарды «Гурьев-Астрахан» темір жолын салу жұмысына жіберді. Біз осы жолдың Қаратүбекке дейінгі бөлегін төсеуге тиіс болдық» деп еске алады Әсила әжей. Кәдімгі майданмен пара-пар келетін жойқын жұмыстың бел ортасында жүрген Әсила 1943 жылдың қысы мен көктемін осы жолдың қара жұмысымен өткізеді.

Атырау қаласына қарасты Талқайраң ауылының тұрғыны Айгүл Мұханова соғыс ардагері Дүсіп Мұханов туралы сыр шертеді. «1942 жылы әкем 18 жасқа толған еді. Сол уақытта Бақсай ауданының әскери комиссариаты әкемді армия қатарына алады. Осы жылы әскери училищені бітірген әкем 1273-ші атқыштар полкі, 387-атқыштар дивизиясының гвардия лейтенанты шенін алып, үшінші Украин, Қырым майдандарына қатысады. Севастополь түбінде болған қанды шайқаста қарсы келген неміс солдаттары мен офицерлерінің көзін жойып, Қара теңіз жауынгерлеріне өткел ашып береді деп жазады ол.

Келесі хатта артында ізгі ізі қалған майдангер-ұстаз Бержан Қанатбаев туралы баяндалады. «Ел басына күн туған шақта ол неміс басқыншыларына тойтарыс берген ұрыстардың бел ортасында жүрді. Қызыл Армияның атқыштар батальонында мерген болған Бержан Қанатбаев жан алып, жан беріскен  ұрыстардың бірінде денесінің бірнеше жерінен ауыр жарақат алады. Ұзақ мезгіл әскери госпитальда емделіп, екінші топтағы мүгедек болуына байланысты әскерден біржола босап, елге қайтты» деп жазған Құрмет орденінің иегері, Мақат ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Қанатбаев кейіпкердің елде жүріп, ұстаздық жұмысын қайта жалғастырғанына тоқталады. Көзі тірісінде бірнеше медальдармен марапатталған ардагер-ұстаздың есімі Доссордағы  орта мектепке, сол ауылда және бір көшенің аты берілгенін мақтанышпен жеткізеді.

Еңбек ардагері Махамбет Отаров 102 жастағы майдангер Ошан Олжабаев туралы сырмен бөлісіпті. «Бастапқыда құрлықтағы армия қатарында болған Ошан Олжабаев соғыс қызған шақта құпия нұсқаумен Қиыр Шығыста құрылған арнайы  флотилияға  жіберіледі. Осындай қиын-қыстау заманда стратегиялық нысанды жау әскерінен аман сақтап қалуға үлес қосқан  Ошан Олжабаев 1950 жылы ғана елге оралды» деп, соғыс ардагерінің өмірінен біраз деректерді келтірген автор майдангердің бірнеше орден, медальдармен марапатталғанын жазыпты.

Иә, Жеңіс мәңгі өлмейтін тақырып. Себебі, онда миллиондардың қаны,  осынша аналар мен балалардың, қыз-келіншектердің мұңы, наласы, көз жасы бар…

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз