«ОЛ КҮНДЕР ЖАДЫЛАРДА ЖАҢҒЫРЫП ҚАЛА БЕРМЕК…»

Қан майданға қатынасып, елін-жерін жаудан қорғаған жауынгер атамыз Смадиярұлы Болыс: «Балаларым, ол алапат күнді ешкімнің басына бермесін, енді тек бейбітшілік заман болғай. Соғыс небір боздақты қыршынынан қиып, аяулы аналардың қара шаштарына ақ түсіріп, көңілдеріне өшпестей дақ салды емес пе...» деп өзегін өкініш кернеп, кейінгі ұрпағына әңгімесін айтып отыратынды...

…1941 жылдың желтоқсаны. Қақаған қыс. Төрт күннен бері тынбай соғып тұрған қарлы боранның басылар түрі жоқ. Сол жылы қыс өте қатты болды. Бүкшең қаққан кемпір-шалдардың «апыр-ай, бұл қыстың соңы не болар екен, жығылғанға жұдырық деген, жұт болмаса игі еді» деген қорқынышы шындыққа айналып келе жатқандай. Осындай бір қиын шақта ер-азаматтары майданға кетіп, жүдеп қалған шағын ауылдың тұрғыны Смадиярұлы Болысқа да майданға шақырту қағазы келді. Туған ел, жер-суымен іштей қоштасқан ол оң сапар тілеген тума-туыстың ақ батасын алып, алыс сапарға аттанды.

Көп ұлттан құралған солдаттардың бір тобы Дон өзенінің бойындағы Калинка селосында төрт ай оқып-жаттығып, соғыс техникасын үйренген соң, 1942 жылдың мамыр айынан қыркүйекке дейін Украина астанасы Киевте әскери дайындықта болады. Осы жерде аға сержант атағын алған соң ешқандай сауаты жоқ әр ұлттан құралған бір взводтың жауынгерлеріне әскери дайындық дәрістерін үйретуші командир болады да, 1944 жылдың қазанында ұрысқа кіріседі. Б.Смадиярұлы шағын ауыл-селоларды неміс басқыншыларынан азат етіп, талай қантөгіс ұрыстарды бастан кешеді. Майдан даласында жүріп, қандыкөйлек жолдастарынан қапыда айырылып қалып, сан соқса, тағы бірде азат етілген ауыл адамдарының ақ батасы жауынгерлер рухын жанып, жігерлендіре түседі. Осындай бір ұрыста оң жақ қолына оқ тиіп ауыр жараланып, госпитальда үш ай емделген соң, Дондағы ұрысқа қатысады. Жеңіс күнінің жақындай түсуіне атсалысқан жауынгерлер аталған аймақты тазартып, жүрек пен білекті қатар шыңдап, есею жылдарын бастан кешті. 1945 жылдың сәуір айының соңында екі рет жауырынынан қатты жарақат алған Болыс жауынгер орталық госпитальге жеткізіледі.

Сол бір сұрапыл шақтарды есіне ала отырып, атамыз «1945 жылдың мамыр айының 9-ы күні «соғыс бітті» деген сүйінші хабар келгенде госпитальда жатыр едім» деп еске алатын. Осында бес айдай жатып, емделген соң, жас солдаттарға алты айлық әскери-жаттығу жұмыстарына машықтандыруға жауапты қылып қояды.

Осылайша майданнан тек 1946 жылдың сәуір айында елге оралған Болыс атамыз еңбекке араласады. Өмірлік жары Марусия Суфалдиярқызымен отау құрып, өмірге Зиға, Арон, Злияш, Сара, Меңсұлу, Мереке, Жанаргүл атты ұл-қыздарын әкеліп, тәлім-тәрбие берді. Кезінде ауылдағы алғашқы автокөлік жүргізушілердің бірі атанып, ұзақ жыл бойы Новобогат колхозында көлік жүргізуші болып еңбек етті. Бірнеше медаль-наградалармен марапатталған атамыз зейнеткерлікке шыққан соң, соғыстан алған жарақаты сыр беріп, 1984 жылы өмірден озды.

Бұл күнде мәуелі бәйтеректей тамыры тереңге жайылған атамыздың соңында қалған ұрпақтары бейбіт күн сыйлаған батыр бабалар алдында мәңгі қарыздар екендігін естен шығармай, өмір көшін жалғастыруда.

Жеңісгүл Әліпова,

Х.Ерғалиев ауылы,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз