НАРЫННАН ШЫҚҚАН НАРҚАСҚА

«Даңқ» орденінің екі мәрте иегері Исламғали Исқалиев туралы үзік сыр

Ұлы Отан соғысында от кешкен қаһармандардың бірі – екі мәрте «Даңқ» орденінің және басқа да көптеген жауынгерлік медальдардың иегері Исламғали Исқалиев. Сол кездегі Новобогат ауданының Чапаев ауылында 1923 жылы дүниеге келген ол заманының қиыншылығына байланысты төрт сыныптық білім алғаннан кейін, жастайынан еңбекке араласады.

 

1942 жылдың сәуірінде әскер қатарына алынып, алғашында Чкалов облысының Потск стансасындағы жаяу әскер оқу батальонында сержанттар дайындайтын училищесінде оқиды. Біліктілігі мен еңбексүйгіштігінің арқасында алдыңғы қатарлы курсант ретінде төрт айдан кейін Уфа қаласындағы офицерлер даярлайтын училищеге оқуға жіберіліп, екі айдан кейін алдыңғы шепке, Сталинград майданына  аттандырылады. Үшінші минометшілер ротасының кіші сержанты шенінде Бурслана селосындағы шайқас кезінде жараланып, дала госпиталінде емделгеннен кейін қан майданға оралып, жаумен қайта шайқасады.

Сол кездегі майдандық газетте И.Исқалиевтың ерлігі турасында былай деп жазылған екен: «…3-минометшілер ротасының минометшісі кіші сержант Исқалиев Исламғали минометшілер расчетінің құрамында Сталинград облысының Городищенский ауданының Орловка деревнясы түбіндегі ұрыста минометпен фашистердің бес пулеметінің үнін өшіріп, олардың расчетін және жаудың 50 солдатын жойды…».

Сталинград түбіндегі жеңістен кейін Украина, Молдова, Румыния, Венгрия, Австрия жерлерін жаудан азат ету шайқастарына қатысады. Ұрыс даласында үш рет ауыр жараланса да, қолынан қаруы түспей алғы шепте болады. Соғысты Прага қаласын фашистерден азат ету шайқасына қатысып, аяқтайды.

Нарыннан шыққан нарқасқа жауынгер жігіт Исламғали Исқалиев соғыстан елге кеудесіне бірінші және екінші дәрежелі «Даңқ» ордендерін, бірнеше жауынгерлік медальдарды тағып, аман-есен оралады. Сонымен бірге, жауынгерлік ерліктері үшін Жоғарғы Бас Қолбасшының Алғыс хатымен жеті рет марапатталады. Солдат шинелін шешпестен ішкі істер органдарына қабылданып,  осы салада 30 жыл абыройлы қызмет атқарып, 1975 жылы зейнет демалысына шығады.

Жұбайы Раш екеуі 60 жылдай отасып, төрт ұл тәрбиелеп, көзі тірісінде 13 немере, жеті шөбере сүйеді.

Ұлы Отан соғысының шынайы батыры, ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Исламғали Исқалиев бейбіт өмірде аса қарапайым, еңбекқор адам болғанын сол кездегі тұстастары, туған-туысқандары ерекше ілтипатпен еске алады.

Борис ДӘУЛЕТОВ.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз