МАЙДАНГЕР ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Бержан Қанатбаев 1939 жылы әскер қатарына шақырылды. 1940 жылы Фин соғысына қатысып, атқыш-мергендер батареясында болды. Бейбіт сәт орнап, «енді елге қайтамыз» деген шақта, кенеттен екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ етеді. Осылайша, жауынгер Қанатбаев ел басына күн туған шақта неміс басқыншыларына тойтарыс беру үшін көппен бірге ұрысқа қосылады.

 

Қызыл Армияның атқыштар батальонында қатардағы жауынгер (снайпер) болып, кейін сол батальонды басқарады.

Жау қоластында қалған аймақтарды тазартуға қатысты. Cөйтіп бірнеше күрделі операциялар атқарысты. Ірі шайқастардың бірінде ауыр жараланып, ұзақ мезгіл әскери госпитальда емделген соң екінші топтағы мүгедек болып елге оралды.

Елге келген соң, бейбіт жылдары атқарған қызметіне қайта кірісіп, ұстаздық жолын жалғастырды. 1942 – 1943 жылдары Гурьев қаласында Жамбыл атындағы орта мектепте директор болып еңбек етті. Содан соң Мақат ауданындағы Байшонас елді мекеніндегі мектепте, Доссордағы Абай атындағы орта мектепте басшылық қызметтерде болды.

1961-1988 жылдары В.Г.Белинский атындағы мектепте директор болып еңбек ете жүріп Бержан Қанатбаев аудандағы білім саласына жаңалықтар, жаңа істәжірибелер енгізді. Білім сапасы көтерілді. Ұстаздар қауымы жоғары деңгей биігінен көріне білді. Осылайша саналы ғұмырын елінің бүгіні мен ертеңіне арнаған майдангер ұстаз Бержан Қанатбаев 1978 жылы зейнеткерлік демалысына шықты. Бірақ, соғыстан алған жарақаты сыр беріп, көп ұзамай дүниеден озды.

Соғыс және еңбек ардагері Бержан Қанатбаев әр жылдары «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», «Қызметте үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталды. 1960 жылы «Оқуағарту ісінің үздігі», кейін «Қазақ ССРна еңбегі сіңген мұғалім» атақтары берілді. 1966 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасы табысталды.

Қазақ еліне еңбегі сіңген мұғалім, ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Бержан Қанатбаевты мәңгілік ел есінде қалдыру мақсатында Мақат ауданындағы мектептердің біріне оның есімі берілді. Сонымен бірге, Доссор поселкесіндегі бір көше де майдангер ұстаздың есімімен аталады.

Артында ізгі ізі қалған Бержан Қанатбаевтың мыңдаған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпіртүкпірінде абыройлы қызмет етіп жүр. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері де, жоғары лауазымды тұлғалар да бар.

Жеңіс ҚАНАТБАЕВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

Мақат ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз