МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШЫМ МЕНІҢ!..

Ұлы Отан соғысының қатпарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына көзіміз анық жетеді. Оған дәлел жазушы  Илья Эренбургтың «Қазақтар» атты мақаласында (1942ж, «Отанды қорғау» газеті) мынандай жолдар бар: «Тұтқынға түскен бір фриц айтып еді «Оларды ешқандай оқ тоқтата алмайтынын білдік, себебі олар бізге тура жүгірді. Бұл қазақтар деп маған кейін айтты. Мен бұрын мұндай халықтың бар екенін білген жоқпын», – депті.

Ел басына күн туған сын сағатта қазақстандық жауынгерлер сапында біздің атыраулық жерлестеріміздің де ерен ерлік үлгісін танытқанына тарих куә. Майданға облыстан 42508, Гурьев қаласынан 11302 жауынгер аттанып,олардан халық мақтанышына айналған 9 Кеңес одағының Батыры,  4 «Даңқ» орденінің толық иегері шықты.

Ал солардың сапында ХХ ғасырдағы зұлмат, қанқұйлы оқиға ІІ дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысының қанды қырғынын көзбен көрген нағашы атам – Қожахметов Жұмағали Аманғалиұлы да бар еді.

Атам 1942 жылы 12 желтоқсанда соғысқа аттанып, 1946 жылдың 22 сәуірінде оралған. Соғысқа аттанғанда атам 17 жастан небарі 4  ай ғана асқан  екен. Бүгінде жасы 70-тен асқан атамның қарындасы Айжан Аманғалиқызы ағасын соғысқа аттандырған сәтін былайша есіне алады: «Желтоқсанның аязды күні болатын. «Тәтелеп» артынан біразға дейін жүгірдім, «құжатыңды тастап кет, әйтпесе, келмей қаласың» деп еңіреп жыладым»-, дейді дәл  бүгінгідей еске алып. Соғыс өрті ерте есейткен қайран ерлер, қанды майданда өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, адамзатты фашизмнің қанды тырнағынан аман алып қалды. Мен үшін мақтаныш – сондай ардагерлер сапында менің де атамның болғандығы.

Атам Қожахметов Жұмағали Беларус майданының жауынгерлерінің сапында 1418 күн мен түнге созылған ғаламат шайқаста сонау Шығыс  Пруссия жеріне дейін жетіп, 1945 жылдың сәуіріндегі соғыс операциясына қатысып, Шығыс Пруссия астанасы Кенигсбергті (1946 жылдың 4 шілдесінен бастап Калининград қаласы) алу шайқасына өз үлесін қосты.

Бүгінде көкірегі шежіреге толы атамыздың қарындасының естеліктеріне тағы да бір мәрте  жүгінсек, соғыстың сұмдық, сорақы сәттерін көз алдымызға елестете аламыз. «Тәтем айтатын» деп басталатын әңгімелерінің бірінде жаулап алынған беларус елді мекендеріндегі немістердің жасөспірім қыздарды көңіл көтеру мақсатында зорлықпен биге тартып, «темір табан» етіктерімен жалаң аяқ байғұстарды қан жоса қылып таптағандары, үйілген өліктерден  қорған жасап шайқасқан сәттері, өздері қашып бара жатып (немістер) соңынан адам етінен дайындаған «ас» қалдырып кеткен сұмдық іздері ешуақытта естен кетпейді», – деп еске алатын дейді.

Соғыс салған жара – үзілген қызғалдақ ғұмырлар, табанға тапталған ар мен намыс, орындалмаған армандар! Ал, менің атам жеңімпаз елдің майдангер, жеңісті жақындатқан кеңес жауынгері екендігін ешуақытта ұрпағына жасаған адал да, абыройлы қызметін міндетсіп, не болмаса мақтанышпен айту, соғысты еске түсіру жағына келгенде «сараңдау» еді. Әлде менің бала көңіліме қаяу түсірмейін дейді ме, соғыс азабынан гөрі есінде қалған «қызықты» бір оқиғаларын баяндап беріп отыратын еді. 

Ес біліп, етек жимаған 17-18 жастағы балаң жігіт мылтықтан қолдары босаған «тынығу сәттерінің» бірінде орманды кезген  аюдың адасқан қонжығын тауып алып, балаша мәз болысқан сәттерін  ғана еске алып, айтып беретін. Немесе жеңімпаз Армия солдатының елге оралып келе жатқан сәтінің өзі де есте қаларлықтай оқиға: «Әскери тәртіпке бағынбай» гимнастеркасының үстіңгі ілгегі ағытулы, бас киімін шешіп, қолға ұстаған, арқаға таңылуы тиіс «вещмешок» қолда, Мәскеу  темір жол вокзалында қуанышы қойнына сыймаған бір қазақ солдаты келе жатады. Вокзал іші ығы-жығы халық. Сеңдей соғылысқан сан түрлі ұлт өкілдері. Солардың арасынан танысын не туысын көріп қалардай елеңдеп, бойын қуаныш пен шаттық кернеген әлгі солдаттың қарға адым аттағаны сол-ақ еді, әскери киімді күзетшілер тоқтатты. Ұзақ-сонар тексерістен кейін солдат 2 күн қамауға алынады. «Әрине, соғыстың қиыншылығымен салыстырғанда бұл жағдай түкке тұрмайтын, есесіне бір тынығып алдым», – дейтін атамыз рахаттана бір күліп.

Мыңдаған жеңімпаздардың қатарында атамыздың жеңіс күнін қалай қарсы алғанын есте қалатындай мына бір оқиғамен байланыстыратын. Кезекті бір шайқастардан кейін жертөледе  сәл мызғып кеткен ол үсті-үстіне атылған мылтық дауысы мен жауынгерлердің айқай-шуынан шошына оянады. Тысқа шықса, бас киімдерін аспанға атып, оқ жаудырып, бір-бірін құшақтай уралаған қаруластарын көріп, істің мән-жайын бірден түсінеді. Бұл – Жеңіс күні еді! Миллиондаған адамдардың қанымен келген Жеңіс еді бұл! «Сөйтіп, қызық болғанда аталарың жеңісті ұйықтап қалып, сәл кештеу қарсы алған» деп еске алатын.

Атамның соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерліктері мадақтауларсыз, ескерусіз қалмады. Жеңістің 55 жылдық  құрметіне «1941-1945ж.ж соғыс ардагері» белгісі, «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі » ордені, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалі, «Еңбек ардагері» медалі және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

1946 жылдың 22 сәуірінде жеңіспен елге оралған атамызды өмірдің тағы бір қатал сыны күтіп тұр еді. Дәл сол күні ел-жұрттың жиылып, осыдан бір апта бұрын бақилық болған әкесінің жеті күндік қадесін өткізіп жатқан қаралы жиынға тап келеді. Осы кездегі ішкі тебіренісі мен сезімін атам өз қойын дәптеріне түртіп те қойған екен…

Бұл күнде атамның Жеңіс күні қарсаңында қаһарман ардагерлер сапында бола алмайтыны жүрегімізді өртейді. Алайда, кешегі ұлы дала батырларының тіккен туын жықпай, асқақ ұстаған майдангер аға ұрпақ өкілдерін бүгінгі жас ұрпақ әркез қадір тұтып , ардақтайтын боламыз. Сағымға айналған майдангер атам – сағынышым менің!..   

 

Іңкәр Төреғалиева, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз