ҰЛЫ ЖЕҢІСТІ ҰЛЫҚТАЙ БЕРЕМІЗ!

Ұлы Жеңісті ұлықтайтын шаралар әлі де көптеп өтуде. Оның жас ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік сезімге тәрбиелейтіні баршаға аян. Сол мақсатта қалалық білім бөлімі Ұлы Отан соғысының ардагері Захарова Раиса Васильевнаның 90 жасын құттықтау рәсімін өткізді.

Cонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Александр Афанасьевтің ерлігі мен өмірін насихаттау мақсатында сынып сағаттары, тәрбиелік шаралар өткізілді. Соғыс жылдарынан театрландырылған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты қойылымдар Н.Крупская атындағы №18 орта мектеп базасында қойылды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ақпан айында Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың өмірі мен ерлігін насихаттау мақсатында «Ерлікке тағзым!» тақырыбымен хор байқауы болды. Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне көмек көрсетуді «Жас қолғанат» еріктілер тобы жыл бойы шаралар ұйымдастыра бермек.

Білім беру ұйымдарындағы «Ұлы Жеңіс – елге мұра, ұрпаққа ұран» танымдық-тағылымдық шаралары, «Ерлік даңқы: Тарих. Тағылым. Тағзым» қалалық ғылыми тәжірибелік конференциясының тәрбиелік маңызы зор болды. Бұларда мұғалімдердің баяндамалары талқыланып, жинақтың тұсаукесері жасалды.

Әрине, біз тек жасалған шараның кейбіреуін ғана атап өттік. Ұлы Жеңіске арналған шаралар жыл бойына жалғасады.

Жұмазия ЖОЛМҰҚАНОВА, Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз