ҚАРТТАРДЫҢ ҚУАНҒАНЫ ҚАНДАЙ БАҚЫТ!

Ұлы Жеңіске – 70 Жыл

Жалпы, КҚК-Қ компаниясы еліміздің мұнай-газ саласындағы іргелі құрылым болып табылады. Мекеменің Қазақстан Республикасы үкіметімен байланыс бойынша өкілі Асқар Шманов инвесторлардың қарттарды қамқорлықсыз қалдырмайтынын жеткізді.

– Жеңіс күні – жай ұрандап қана емес, өмір бойы ұлығылап өтетін бірден-бір мереке. Өйткені, бұл – ата-бабамыздың аңсаған арманы орындалып, Жер-ана құшағы мәңгілік тыныштыққа бөленген күн. Дәл осындай атаулы мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері компания назарынан тыс қалмай, алғыс пен құрметке бөленіп келеді. Ал, биылғы мерейтойдың маңызы ерекше. Араға жетпіс жыл салып, бірлік пен бейбітшілікте берекелі тұрмыс кешіп жатқан халық жетпісінші көктемін қарсы алуда. Қарша бораған оқ пен жалын оттың арасынан сүрінбей өтіп, үйлеріне нағыз қаһарман болып оралған ардагерлеріміз бүгінде ортамыздан алыстап барады. Бұл — өмірдің бұлжымас заңы. Десе де, ержүрек ерлер есімі мен ерен еңбек иелері ел жадынан өшпек емес. Бұған бүгінгідей ұйымдастырылып жатқан игі шаралар, үзілмеген дәстүр мен ұрпақ алғысы куә, – деді ол.

Бұл күні ардагерлердің әрқайсысына он мың теңгенің азық-түлік себеті үлестірілді. Сонымен қатар, естелікке Жеңіс символикасы бейнеленген жар сағаты сыйға тартылды. Айта кету керек, 6 мамыр күні Құлсары қаласында қайта жаңғыртудан өткен Жеңіс аллеясының алыстан көз тартар келбетке енуіне КҚК-Қ компаниясы 25 миллион теңге қаржы жұмсаған. Ізгі істердің бастамашысы бола білген мекеменің алдағы уақытта да атқарар қыруар жұмысы, кестеге сай жоспары бар.

Қорғаныс істері жөніндегі облыстық департамент басшысы, полковник Руслан Ниеталиевтің сөзінше, жыл басынан бері «КҚК-Қ» акционерлік қоғамымен бірлесіп Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойына орай бірқатар шаралар легі ұйымдастырылып келеді. Соның бір көрінісі – күннен-күнге қатары сиреп бара жатқан ардагерлердің бір дастарханда бас қосып, емен-жарқын әңгімелесуіне жағдай туғызу. Кейінгі ұрпаққа ерлік істерімен үлгі бола білген ардагер ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыз қандай құрметке де лайық. Мемлекетіміздің өркендеуі мен еліміздің гүлденуін тілеген қариялар алақан жайып, бата берді.

Соғыс және еңбек ардагері Әлібек Түсібәлі бұл бейбіт күннің берекесін сыйлаған ардагерлерге көрсетілген айрықша құрмет пен жүректен туған жылы лебіздің белгісі екенін айтады. Сонау 1942 жылы небәрі он жеті жасында әскерге өз еркімен сұранып кеткен ол сексенінші гвардиялық дивизияда Отан алдындағы қасиетті борышын өтеген. Соғыс басталған соң, екінші Беларусь, үшінші Украин майдандарына қатысады. Үш рет жарақат алып, кейін елге оралады. Ардагер Елордада өткен мерекелік шеруге де қатысып келді.

Жүзі жылы қария бізге көп әңгіменің шетін ашып берді. Айтуынша, адамзат тарихында орын алған екінші дүниежүзілік қырғын халыққа орны толмас қасірет пен көп шығын әкелді. Кеңес жұртын құлдыққа салу, жер жүзіне үстемдік орнатуды көздеген дұшпанның дегені бола қоймады. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін», міне, әрбір кеңес адамы осы ұранмен еңбек етті. Ұлы Отан соғысы тарихында әлі де болса зерттелмеген ақтаңдақтар жеткілікті. Соның бірі, 1942 жылы тамызда жау Сталинград түбіне жеткенде кеңес басшысы Сталиннің бұйрығымен Қазақстанда жалғыз облыс – Атырау соғыс жағдайында деп жарияланды. Гитлер Сталинградты алумен бірге мұнайлы өлкені де көздеп, «Еділ-Жайық» мемлекетін құрмақшы болды. Атыраудан 42505 адам майданға аттанып, оның 13287-сі қайта  оралмады. Облысымыз бойынша тоғыз адам Кеңес Одағының Батыры, төрт адам «Даңқ» орденінің толық иегері, 344-і орден, медальдармен марапатталды. Міне, осы құндылықтарымызды ұмытпай, арамызда жүрген көзкөрген қарттарымызды қадірлей білу — парыз.

Соғыстан мүгедек болып оралса да, көп ұзамай аяғына тік тұрып кеткен майдангер – Анна Захарованың ерік-жігеріне қайран қалмасқа болмайды. Ол құрған «Фронтовичка» хоры жуырда ғана Алматыда өткен республикалық «Халық қаһарманы» сыйлығының лауреаты атанды.

– Биыл – Жеңіске жетпіс, ал маған тоқсан жас толатын ерекше жыл. Майдан даласынан оралған соң, тұрмысқа шығып, бес бала тәрбиелеп, өсірдім. Бүгінде олардан тоғыз немере, он үш шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін. Құрбыларыммен бірігіп, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізетін клуб пен соғыс және еңбек ардагерлерінің хорын құрдым. Осындай салтанатты шара ұйымдастырып, еңбегімізді елеп, үлкендерін қадірлеп жатқан мекеме басшылығына айтар алғысым шексіз, – деді ол қуанышын жасыра алмай.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *