ҚАРАБАУДАН БЕРЛИНГЕ ДЕЙІН…

Міне, Ұлы Отан соғысындағы тарихи Жеңісімізге 70 жыл  толғалы отыр. Әрине, Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оған жарқын болашақ үшін жанын пида еткен миллиондаған жауынгердердің қажырлы еңбегінің арқасында ғана қол жетті. Соғыс тарихында шексіз ерлік көрсетіп, ел намысын қорғауда ерекше көзге түскен ержүрек қазақстандық жауынгерлер көптеп саналады. Сол сұрапыл соғыста басынан аяғына дейін болып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан сарбаздардың бірі –  қызылқоғалық соғыс ардагері, гвардия капитаны Шамиль Өтегенов.

1920 жылы өмірге келген Шамиль сол заман тұсындағы ел басына түскен ауыртпалықты, еңсені езген кедейшілік пен жоқшылықты, алқымнан алған ашаршылықты, қуғын-сүргін сияқты келеңсіздікті бала болса да басынан өткерді. Ол жеті жасқа келгенде әкесі Шүйінішқали қайтыс болады. Қолы шебер тігінші болған анасы Аққауын ел ішіндегі жоқ-жітіктерге киім-кешектерін тігіп беріп, көмек көрсетіп отырған. Соғыс жылдары майданда жүрген әскерлерге де киім-кешектер тіккен. Жалғыз анасына өзі, қарындастары Алма, Алуа, інісі Орынбасар серік болып үй шаруасына араласады, сабақтарынан да қалмайды, ауыр жұмыстарға да жегіледі, әйтеуір бір тыным таппайды.

Оқу жасына жеткен Шамиль Гурьев қаласындағы Орджоникидзе мектебінде оқып, оны жақсы аяқтайды. Қандай қиындық кездессе де жастық жігер, білімге деген ұмтылыс оны ұстаз болу арманына жетелейді. 1936 жылы Гурьев педагогикалық училищесінде оқып, 1939 жылы орыс тілі мамандығын алып шығады. Осылайша алғашқы еңбек жолын Қызылқоға ауданындағы Қаракөл орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. Оқушыларға сапалы білім беру жолында құлшыныспен еңбек етеді.Ұстаздық қызметінде екі ай болмай жатып, қараша айында Тайпақ аудандық әскери комиссариатынан шұғыл шақыру алған Шамиль Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанып кетеді.

Әскерде Солтүстік Кавказда, Арменияда, Грузияда болып, тиісті жаттығулардан өтеді. 1941 жылы фашистік Германия елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол Армян ССР-нің Ленинакан қаласындағы 221-ші атқыштар полкінің 61-ші атқыштар дивизиясында болған еді. Ұлы Отан соғысына тәжірибелі жауынгер ретінде 1942 жылы Солтүстік Осетияның орталығы Орджоникидзе қаласына іргелес Қызыл деген ауылда алғаш рет соғысқа түсті. 

Взвод, кейіннен рота командирі дәрежесіне көтерілген ол үнемі жауынгерлерді жігерлендіріп, рухтандырып, ерлікке бастайды. Қырымның Керчь, Феодосия, Ялта, Алушта, Алупка қалаларын немістерден тазартуға қатысып, Севастополь түбегіндегі Балаклава қаласы үшін  болған қырғын шайқастардың бел ортасында жүреді. Жойқын ұрыс, шабыс кезінде Шамиль сол қолынан жараланып, госпитальға түседі. Жарақаты жазылғаннан кейін қайтадан ұрысқа түскен ол Қырымның Қара теңіз жағалауын жаудан тазартып, қорғаныста болады. 1137-ші атқыштар полкінің 1-ші батальонының 3-ші рота командирі Ш.Өтегенов әскери қаруды қолдану, ату бойынша өткізілген тактикалық сабақта үздік көрсеткішке жеткендігі үшін қол сағатымен марапатталады.

Алға қарай ұмтыла түскен ол Польша жерінде төрт дүркін Кеңес Одағының Батыры, Кеңес Одағының маршалы Георгий Константинович Жуковтың қолбасшылығымен неміс фашистеріне қарсы соғыс жүргізді. 1945 жылғы 14 қаңтар күні Қызыл әскердің жаппай шабуылында ерекше жауынгерлік тапсырманы орындап шыққаны үшін Шамиль Өтегеновке III дәрежелі «Михаил Кутузов» ордені берілді. Алапат шайқас кезінде Шамиль төрт жерден жарақат алады. Қызыл әскер Польша жерін толықтай азат етті, оған ол бастан аяқ қатысты.

Одердің Фюрстенберг маңындағы плацдармынан Франкфурт қаласындағы плацдармға көшіріледі. Шамиль осы плацдармдағы шайқас туралы жазған естелігінде: «Шынында, бұл плацдармдағы соғыс біздер үшін ауыр болды. Одердегі Франкфурт қаласында неміс фашистері жақсы бекініс құрып алып, біздің шебімізді атқылауға толық мүмкіндік алды. Оқ нөсерінен жер солқылдап, аспан мен жер айқасып кеткендей болды. Құлақ тұнып, көз қарауытты. Бір жарым сағаттан кейін  №33-ші әскер шешуші қимылға кірісті. Жау төтеп бере алмай алдыңғы қатардағы позицияларды тастап, кері шегінді. Сөйтіп, жаудың «Көгілдір линия» деп аталатын бекінісін бұзып, Берлиннің шығысындағы Фюрстенвальде қаласының тұсынан фашистердің астанасы Берлинге келіп кірдік», – дейді.  «Берлинге шабуыл» операциясына қатысқаны, онда көрсеткен ерлігі үшін Ш.Өтегенов «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады.

… 9 мамыр күні таңғы сағат 3-тің шамасында шырт ұйқыда жатқан капитан Ш.Өтегеновті  әскери офицер келіп оятты. «Рота командирі, тұрыңыз. Толық жеңіс. Капитуляция шартына қол қойылды»… Қуанышты хабардан жүрегі жарылып кете жаздаған Шамиль басқа да жауынгерлермен бірге Ұлы Жеңіс құрметіне пистолетінен бір айналма оқ шығарды.

Соғыс аяқталғанмен Шамиль Өтегенов Германия жерінде №63-ші механикаландырылған гвардиялық полк штаб бастығының көмекшісі қызметінде болады. 1946 жылдың қараша айында механикаландырылған батальонында штаб бастығы болып тұрған кезде әскерден босатылып, жеті жыл, төрт ай дегенде аман-есен елге оралады.

Ол облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде, облыстық мәдениет басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Жұмыстан қол үзбей жүріп Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында сырттай оқып, орыс тілі пәнінің мұғалімі  мамандығын алды. Жас маман Қызылқоға аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгеруші қызметіне келді. Одан әрі аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында кадр бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Сүйікті кәсібі – бала оқытуға оралған Шамиль Миялы, Тасшағыл және Қарабау орта мектептерінде ұстаздық қызметін атқарды. Әркімге арналған өлшеулі өмір, қызықты ғұмыр бар дегендей,  соғыс салған жарақатынан Шамиль 1971 жылы 51 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Шамиль тағдыр табыстырған жары Үміт екеуінен өрбіген ұл-қыздары Дина, Абай, Майра, Мәрия, Ғалия әке ұлағатын алға ұстап, абыроймен еңбек етіп, ұрпақтарын жалғастыруда.

Жанкешті соғыста ер етігімен  су  кешіп, қасық  қаны  қалғанша күрескен, ерлік көрсеткен, майдангер тірі болса биыл 95 жасқа толар еді. Жауынгердің жүріп өткен өмір жолы – өскелең ұрпаққа ғибрат аларлықтай үлгі- өнеге.

Қайрош ҚАБДЕШЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының  мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз