ҚАЙСАРЛЫҚ ҚАШАН ДА ЖЕҢЕДІ

Өскелең  ұрпаққа  ата-әкелер  мен  алдыңғы  толқын  ағалардың  азаматтық  ерліктері  қашан  да  үлгі-өнеге. Менің   атам Меңдіғали  Сіргелиевті  Теңіз  ауданының  соғыстан  бұрынғы  және  соғыс  кезеңіндегі  адамдарының  көпшілігі  білетін  және  құрметтейтін. Қошалақ  жерінде  1905  жылы  дүниеге  келген  ол  жігері  мен  қайратының,  өмірге  құштарлығының  күшті  болғандығын  біз  ес  білген  кезден  бастап  жиі  естігенбіз.

 

Меңдіғали Мұқанбетұлы еңбекке  17  жасынан  бастап  араласты, әрине,  алғашқысында  байлардың  жалшысы  болды. 1930  жылдан  кейін  жаңа  қоғам  жұмысына  белсене  араласты. Өз  бетімен  сауатын  ашты, сол  кездегі  орта  мектептің  үш  сыныбының  ауқымындай  сауатты  болды. Ол  1930  жылы  жерлестері  К.Маркс атындағы  ұжымшардағы  малшылар  бригадасының  бригадирі  болды. Жауапкершілігі мен  тындырымды  еңбегімен  бірден  көзге  түскен   Меңдіғалиды  басшылық  екі  жылдан  соң    басқарма  төрағасының  орынбасары  етіп  сайлады. Ал,  бір  жылдан  соң  іскер  жас  жігіт  Еңбекші  ұжымшарының  басқарма  төрағасы   болды.  Бұл  жұмысын  алты  жыл  бойы  табысты  жүргізген,  ел  сенімін  толық  ақтаған М.Сіргелиев 1939  жылы  Жаңа  тұрмыс  ұжымшарын  басқаруға  жіберілді. Жұртшылық  шаруашылықтың  шебер  басшысын  Қошалақ  ауылдық  кеңесіне  депутат  етіп  сайлады, оған  осы  кеңестің  атқару  комитетінің  төрағасына  орынбасар  болу  міндеті  қоса  тапсырылды. Жалынды  жас  жан  аямай  еңбек  етті.  Меңдіғалидың Жаңа  тұрмыс  ұжымшарындағы  төрағалық  қызметі  1942  жылдың  қыркүйегіне  дейін, яғни  өзі  сұранып  майданға  кеткенге  дейін  созылды.

Ұлы Отан  соғысы  басталған  сәттен-ақ  отаншыл  азамат  әлденеше  рет  аупарткомға  өтініш  жазып,  майданға  сұранды.  Алайда,  ұжымшар  төрағасы  ретінде  маңызды  шаруашылық  ісін  –  майданды  ауыл  шаруашылығы  өнімдерімен  қамтамасыз  етуді  ұйымдастырушылардың  санатында  оны  әскерге  алмады, бронь  берді. 

Соғыс  тез   аяқтала  қоймады,  оның  үстіне  басқыншылардан  елді  азат  ету  шайқасына  аттанғандардың  көбісінің  ұрыстарда  мерт  болғандығы,  кейбірінің  ауыр  жараланып,  елге  қайтқандығы  жұртшылықтың  көңілін  пәс  етті. Осындайда  37  жасқа  жаңа  ғана  шыққан,  тепсе  темір  үзетін  қайратты  азаматтың  қолына  қару  ұстамай,  елде  жүруі  намысшыл  адамның  жігерін  жаныды.   Ақырында,  қайсарлығы  жеңді, ол  туған  бауырының  майдан  даласында  ерлікпен  қаза  тапқандығы  туралы  «қара  қағаз»  келген  соң  соғысқа  аттануға  белін  бекем  буды. Шейіт  кеткен  бауырының  кегін  алуды,  ұлы  шайқастағы  нағыз  ерлермен  бірге  болуды  қалады.  Мұндай  тегеурінді  тілекке  енді   ауданның  басшы  орындары  да  қарсы тұра  алмады,  сөйтіп,  рухты азаматтың  өтінішін  орындады. 

 Меңдіғали  атам  әскерге  1942  жылдың  қыркүйегінде  аттаныпты. Бауырларымның  айтуына  қарағанда,  соңғы  рет  үйге  жазған  хатында  Сталинград  майданында  шайқасып  жүргенін,  соғыстың  өте  сұрапыл  екендігін,  өздерінің  әрбір  метр  жер  үшін  аяусыз  қан  төгісіп  жүргенін,  ертең  тағы  бір  ірі  шайқастың  болғалы  тұрғандығын  хабарлапты. Қайран  ер  сол  келесі  күні  болған  кескілескен  ұрыста ерлікпен  қаза  табады.  Менің  әкем  мен  аға-апаларым  1975  жылы   облыстық  әскери  комиссариат  арқылы  Ұлы Отан   соғысының  басты  мұрағаты  Мәскеу  түбіндегі  Подольск  қаласынан  деректер    сұратудың  нәтижесінде  Меңдіғали  атамның  Сталинград  қаласы  түбіндегі  Котлубань деревнясының  түбінде  мәңгілікке  жерленгенін біледі.

Осылайша, өршіл  азамат ауылда  қалған  әулетінің,  үш  ұлы  мен  бір  қызының,  отандастарының  бақыты  мен     болашағы  үшін  өз  өмірін  қиды.  Отбасымыз, бауырлары, немерелері  мен  шөберелері,  жиендері  мен  жиеншарлары Мең-діғали  атамның  осы  бір  азаматтық  ісін  ерекше  мақтан  тұтады.

Әлия  МЕҢДІҒАЛИЕВА,

немересі.

Атырау  қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз