ГУРЬЕВ–АСТРАХАН: ТЕМІР ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ РӨЛІ

Әлем бойынша алпыс миллион адам қаза болған екінші дүниежүзілік соғыстың жаһан тарихына көлемі жағынан өте ауқымды, ең қанқұйлы да қасіретті кезең ретінде енгені айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, жан алып, жан беріскен шайқаста жеңісті жақындатудағы қазақстандықтардың, соның ішінде атыраулықтардың ролі әлі күнге тиісті деңгейде бағаланбай келеді. Сол ақтаңдақ кезеңдердің бірі, біздіңше, Гурьев-Астрахан темір жолының салынуы.

 

Соғыс жағдайындағы аймақ

Гурьев-Астрахан темір жолы адам төзгісіз жағдайда салынды. Тылдағы майданды еске салатын жол өз заманында стратегиялық роль атқарды да, жау тарапынан әлсін-әлсін шабуылға ұшырап отырды. Ең сорақысы, жантүршігерлік жағдайда салынған темір жол құрылысына қарттар мен қыз-келіншектер қатысты. Және олардың көп бөлігі жау бомбасының,  аштықпен бірге, соғыс салдарынан пайда болған жаман аурулардың құрбаны болып кете барды…

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов жолтабан құрылысын салу кезінде бірнеше мыңдаған боздақтың оралмағанын айтады. Бұл, әрине, нақтыланбаған көрсеткіш. Оқ пен оттың ортасында есепсіз қалғандарының қанша болғанын елестетудің өзі қорқынышты. «Топырақ үю, оны тегістеу, екі адам бірлесіп жуан кеспелтек ағаштармен нығыздау (трамбовка), жол жиегін шығару (откос) сынды сан алуан қиын жұмыстар бойжеткендердің нәзік алақандарымен жүзеге асты. Сол жолтабан отыз жыл бойы сапасын жоғалтпастан сақталып келді» дейді ол.

Пікірлесіміздің айтуынша, Ембі мұнайын орталықтағы майданға шұғыл жеткізу мақсатында қолға алынған Гурьев-Астрахан темір жолын салуға, яғни, рельс астына топырақтан жолтабан үю жұмыстарына ауылдағы әйелдер, қыздар мен қариялар еш жеңілдіксіз түгел жұмылдырылған. «Тіпті, ерлері майданға алынғанда құрсақта қалған сәбилер қу дала жағдайында аптап ыстық пен аязда (қыркүйек 1942 – мамыр 1943 ж.ж.) бағылды. Топырақ үю нормасы орындалмаса, кешке нан-шай алу жағдайы да қиындайтын болған. Сол оншақты ай мерзімде 200 шақырымдай жолтабанды әйел-балалар салып та үлгерді. Майдан шебі әрі ығысқан соң, бұл құрылыс та таратылды» дейді Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов.

Тарихи деректер темір жол құрылысының күтпеген жерден қолға алыну себебін Сталинград майданындағы ұрыс жағдайының қиындап кетуімен түсіндіреді. Және де Гурьев облысының сол кездері соғыс жағдайында болуы да көп нәрсеге себеп болса керек. «Неміс ұшқыштары қалаға дүркін-дүркін бомбалар тастап отырды. Мұндай соққыны сол кезде салынып жатқан №441 объектіні талқандауға (қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауыты) бағытталған деп тарихшылар айтып жүрді. Одан басқа, алыс жайлаудағы бейқам елге қаруланған парашютшілер жасақтары да бірнеше рет түскен. Оларды залалсыздандыру жұмыстары бөлек әңгіме. Осындай десанттың бірі «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітапқа арқау болғаны белгілі. Бірнеше күн атыс, жорықтың арқасында ғана олар құрықталған. Бейбіт адамдардан да шығын аз болмады» дейді бұл орайда пікірлесіміз Қатимолла Ризуанов.

Өткен күндер елесі

Тарихшы-ғалым Хисмет Табылдиев 1942 жылдың қыркүйек айының ортасы мен аяғында, яғни,  небары он бес күн ішінде Гурьев жеріне бес мәрте шабуыл жасалғанын айтады. «Каспий теңізі жағасы мен Жайық өзені бойындағы құрылыс жұмыстарына кедергі жасау, мұнай тиеген эшелондарды жою мақсатында жау самолеттері әлсін-әлсін бомба жаудырып отырды. Біздің ұшқыштарымыздың қырағылығының арқасында немістердің көздеген мақсаты орындалмады. Соның өзінде жаудың бір юнкері Ширина мен Гурьевтен 36 километр қашықтықтағы Қарабатан станциясын, Гурьев теңіз портын төрт рет бомбалап үлгерді. Жаудың Гурьев теңіз және өзен порттарын, темір жол тораптарын бомбалағаннан еш нәтиже шығара алмауы Гурьевте құрылған облыстық Қорғаныс Комитетінің жемісті жұмыстарының нәтижесі еді» деп жазады  ғалым.

Ашық аспанды торлаған жау бомбаларының астында жол құрылысын салудың қиындығынан бөлек, еңбекшілер арасында сол кезде безгек, құрқұлақ аурулары тарап, тыл даласындағы, ауыл ішіндегі халықты қынадай қырды. Азапты жағдайда салынған жол құрылысына қатысқандардың күні бүгінде өңірімізде жүзге жуығының ғана көзі тірі.

Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылының тұрғыны Әсила Байқуатқызы сол бір қасіретті жылдар туралы былай деп еске алады. «…1942 жылдың күзінде біз секілді жастарды «Гурьев-Астрахан» темір жолын салу жұмысына жіберді. Біз жолдың Қаратүбекке дейінгі бөлігін төсеуге тиіс болдық. 1943 жылдың қысы мен көктемін осы жолдың қара жұмысымен өткіздік. Жаз шыға ауылға оралып қуанған едік, арада аз уақыт өткенде жиырма шақты қыз-келіншекті Сталинград қаласына жіберді. Ондағы міндетіміз жау шабуылы тас-талқан еткен қаланы өліктерден, үйінділерден тазарту еді. Қаланың сау-тамтығы жоқ, түгел қираған, айнала жантүршігерлік жағдайда. Көңірсіген оқ-дәрінің, іріп-шіріген өліктердің қолқаны жарар иістері тіптен жиіркенішті болатын» дейді ол.

Р.S. Тыл қаһармандарының рухына, еселі еңбегіне тағзым ретінде монумент орнатылатыны туралы әңгіме көтерілгені де есімізде. Біздіңше, сол мәселені түпкілікті шешетін кез келді. Және де көзі тірілерін мемлекет наградасына ұсынып, әлеуметтік жағынан қорғауға алу да артық етпейді. Өйткені, майдангерлермен бірге, тыл еңбеккерлері де бүгінгі бақытты болашақты сыйлауда өлшеусіз үлес қосты.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз