ЕСТЕЛІК ТАҚТА – ӘКЕМНІҢ ОРАЛУЫ

Мен – соғыста хабарсыз кеткен жауынгер Смағұл Әбіловтің ұлымын.   Жыл сайын, 9 мамырда соғыста құрбан болғандар  аруағына тағзым ету үшін  Жеңіс бағына баратынмын. 

 

Алайда,  Мәңгілік алауға гүл шоқтарын  қою кезіндегі биылғы сезімімді    бұрынғымен салыстыруға мүлдем  келмейді. Биыл бәрі өзгеше болды.  Ұлы Жеңістің  70 жылдық мерейтойына   саябақ  адам танымастай өзгерген. Оның кіре беріс бөлігі, жайқалған теректер, ең бастысы – Естелік тақта  ерекше  күйге бөлейді. Бұл атыраулықтар үшін баға жетпес сый болды.

Естелік тақтаға бөлек тоқталғым келіп отыр.  Бүгінгі күні әкелерінің жерленген жеріне барып, басына  бір уыс топырақ  салуды, аруағына тағзым етуді  армандап жүрген адамдар  өте көп.  Бірақ, жан-жақты  іздестіріп,  әскери  мұрағаттарға  сұрау  салғандарымен хабарсыз кеткен  көптеген жауынгерлердің  жерленген орындары әлі күнге дейін  белгісіз болып қалуда. Менің басымда да осы жағдай: әкем 1942 жылдың қыркүйегінде  хабарсыз кеткен.  Енді, міне,  Жеңістің  жетпіс  жылдығында біз осындай мүмкіндікке қол жеткіздік.  Тұрғындардың аңсаған арманы орындалды, өйткені  қаламызға осындай  бір ескерткіштің қажеттігі туралы көптен айтылуда, бұл туралы ардагерлер де сөз қозғаған болатын.     

Сол күні  мен әкеммен кездесуге  дайындалдым,  салтанатты шаралар  аяқталып, тыныштық орнағаннан  кейін  кештетіп саябаққа қарай бет түзедім. Онымен қауышып,  тыныш жерде  тілдескім келді. Сол кезде бойымды билеген сезімді айтып  жеткізе алмаспын. Осы күнге жеткеніме мың да бір тәуба қыламын, менің әкемнің есімі  гранит тақтаға  алтын әріптермен жазылған, енді оны ұрпақтары  әрқашан  есте сақтап,  оған келіп гүл шоқтарын қоятын болады.

Мен 35 жыл бойы  химия зауытында еңбек етіп,  сол жерден  зейнеткерлік демалысқа шықтым.  Үш ұл тәрбиеледім. Бүгінде олар жоғары білім алып,  өз мамандықтары бойынша  еңбек етуде.  Өздерінің  оқудағы жетістіктерімен қуантып жүрген  жеті немерем бар. Ең кіші немерем Абай  да бізге бейбіт өмір сыйлаған  арғы атасы Смағұл туралы жақын арада  білетін болады. Және де Жеңіс бағында  тұрғызылған  Естелік тақта  біздер үшін әкеміздің рухына бағышталған  қасиетті орын  болып  саналмақ.  Соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің туыстары мен жеке өз атымнан  қалаға жасалған осындай үлкен тарту  үшін  ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Мұраден СМАҒҰЛОВ, 

еңбек ардагері,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз