ЕСІЛ ЕР ЕСКЕРІЛСЕ…

Менің әкемнің үлкен ағасы Оразбай Байдәулетов жиырма бес жасында өмірден өтті. Майдан соқпақтарымен Берлинге дейін барып, елге аман оралған қыршын жас соғыс салған жарақаттан көз жұмды.

Бұл, шындығында, жалт еткен ғұмыр еді ғой. Ол Гурьев қаласындағы жаяу әскер училищесінде оқыған соң тура 20 жасында алғы шепке келіп, Оңтүстік майданның бес екпінді армиясының сапында ұрысқа араласады. Алдымен Кавказды қорғауға қатысып, кейін Украина, Молдавия, Польша арқылы Германияға да жетеді. Жиырма жастағы взвод командирі, лейтенант О.Байдәулетов алғашқы ерлігін Украинадағы Николаев қаласын азат етуде көрсеткен екен. Бораған оққа қарамастан жауынгерлерді шабуылға көтеріп, жау траншеясын басып алған. Сол үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

Ал, Польшаның Пальчев селосы үшін ұрыста лейтенант О.Байдәулетов тағы көзге түседі. Дұшпанның бірнеше атыс ұясын жойып, маңызды тірек пунктін басып алады. Немістер оны кейін қайтару үшін бірнеше танкін алға салып, көп күшпен төрт мәрте қарсы шабуылдайды. Взвод солардың бәріне тойтарыс беріп, екі танкі мен 15 шақты жау солдатын жояды. Осы ерлігі үшін қазақ командирі І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ие болады.

Кюстрин бағытындағы ұрыста О.Байдәулетов жауынгерлерімен жаудың күшті бекінісін бұзып өтеді. Дұшпанның көп күшпен жасаған қарсы шабуылына тойтарыс беріп, бірнеше танкісі мен ондаған солдатын құртады. Взводын шебер басқарғаны үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталады.

Міне, бұл – жиырмадан жаңа ғана асқан қазақ командирінің қысқа мерзімде алған наградаларының бір тобы. Бұдан басқа майдангер «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», т.б. медальдарға ие болады. Оның анасы Лағылға әскер басшылары бірнеше рет Алғыс хат жолдайды. Ол оқ пен оттың ортасында жүрсе де түрлі оқиғаларды қойын дәптеріне түртіп алады екен. Соның өзінен-ақ майдан даласының тынысы сезіледі.

Әттең, кескілескен ұрыстарда төрт мәрте алған ауыр жарақаты ақыры сыр береді. Елге аман келгенімен, денсаулығы нашарлап, 25 жасында қайтыс болады. Үйленіп те үлгермеді, артында ұрпақ та қалмады. Сондықтан, мен оның інісінің ұлы ретінде осы материалдан ескерткіш орнатқым келді. Қазақ командирі, взвод лейтенанты Оразбай Байдәулетов туралы бұрын еш жерде жазылған жоқ. Оның есімі ешқандай кітапқа енгізілмеді. Өйткені, қазір ұсынып отырған құжаттар былтыр ғана қолымызға тиді. Ендеше, енді ескерілсе екен.

Арман БАЙДӘУЛЕТОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз