ЕРЛІК ДАҢҚЫ МӘҢГІЛІК

Облыстық балалар кітапханасында ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Оған от пен оқтың арасынан аман-есен елге оралған жауынгерлер Берікбай Дәулетбаев, Алтынбек Зайдуллин және Д.Байбосынов атындағы №13 және Абай атындағы №15 мектеп ұстаздары, оқушылары қатысты.

 Алдымен, жиылған қауымға соғыс жылдарындағы жас сарбаздардың ерлігі мен жау әскерлерінің қақтығыстары бейнеленген фильм көрсетілді. Одан соң кітапханашы Перизат Қалдыбекқызы кітапхана қабырғасындағы кітап көрмесіне шолу жасап, ауған соғысы жайлы деректермен таныстырды. Ал, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының 9 сынып оқушысы Әндіржан Нұрлан ауған соғысы туралы қысқаша айтып өтті. Абай атындағы №15 мектеп оқушылары ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ерлерге деген жылы лебіздерін өлең жолдары арқылы жеткізді. 

– 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанда 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған соғысқа қатысып, өздерінің интернационалдық борыштарын өтеді. Кеңес әскерлері қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бір-ақ шықтық. Ол кезде 17-18 жаста едім, Қарағанды индустриалдық-педагогикалық техникумының студентімін. ІІ курста оқып жүргенімде әскер қатарына шақырылдым. Алғашқы кездері Витевск қаласындағы әскери бөлімге алындым. Кейін Лосовь қаласында әуе десанты дивизиясында дайындықтан өтіп, Ашхабадтан Кабул қаласы арқылы Кандагарға түстік. Ротада алты қазақ болдық. 17 рет әскери операцияға қатысқан екенмін, – деп еске алды ауған соғысының ардагері Б.Дәулетбаев. А.Зайдуллин де ауған соғысының қайғы-қасіреті туралы айтты.

Кездесу барысында  аға буын өкілдері мен жастар еркін түрдегі диалог құрып, соғыстағы сарбаздардың ерлігі, қазіргі таңда жастардың отансүйгіштік тәрбие мәселелері, отандастарымыздың әскерде  борышын өтеуі туралы әңгіме өрбітті. 

– Қаһармандықтың үлгiсiн көрсетiп, жат жерде өшпес ерлiк жасап, соғыс даласынан қайтпай қалған жауынгерлер рухына тағзым етеміз.   Күні кеше соғыс даласындағы қантөгісті 17-18 жасында, яғни бозбала шағында көрген жастар бүгінде ардагер атанып отыр. Елге олардың бірі денсаулығынан айрылып оралса, ал, бірінің денесі табытпен қайтты. Олардың рухына тағзым етеміз, ал басы аман, бауыры бүтін көзі тірілеріне құрмет көрсету – ұрпақ парызы, – деген облыстық балалар кітапханасының басшысы Сара Ізмұхамбетова ауған соғысы ардагерлеріне алғысын айтып, естелік сыйлық табыстады.

Кездесуде өнерлі өрендер рухты көтерер патриоттық әндерін шырқады. Оқушылар  ардагер ағаларына сұрақтарын қойып, емен-жарқын әңгіме өрбіді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз