ЕРЛІГІ ЕЛГЕ МАҚТАНЫШ

Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жандардың бірі – Нәсіпқали Сапарұлы. Өнегелі ісімен, ерлігімен із қалдырған ол өзінің аз ғана өмірінде өсіп-өніп, ұрпақ түлетіп, еңбек етіп қана қоймай, Отанын жаудан қорғап, кеудесін оққа тосып от кешкен азамат. Соның өзі тәрбие.

Нәсіпқали Сапарұлы 1924 жылы Гребенщик (қазіргі Ынтымақ) селосында өмірге келді. 1933 жылдан бастап Елтай орта мектебінде оқып, 7 кластық білім алған. 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап еңбекке араласып Гребенщик селолық кеңесінде салық агенті, 1942 жылдың мамырынан сол жылдың 12 тамызына дейін аудандық мемлекеттік қауіпсіздендіру бөлімінің учаскелік инспекторы болып жұмыс істеген. Аталмыш қызметте жүргенінде аудандық әскери комиссариаттан шақырту қағазы келеді. Осылайша Н.Сапарұлы 19 жасында Гурьевтегі жаяу әскер училищесін оқып бітіріп, взвод командирі болып майданға аттанады.

Оңтүстік майданға келген соң 99-шы атқыштар дивизиясының взвод, рота командирі қызметтерінде жүріп ұрысқа қатысып, жантүршігерлік сәттерді бастан өткізді. Кескіліскен шайқаста төрт рет жараланып, он ай госпитальда болған. Ал, екі жыл төрт айын, яғни 850 күнін атыс алаңында өткізген екен. Осы бір қиян-кескі сапарында атам Днепр, Днестр өзендерінен өтіп, ІҮ, ІІ және ІІІ Украина майдандарының әскери құрамында болған. 1944-45 жылдар аралығында Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрия елдерін азат етуге белсене қатысады. Нәсіпқали Сапарұлы Жеңіс күнін Австрия елінің астанасы Вена қаласында қарсы алады.

Атамның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік істері бағаланып, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Сталинградты азат еткені  үшін», «Айбынды еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», т.б. бірнеше медальдармен, ордендермен наградталған.

Оқ пен оттың ортасынан аман оралған атам еңбекке араласты. Аудандық жинақ кассасында, аудандық партия комитетінде, 1956-1962 жылдары «Правда» ұжымшары төрағасы болып еңбек еткен. Елдің экономикасы мен мәдеиетінің, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына көп үлес қосқаны – ұрпақтары үшін зор мәртебе.

Рысгүл ӨМІРҒАЛИЕВА,

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз