ЕЛ ҮШІН ЕТКЕН ЕҢБЕК

Ақжігіт Досымбайұлы Сағыз өңіріне белгілі азамат еді. Кіндік қаны Кең Жылыойдың Ақкиізтоғай ауылында тамса да бар саналы ғұмырын Қызылқоға ауданының экономикасы мен әлеуетін дамытуға арнады.

Ол өмірдің ащы-тұщысын жастайынан көріп өсті. Елдің жағдайы өте ауыр, халық кеңестік шаруашылықтарды құрып жатқан шақ еді. Балалық шағы қуғын-сүргінмен тұспа-тұс келген Ақаң көп оқи алмады, отбасына көмектесу үшін еңбекке ерте араласты. Жаңадан құрылған ұжымшарға жұмысқа орналасып, таңнан кешке дейін егін суарып, шығыр айдады.

Ел басына күн туды. 1941 жылдың маусымында неміс басқыншылары Отанымызға шабуылын бастап, Ұлы Отан соғысының өрті бұрқ ете қалды. Бейбіт өмір тыныштығы бұзылды. Азаматтар қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанды. Елдегі ауыр жұмыс қарттар мен аналарымыздың, қаршадай балалардың мойнына түсті. Олар азаматтардың орнын басты. Бұл лекте Ақжігіт те бар еді. Күн-түн демей, майданға қажеттілікті өтеуге жұмыстанды.

Жауға деген бойды кернеген ыза-кек оны әркез қолына қару алып, жаумен шайқасуға жігерлендірді. Талай мәрте өтініш берсе де, әскери комиссариаттағылар «жасың жеткен жоқ» деп алмады. Оның да уақыты жетті. Он сегізге толар-толмаста, 1943 жылдың қаңтар айында Отан қорғауға шақырылды. Бір ауылдан өзімен бірге елуге жуық азамат қан майданға аттанды. Олар Қ.Аязбаев, Қ.Жарылғанов, А.Орақов, Ж.Сисенбердиев, Қ.Нұрқасымов және тағы басқалар еді.

Бірден жаумен соғысқа араласты. Орел бағытындағы майданда байланыс батальонында болды. Оқ пен от ортасында штаб пен алғы шептің арасында байланыстың үзілмеуін қамтамасыз ету айтуға ғана оңай ауыр іс еді. Бірақ, мұны А.Досымбайұлы абыроймен атқарды. Талай тапсырманы орындауда жаумен қоян-қолтық шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Әкесінің әңгімесін облыстың денсаулық сақтау саласының ардагері, қызы Күләш апа талай жылдар өтсе де жадынан шығармапты.

«…Орыс орманы бізге қорған болды ғой. Енді ғана шабуыл бастап жатқан шақта байланыс үзіліп қалды. Штаб әмірін алып жатқан командиріміз А.Иванов «рядовой Досымбаев ко мне» деп шақырып алып, байланысты қалпына келтіруді бұйырды. Қасыма бір солдатты ертіп алып, сым бойын қуалап жүгіре жөнелдім.

Әлсін-әлсін снаряд жарылып, орман ішін астан-кестен етуде. Біраз жүргеннен кейін алдан немісше сөйлеген дауыстар естілді. Қасымдағы орыс досым С.Петровқа ым жасап, жата қалдым. Еңбектей жақындасақ, байланыс сымын қиып тастап, біздің келуімізді күтіп, төрт солдат отыр екен. Сергейді осы жаққа қалдырып, өзім сыртын айналып, екі жақтан оқ жаудырып, төртеуін сілейтіп салдық. Байланыс желісін дереу қалпына келтірдік. Осы ерлігіміз үшін екеуміз де «Ерлігі үшін» медаліне ие болдық» деп рахаттана күліп алып, мұңая қалатын. Есіне қарулас достары түсіп отырған шығар деп үнсіз бетіне қарайтынбыз», – дейді қызы.

Осылайша жаумен арпалысып, ілгері жылжыған Кеңес Армиясы сапында борышын абыроймен атқарып жүргенде бір ұрыста ауыр жараланды. Снаряд сынығы басына тиіп, ес-түссіз ұрыс даласында қалды. Санитарлардың көмегімен госпитальға жеткізіліп, ұзақ емделді. Ақыры 1944 жылдың аяғында елге оралды.

Елге келгесін қарап жата алмай, еңбекке араласты. Соғыстың от жалынынан аман қалып, бейбіт күннің саңлағы атанған ардагердің алған марапаттары да жетерлік. «Ұлы Отан соғысы» ордені мен 12 медалі, талай мәрте алған Құрмет грамоталары бүгінде ұрпақтарына мақтаныш боп төрінде тұр.

Майдангер азамат бүгінде ортамызда жоқ болса да ұрпақтары әркез естерінен шығармайды. Өнегелі өмір жолы оларға үлгі, сұрапыл соғыстағы ерлігі мақтаныш, сондықтан әке рухына үнемі тағзым етіп жүреді. Майдангер азамат есімі жерлестері жадынан өшпейді.

 

Әбілхан СЕЙТІМҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз