ЕКІ ТАҒДЫР

Әкем Қазипанов Шәкір кешегі күндей күркіреп өткен соғыстың ардагері болатын. Хат танитын ғана сауаты бар адам еді. Көптеген шаңыраққа қасірет әкелген қан майданнан аман-сау оралғаннан кейін түтін түтетіп, балалы-шағалы болды. Ол колхоздар мен совхоздарда қарапайым малшы болып еңбек етті. Өзінің адал еңбегімен елге сыйлы болды.

 

Атамыз Қазипан Нарын өңіріне белгілі молда екен. Сол кісінің жалғыз ұлы болғасын ба, әйтеуір, ел әкеміздің жақсыдан қалған тұяқ екенін мойындады. Исатай ауданы әлі күнге дейін аңыз етіп айтып отырады.

Бір қызығы, әкемнің жолын мен де жалғастырдым. Ауғанстан жерінде әскери қызметімді өтеп, қырғын соғыс ортасынан елге аман оралдым. Әкем өмірден өткенде мен 25 жаста едім. Сондықтан, ол кісінің маған айтуға тиісті көптеген сыры ашылмай кетті деп ойлаймын осы күні. Өзім куә болған игі істері мен жақсы әңгімелерін ғана балама жиі айтамын. Қалада тұрсақ та, Исатай ауданы, Зинеден ауылындағы ата-ана бейітіне барып, құран оқып, тәу етіп тұрамыз. Сондай бір толғаныстан туған төмендегі өлеңді газет оқырмандары назарына ұсынуды жөн көріп отырмын. 

Жолдағы ой

Менің де өтіп

өмірімнің көктемі,

Сезіледі жазғы самал өпкені.

Таңертеңмен жолға шықтым

ауылға,

Міне, отыз жыл сен өмірден

өткелі…

 

Бүгін менің кемелденді

жасым да,

Борышым бар өтелмеген

жасымда.

Өзімменен ертіп келем

қасыма,

Немереңді, әке, өзіңдей

асылға.

 

Іс тындырып жүрмесем де

татымды,

Жаман жерге жайғаным жоқ

 атымды.

Өмір сүрдім атағыңды

кірлетпей,

Жақсы, жаман шығармадым

атыңды.

 

Өзің еккен талдар тірі, өсуде,

мына өмір зырлап ағып,

өтуде.

Анам кетті жылдан кейін

он жеті,

Қарттың бәрі саған қарай

көшуде.

 

Біреулер жүр мені мақтап,

ұғысып,

Біреулер жүр даттап, ғайбат

ұрысып.

Қандай адам болғанымды

білмедім,

Маған сенсіз кім айтады

дұрысын?!

 

Өзіңсің Алладан  соң

сыйынарым,

Шалқып, тасып, төгіліп,

тыйыларым.

Осылай жыл айналып

келіп тұрам,

Білмеймін, қанша келу бұйырарын.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз