БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАҒАН…

Елін, жерін жау қолынан азат етуге аянбай үлес қосқан кешегі жауынгерлердің бірі – біздің әкеміз Құрмет Шамахов. 1915 жылы Гурьев  уезі І Приморье округінің 15-ші ауылында  балықшы отбасында дүниеге келген ол бала күнінде жалдамалы ұстаздан білім алып, 1930 жылы сауат ашу мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. 1933-1935 жылдары Гурьевтегі мұғалімдер техникумын бітіріп, 1942 жылдың сәуір айына дейін мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп басшысы болып жұмыс жасады. 1942 жылдың сәуірінен 1944 жылдың мамыр айына дейін әуелі әскери-саяси, одан кейін танк училищесін бітірген.

1944 жылдың шілде айында Беларусь майданына аттанып, Бобруйск, Гомель, Барановичи және Минск қалаларын алуға қатысты. Жаудан Польша, Пруссия жерлерін азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алды. Сол бір сұрапыл шақтарды еске алғанда әкеміз: «Біз резервтегі күш ретінде көпке дейін майданға кіріспедік. Техниканы жетілдіру, маманданумен ғана айналыстық. Жоғары команданың бұйрығымен 1943 жылдың шілдесінде әскери оқуға жіберді. Күн өткен сайын майданда техника түрі көбейіп, соғыс өрті өрши түсті. Бұл кезде мен өздігінен  жүретін техникалы  зеңбірек орнатылған артиллерияда бөлім командирі болатынмын. Бөлімдегі механик Козлов, жүргізуші Хайруллин сияқты ержүрек қаруластарым әлі күнге есімде. Мен олардың батылдығын әр кез мақтан тұтамын. 1944 жылдың  тамыз айында 1444 артиллерия құрамында ұрысқа араластым. Қала, елді мекендерді азат ету кезінде қаншама қандыкөйлек жолдастарым майдан даласында қалды. Мен солар үшін өзімді қарыздар санаймын. Қираған қала, аңыраған ана, оттың арасынан шырылдап, көрінген қараға қарай жүгірген бала, қанға бөгіп ыңырсыған жауынгер, бәрі-бәрі денеңді түршіктіріп, жауға деген ыза-кегіңді туғызады» деп отырушы еді. Ол 1946 жылдың күзіне дейін кіші командирлер дайындайтын әскери бөлімде жұмыс істеп елге оралды.

Әскерден келісімен өзінің бұрын еңбек еткен Калинин мектебіндегі ұстаздық қызметін атқара жүріп, Орал педагогикалық институтының тарих факультетін бітірді. Ұстаз болып еңбек еткен жылдарында да еңбегі жеміссіз болған жоқ. Ұстаздың бойындағы іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне сай, 1951 жылы ол «Родина»  мектебіне директор болып тағайындалды. 40 жыл бойы жас ұрпаққа білім беру саласында жалықпай еңбек етіп, 1975 жылы еңбек демалысына шықты. 1995 жылдың күзінде өмірден өтті.

Шамахов Құрмет Ұлы Отан соғысы жылдары мен бейбіт кезеңдегі қалтқысыз еңбегі үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ ССР оқу министрлігінің және оқу-ағарту, жоғары мектеп, ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағының республикалық Комитетінің, облыстың әкімшілік органдарының Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1947 жылы Жамал Қожырқызымен отау құрып, төрт ұл, үш қыз дүниеге келді. Бұлардан тараған ұрпақтары қазіргі таңда Атыраудың әр өңірінде, түрлі салада табысты қызмет атқаруда.

Ләззат ШАМАХОВА,

Зинеден селосы,

Исатай ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз