БАТЫР МАЙДАНДА ШЫНЫҒАДЫ

«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» деген ғой халық даналығы. Өткен ғасырдың қырық бірінде суға салса батпайтын, отқа түссе жанбайтын қаһарман ерлер ел тыныштығын қорғады. Осындай жандардың қатарында – Салых Әлімбетовтің де есімі аталады.

Ол 1922 жылы сол кездегі Гурьев облысы Қызылқоға ауданының Көздіқара ауылында жарық дүние есігін ашқан. Кейін отбасымен бірге Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қоныс аударады. Сол жердің шалғынына аунап, құмына ойнаған жас балғын жергілікті мектептен сегіз жылдық білім алып шығады. Ал, 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып кетеді.

Жырақта жүріп, әскери өмірдің дәмін жаңа ғана татқан жас сарбаз көп ұзамай ұрыс даласынан табылады. Толарсақтан саз, тізеден қан кешкен сұрапыл соғыста азамат атына кір келтірмеді. Иә, ерегескен дұшпанға қасқайып қарсы тұрған да, қаһарлы жылдарда жауапкершілік жүгін мойнына арта салған да – Салыхтай ерлер емес пе? Батырдың көзсіз ерлігі ескерусіз қалмай, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін» медальдарымен марапатталады.

Ұлы Отан соғысынан сержант шенімен елге оралған Салых бейбіт күнгі еңбекке дереу араласып кетеді. Шаңырақ көтеріп, жар сүйеді. Ұл-қыз өсіріп, тереңге тамыр жібереді. Көрген жарығында мал-мүлік жиып, атақ-абыройға асықпаған отағасы еңбек майданында шынығып, ізбасарларына үлгі болды. Әттең, Жеңістің қырық жылдық мерекесі қарсаңында дәм-тұзы таусылып, 1985 жылы дүние салды.

Барға шүкір, ат тұяғын тай басып, ұлағатты ұрпақ өрбіді. Атыраудан құтты қоныстарын тапқан майдангер әулеті бүгінде қайнаған еңбек ортасынан табылған. Үлкен ұлы Нұрлан қара алтын өндіру саласына саналы ғұмырын арнады. Байырғы мұнайшы қазір зейнет жасына жетіп, еңбек демалысына шыққан. Қыздары Рая, Әлия және Света қоғамның әр саласында еселі еңбек етуде. Үйдің кенжелері Ержан мен Ерлан әке жаққан шырақты өшірмей, Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылында тұрып жатыр. Заман алмасып, ұрпақ жалғасуда деген осы. Өткен күн елес, ертегіге айналса да, тарих күнтізбесінде алтын әріптермен жазылған ер есімі – ел есінде мәңгіге сақталмақ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз