БАРЛАУШЫ ЖАҢБЫРБАЙ НАСИХАНОВ ТУРАЛЫ БІРАУЫЗ СӨЗ

Қан майданда ерекше ерлік үлгісін көрсеткен жанның бірі – Жаңбырбай Насиханов. 1940 жылдың наурызында әскер қатарына шақырылған ол соғысқа ерте араласыпты. Жауынгерлік өмір одан әрі отты жылдарға ұласқан.

 

Әңгімеміздің кейіпкері 1917 жылы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының Забурын селосында дүниеге келген. Астраханда оқып, орта білімді де, техникумды да сонда жүріп бітірген. Бірақ, одан кейінгі өмір жолындағы арманын тұтқиылдан келген соғыс бұзыпты. Алдымен әскерге алынған, одан соң майданға араласқан жауынгердің батылдығын командирлер бірден байқайды. Өйткені, Жаңбырбай берілген қандайма тапсырманы мүлтіксіз орындауымен көзге түседі. Әскери тәжірибесі жетілген тұста оны басшылары жау жақтан «тіл» әкелуге жұмсайтын болыпты. Бұл кинода көрсететіндей, бір фашисті оңай жығып, домалатып әкеле қоятын оңай шаруа емес. Барлаушылық өте-мөте сақтықты қажет етеді. Сәл ғана мүлт кеткен, алдын болжай алмаған топ басшысы өзінің ғана емес, артындағы серіктерінің де басын қатерге тігетіні белгілі. Ал, Жаңбырбай байқап, байырқап жүруді қалайды. Әскери тактикалық шеберлігінің арқасында талай рет туралай келген ажалдан аман қалған. Көз көргендердің айтуынша, барлау тобын Ж.Насиханов бастаса, оған қаруластары ерекше ынтамен ілеседі екен. Себебі, Жаңбырбай өте сақ, жолына құрылған тұзақты алдын ала біліп қоятын көрінеді. Жаумен қақтығыстан кейін де жараланғандарды жау қолына қалдырған емес. 

– Үлкендердің әңгімелеуінше, майдан кезінде ағамызды жұрт өлдіге  немесе хабар-ошарсыз жоғалдыға санаған. Себебі, ол кісіден елге бір хабар келмепті. Соғыс біткен шақта да Жаңбырбай ағамыз оралмаған. Түсінгеніміз, ол кісіні әскери басшылығы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) барлаушылар мектебінде оқытып, құпия операцияларды орындауға жібергенге ұқсайды. Шындығында, мен естігенімді айтып отырмын. Ол кісі, өйткені, өмірде шешіліп әңгіме айтпаған, сырын білдірмеген, үнемі томаға-тұйық жүретін адам еді, – деп еске алады жақын туысы Клара Насиханова.

Редакцияға өзінің бірауыз пікірін жазып әкелген оқырманның пікірінше, ағасы ешқашан «мен майданда мынадай ерліктер жасадым» деп кеудесін керіп мақтанбаған. Ол кісі күнделікті өмірде де үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруден жаңылмапты. Талай жыл партиялық орындарда басшылық қызметтер жасағанымен, біреуге қатты сөйлеп, дөрекілік көрсеткен кезі еске түспейді. «Қашан көрсең де жылы жымиып тұратын» дейді туысы. Алайда, ол кісіні еске алып, ас беруге қамданып жатқан кезде Клара Набидоллақызы майдангердің марапатын тауыпты. Байырқап қараса, Жаңбырбай Насиханов Сталиннің үш рет алғысын алған. Мақтау қағазы Харьков, Бухарест, Будапешт қалаларын немістерден азат етудегі ерлігі үшін беріліпті. Сонымен қатар, майдангер «Қызыл Жұлдыз» орденінің, бірнеше медальдің иегері.

– Жаңбырбай ағамыз соғыстан кейінгі кезеңде Орал педагогикалық институтын бітіріп, алдымен мектепте, кейін партиялық қызметке араласты. Забурын селосындағы «Қызыл Ту» мектебінің бастауыш мектептің директоры, Амангелді, Ленин колхоздарында партия ұйымының хатшысы, «Вперед» шаруашылығында басқарма бастығы болып еңбек етті. Кейінгі жылдары сауда саласында әртүрлі жауапты қызмет атқарды. Халықтың қалаулысы атанды. Айтайын дегенім, ағамыз қайда болмасын, өзіне көрсетілген сенімге сызат түсірген емес. Өзін өте қарапайым ұстайтындығынан шығар, әлде заманның талабынан ба, ол кісі туралы материалдар өте аз, – дейді ұзақ жыл «Казпромгеофизика» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан филиалының басшысы болған әрі әңгіме кейіпкерінің інісі Хисма Бимұхамбетов.

Майдангердің баласы Мараттың да айтары осы бағытта өрбіді. Айта кетейік, Жаңбырбай ағамыз зайыбымен бірге үш ұл, үш қыз тәрбиелеген. Отты жылдарда барлаушы болып ерлігімен көзге түскен Жаңбырбай Насихановтың өмір жолына біз осылайша үңілдік.

Азамат  БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз