АЛҒАШҚЫ БОЛЫП АТТАНҒАН ЕДІ…

Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың қатарында жасын үлкейтіп көрсетіп, кіші лейтенант әскери шенімен алғашқылардың бірі болып майданға аттанған Сәлім Байдуллин де бар еді. 

Батыс майданының 50-дивизиясының құрамындағы 2-атқыштар полкінің минометшілер взводы командирі бола жүріп,  бірнеше рет үлкен шабуылдарға қатысып, жау әскеріне тойтарыс беріп,  отырады. Кезекті шайқаста бүтіндей бір рота әскерлері қаза табады, оның арасында Байдуллиннің взводы да болған. Бірақ, одан әрі жау әскерінің күш алып ілгері жүруіне мүмкіндік берілмейді.

Немістердің тас-талқан болып жеңіліп, Кеңес әскерлерінің өшпестей ерлік жасаған жері Можайскінің Зенино деревнясы болатын. Бұл жердегі үлкен шайқаста 2-атқыштар полкінің 22 сарбазы ерлікпен опат болады.

«Мемориал» деректер базасында Сәлімнің 1942 жылы маусымның 28-і күні майдан даласындағы ұрыста ерлікпен қаза болғаны туралы айтылады. Кейін соғыс біткен соңғы жылдары Зенино деревнясының Юрловское қала типтес поселкесіне қарасты Ивакино деревнясына көшірілуіне байланысты әскерлер әскери тәртіппен басқа жерге қайта жерленген.

Қолымызда Сәлім Байдуллин туралы мәліметтер аз, себебі, оның әкесіне «халық жауы» деген жала жабылып, майдан даласынан Сәлімге келген марапаттардың барлығы жойылып отырған. Тек өткен жылы ғана Сәлімнің ағасы Қарағойшының баласы Берік отбасымен бірге Ивакинодағы кеңес әскерлерінің ескерткіші басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп, ағасы жерленген бейіт басына Құран бағыштап қайтқан болатын.

Оның соғыстағы барлық ерліктері туралы материалдар Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі мемлекеттік мұрағатында сақталған. Қайыршақты ауылдық кеңесінен аттанған боздақтың бір дерегі осылай табылды. Ал, Сәлім ағаның туысқандарының ендігі арманы – облыстық Қорғаныс істері комиссариаты арқылы батыр ағаның марапаттары жайындағы мәліметтерге қол жеткізу.

Жақсылық АҚБАЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз