ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕНІҢ ЕСІГІ АШЫЛДЫ

Дүниежүзілік сауда ұйымы енді 162-ші елмен толықты. Оны толықтырған — Қазақстан Республикасы. Бұл оқиға ел тарихына алтын әріппен жазылуы тиіс. Біздің елде сыртқа ұсынатын тауарлар бар, әрі жаңа технологияларды отандық өндіріске енгізуге барынша мүдделі елміз.

 

Дүниежүзілік сауда ұйымы – халықаралық ұйым ретінде заңды мәртебеге ие. Күллі әлемде бірігу үдерістері жүріп жатқан қазіргі таңда еліміздің бұл ұйымға қосылуы – тарихи қажеттілік. Экономикалық тұрғыдан түрлі одақтарға бірігу –жалпыадамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің басты жолы. Уақытты тиімді пайдаланған ел ғана ұтатынын тарих әлдеқашан дәлелдеген.

Бұл оқиғаны өзім қуаныштан көзіме жас ала отырып теледидардан көрдім.  «Биылғы жыл – ДСҰ үшін де маңызды жыл. Өйткені, осы жылы  ұйымның құрылғанына жиырма жыл болмақ. ДСҰ осы аралықта, яғни 1995-2015 жылдар аралығында әлемнің 33 елін өз қатарына мүшелікке қабылдаса, енді, міне, 34-ші болып Қазақстан қабылданып отыр. Қазақстан қазір Орта Азиядағы ең ықпалды елдің бірі екенін сарапшылар атап айтуда. Осыны тыңдағанда төбем көкке жеткендей болдым.

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша жұмыс тобының төрағасы, Финляндия елшісі Веса Химанен өз сөзінде келіссөздер барысында Қазақстанның 50-ден астам жаңа заң қабылдап, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында қабылданған 10-нан астам халықаралық келісімдер енгізгендігін атап көрсетті.

Экономикамыздың дамуында бұл қадамның мәні зор, маңызы айрықша. Ол қазіргі таңда қуатты да ашық бола түсті. Бүгінде елімізде ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 18 есе өсіп, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетіп отыр. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард долларды құрайды. Сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы ДСҰ қатарындағы елдермен жасалуда. Осының өзінен Елбасының көреген саясатын тануға болады.

«Біз жаһандық коммуникациялардың бір бөлігіне айналу үшін жұмыс істеудеміз. Осы мақсатта  аса ірі нарықтарды жалғайтын стратегиялық көліктік дәліздерді қалыптастырудамыз. Соның бірі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолының құрылысы. Жалпы ұзындығы 8 мың шақырымды құрайды. Оның 2800 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді. Бүгінгі күннің өзінде осы бағыттағы транзиттік жүк тасымалының көлемі екі  еседен астамға өсті,-деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі көңілімізге мақтаныш сезімін сыйлады. Осындай Президенті бар қазақ – ең бақытты халық.

Еліміз қабылдаған Ұлт жоспары – осының айғағы. Және Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасында ДСҰ-ға қосылған жағдайдағы экономиканың дамуына аса мән берілген. Оған қосылу арқылы болашаққа табысты қадам жасалып отырғаны кәміл.

Енді еліміздің ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі құжаттарды ратификациялауға қатысты ішкі рәсімдер ғана қалды. Оған да аса мән беріп, тез арада қолға алған дұрыс. ДСҰ-ның өзі тарапынан Қазақстанды мүшелікке алуы – әлем алдындағы абыройымыздың асқақтауы. Осыны ұмытпаған абзал.

Ендігі жерде біз төрткүл дүниенің көз алдындамыз. Өзімізге қатаң талап пен тәртіп қойып, ел үшін еңбек еткенде ғана Елбасының елге артқан сенімін ақтайтынымыз анық.

Cофия САҒЫНДЫҚОВА,
биология ғылымдарының докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз