ТҮПКІ МАҚСАТ – ҚЫЗМЕТ САПАСЫ

Елбасының  «Нақты 100  қадам» Ұлт  жоспарының елдің болашақ дамуына жаңаша бағыт- бағдар  берер  артықшылығы  көп.  Оны  Қазақстан  Республикасының әлемдегі  дамыған мемлекеттердің отыздығына  кіру жөніндегі  бағдарламасы деп  түсінген  жөн.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын да бәрі екшеленіп, тұжырымдалып алға қойылған айқын мақсат екені белгілі. Халық денсаулығы әрқашан мемлекеттің табысты дамуының негізі болып қала бермек. Президент нақты қадамдарының ішінде міндетті мемлекеттік медициналық сақтандыру, медициналық санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын қаржыландыруға басымдық беру және жекеменшік медицинасын дамыту арқылы денсаулық сақтау саласында бәсекелестік орта құрып, медициналық ұйымдарда корпоративті басқару қағидаттарын енгізу керектігін атап көрсетті.

Мәселен, 80-қадамда атап көрсетілгендей, алдыңғы қатарлы елдердің барлығында жүзеге асырылып жатқан міндетті медициналық сақтандыру жүйесі, бізде, яғни, Қазақстан бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру болып жүзеге асады (МӘМС). Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төрт кезеңнен, яғни, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін толықтай жүзеге асатын болады.

Егер саралап айтсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша үш әлеуметтік топ шығарылады:

– бірінші топ – 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер, сондай-ақ, үш жасқа дейінгі балалар күтіміндегі аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері , зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар;

– екінші топ – жұмыссыздыққа тіркелмегендер, өздерін жұмыспен қамтығандар (шағын кәсіпкерлер, базарда сауда жасайтындар, т.б.);

– үшінші топ – жұмыс жасайтындар мен жұмыс берушілер. Бірінші, екінші топтар мемлекет арқылы, ал, үшінші топ жұмысшылардан және жұмыс берушілер арқылы қаржыландырылады.

Бұл шара өз кезегінде жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, азаматтардың өз денсаулығын қорғауға ынтымақты жауапкершілігінің тетіктері бойынша ықпалды механизмдерді енгізу – кезек күттірмейтін шара болуы қажет.

 Өз денсаулығын ойлайтын әр азамат өзінің сақтандыру қорына жарнасын жинақтауы керек. Өзінің қызметкерінің дені сау болуын, ауырмауын ойлайтын жұмыс берушілер де сақтандыру қорына жарна төлеуге мүдделі болуы тиіс. Аурудың алдын алуға жұмыстану керек. Ол үшін жылына бір рет алдын алу тексеруден, скринингтерден, флюро тексеруден өту керек. Салауатты өмір салтын сақтау, яғни, шылым шекпеу, ішімдікке әуес болмау, денені шынықтыру, дұрыс тамақтану – маңызды шарт.

2017 жылдан бастап жұмыс берушілер өз жұмысшыларына МӘМС қорына ай сайын – 2 пайыз, 2018 жылы – 3 пайыз, 2019 жылы – 4 пайыз, ал 2020 жылы – 5 пайыз аударады. Өз-өзін жұмыспен қамтығандардың аударылымдар 2017 жылы – 2 пайыз, 2018 жылы – 3 пайыз, 2019 жылы – 5 пайыз, 2020 жылы – 7 пайызды құрайтын болады.

Халық арасында бұл жүйеге әлі де сенімсіздік бар екені рас. Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңызды, оның керектігі жөнінде оң қоғамдық пікір қалыптастыру үшін тиісті іс-шаралар алынып, халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, ол әлі де жеткіліксіз.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруда медициналық санитарлық алғашқы көмек бағытына басымдық беру арқылы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі күні жалпы тәжірибелік дәрігерге бекітілген халық саны 2000-2200 адам, ал, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша учаскелік дәрігерге бекітілген халық саны 1500-ге дейін төмендетіліп, сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіміз қажет.

Облыстық мемлекеттік денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың осы салаға жете көңіл бөлуі нәтижесінде қазіргі заманғы қажетті құрал-жабдықтар алынып, аймақта жаңа нысандар бой көтеруде. Соңғы үш жыл ішінде облыс көлемінде 22 денсаулық сақтау нысандары іске қосылды (емханалар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік пункттер), оның 85-90 пайызы ауылдық елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетуде.

Елбасының Ұлт жоспарының 81-ші қадамында денсаулық сақтау саласында жекеменшік медициналық ұйымдардың санын ұлғайту міндеттеліп отыр. Бұл, сөз жоқ, осы саладағы бәсекелестікті дамытып, қызмет көрсету сапасын арттыруға жағдай жасайды. Медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға септігін тигізетіні анық. Жеке медицина ұйымдары мемлекеттік тапсырыс алардан бұрын тиісті талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Сондықтан, біз Елбасы айтқан Қазақстан халқының 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуына өз үлесімізді қосуды мақсат етіп отырмыз.

Дина КАМЕЛОВА,

облыстық денсаулық сақтау басқармасы

басшысының міндетін атқарушы.

Суреттер   редакция   мұрағатынан   алынды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз