САЛЫҚҚА САЛҒЫРТ ҚАРАМА!

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге арналған семинар өткізді. Департамент басшысының орынбасары Ж.Нұржановтың төрағалығымен өткен басқосуда ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар таныстырылды.

Алдымен түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Б.Юсупов Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асуы жөнінде баяндады. Ол өз сөзінде мемлекеттің, экономика мен қоғамның дамуы үшін мүлдем жаңа құқықтық орта құруда 59 заңның күшіне енгенін атап өтті.

Талдау және тәуекелдер басқармасының басшысы Г.Дәулетова корпоративтік табыс салығын салудағы енгізілген өзгерістер туралы айтты. Атап айтқанда, ірі кәсіпорындардың ай сайынғы алдын ала  төлемдерінде өзгертілген тұстар бар. Егер салық төлеуші мәлімет көрсеткіштерін төмендетіп беретін болса, салық органы оның берешегін есептеп, дербес шотқа жолдап отырады. Сондай-ақ, семинарда қосылған құн салығына енгізілген өзгерістер де жан-жақты талқыланды. Жанама салықтарды әкімшіліктендіру басқармасының басшысы А.Тойбазарова акциз салығы, қосылған құн салығын төлеушілерді тіркеу, электрондық шот-фактуралар және ілеспе жүк құжаттарына қатысты заңдағы толықтыруларды атап өтті. Сондай-ақ, департамент өкілі Ж.Юсупова жер қойнауын пайдаланушылар, резидент болып табылмайтын тұлғалар және мониторинг туралы заңдағы жаңа ережелерді түсіндірді.

Семинарға қатысушылар шағын және орта бизнестің, шаруа және фермерлік шаруашылықтардың, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің арнайы салық режімдері туралы өзгерістерден де хабардар болды. Шаруа қожалығы немесе фермерлік шаруашылық Салық кодексінің 448-бабымен бекітілген жағдайға сәйкес келген кезде, оған жетпіс пайыз жеңілдік салығымен ауыл шаруашылығы өнімдері үшін АСР (арнаулы салық режімі) қолдану құқығы берілді.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс базасын ұлғайту керек. Келесі жылы қазіргі қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойған жөн. Салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент, шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық секторға арналған салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығады» деген болатын.

Біздің елімізде салықтың 13 түрі қолданылады. Сондай-ақ, бюджетке төленетін алты алым түрі, тоғыз төлемақы, мемлекеттік баж, кеден төлемдері, консулдық алымдар бар.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз