Марат АХМЕТЖАНОВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы: ЗАМАНАУИ МЕМЛЕКЕТТІ КӘСІБИ МАМАНДАР ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

- Кәсіби мемлекеттік аппарат құру – нақты жүз қадамнан тұратын Ұлт жоспарында ерекше басымдық берілген мәселе болды. Осы орайда, кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесінің маңыздылығына тоқталсаңыз.

– Бүгінгі таңда күллі әлем геосаяси, геоэкономикалық тұрғыда аса күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сонау 2008 жылдан басталған жаһандық қаржы дағдарысы әлемдік экономиканың, жаһандық саясаттың күн тәртібіне мүлде жаңа міндеттерді шығарды. Азық-түлік, қуат, су тапшылығы, жерасты байлығы қорының азаюы сынды мәселелердің белең алуынан кейін ғылыми ізденістерді, технологиялық жаңалықтарды қолданысқа енгізіп, адам капиталын дамытуға бәрібір мәжбүрміз. Демек, біз «Қазақстан – 2050» стратегиясын, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын, «нақты 100 қадамнан» тұратын Ұлт жоспарын – заман талабына сай қабылданып жатқан реформалар деп қабылдауымыз керек.

Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің айнасы екенін ескерсек, бұл салада кәсіби аппарат құру – уақыт талабына байланысты жасалып жатқан қадамдар. Біздің алдымызда қазір екі үлкен міндет тұр. Ел экономикасындағы өнімділікті жоғары деңгейге көтере отырып, әлемнің ең дамыған озық отыздығының құрамына ену. Бұл мақсатқа біз қажырлы дайындықпен ғана бара аламыз. Демек, кәсіби мемлекеттік аппарат та бізге осы мақсатты табысты жүзеге асыру үшін қажет тетік болады.

Десек те, салада нақты қандай жаңалықтар орын алмақ?

– Кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсу, болашағы бір ұлтты қалыптастыру және есеп беруші мемлекет құру сатыларынан тұратын бес институционалды реформаның негізгі мақсаты – заман талабына сай дамыған мемлекет қалыптастыру болып табылады. Бірінші реформаны сәтті жүзеге асыруда Елбасы нақты он бес қадам қажет деп тапты. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілерге жаңа деңгейдегі жауапкершіліктің жүктеліп отырғандығын атап өткім келеді.

Мемлекеттік қызметке қабылдану рәсімін жаңғырту, іріктеу рәсімін орталықтандыру, міндетті сынақ мерзімін енгізу, тұрақты оқыту жүйесін заңды түрде бекіту секілді көрсеткіштер мемлекеттік қызметкерді кәсіби деңгейге көтеруді көздейді. Бұдан былай, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын қызметінің нәтижесіне қарай төлеу жүйесі енгізілгелі отыр. Біздіңше бұл қадам еңбек өнімділігінің артуына жол ашады. Мемлекеттік қызметкерлерге жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтер беру мәселесі де міндеттелуде. Осының барлығы мемлекеттік қызметшінің ынта-жігерін арттыра отырып, ұлттық жоспарды жүзеге асыруда шешім қабылдауға қабілетті адам капиталының сапасын жоғарылатады деп ойлаймын.

Мемлекеттік аппаратты түбегейлі реформалау мақсатында бірқатар жаңа заңдарды қабылдау мәселесі де қарастырылуда. Жаңалықтардың қатарында – шетелдік менеджерлерді, жекеменшік секторлардың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін қазақстандық қызметкерлерді мемлекеттік қызметке жіберу, жаңа Этика кодексін қабылдау да бар. Ең бастысы, әр қадам жемқорлыққа жол бермеуді, мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыру үшін шынайы жағдайлар туғызуды көздейді. 

Әрине, реформа табысты жүзеге асқан жағдайда халық мүлде жаңаша жағдайда өмір сүретін болады. Дегенмен, кәсіби мемлекеттік аппараттың құрылуы – шенеуніктер арасындағы жемқорлықты қаншалықты жоя алады деп ойлайсыз?

– Бұл халықтың құқықтық сауаттылығының деңгейіне байланысты мәселе. Мәселен, шетелдерде азаматтар өз құқығын біледі. Оны қорғауға тырысады, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқандардың алдында құқығын қорғау үшін шағымданады. Ал, бізде керісінше, азаматтар бар мәселесін пара берумен шешуге әуестеніп жатады. Бұл жерде бізге сананы өзгерту маңызды.

 Әдетте, мемлекеттік қызметті елдің дамуымен тікелей байланысты сала деп жатады. Осы орайда, саланы жетілдіруде бізге қандай елдер үлгі болар еді?

– Мемлекеттік қызмет – мемлекетті басқарудың бірден-бір тетігі. Осы саланы оңтайландыру мақсатында өткен жылы жаңа министрліктер, агенттіктер құрылды. Бірқатар заңдармен бірге, Қазақстандағы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданды. «Нақты 100 қадамнан» тұратын Ұлт жоспарын біз осы реформалардың заңды жалғасы ретінде қабылдауымыз керек. Мемлекеттік қызмет саласын реформалау кезінде Қазақстанның Ұлыбритания, Сингапур, Канада секілді елдердің тәжірибесін зерттеп, жан-жақты сараптап, зерделей отырып, қолданысқа енгізгенін атап өткім келеді.

Саладағы шешілуі тиіс маңызды деген проблемаларға тоқталсаңыз?

– Бізде кәсіби мамандар бар. Бірақ, олардың көпшілігі жекеменшік салада қызмет еткенді жөн санайды. Өйткені, жекеменшік салада әрқашан бәсекелестік болады. Бәсекелестік болған жағдайда сапаның болатыны да белгілі. Сапалы қызметке сәйкесінше жалақы да жоғары төленеді. Сондықтан, саланы бәсекелес қызметшілермен қамтамасыз ету мәселесін шешуіміз қажет. Бұл жүйені мемлекеттік қызметке енгізу Ұлт жоспарында айқын көрсетілді. Сондықтан да, бұл мәселе  болашақта өз шешімін табады деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Баян

АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз