ХАЛЫҚҚА – МІНСІЗ ҚЫЗМЕТ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылуға тиісті «100 нақты қадамы» берекелі істің бастауына айналып отыр. Елбасы бұл жоспарда басымдыққа ие салаларды атап  көрсетті. Бұл басымдықтардың барлығы қай салаға болсын нақты міндеттер жүктейді.

Осы орайда, Халыққа қызмет көрсету орталығы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Тұрлан Амангелдіұлы НҰРЖАНОВТЫ әңгімеге тартқан болатынбыз.

– «100 нақты қадам» жаһандық, сондай-ақ, ішкі сын-қатерлерге қарсы бағытталған шаралардың және де дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі бірегей бағдарлама. Осы орайда, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтсаңыз.

 Халыққа қызмет көрсету орталығы бүгінгі таңда тұрғындарға 191 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыс бойынша 741 990 қызмет, соның ішінде 68 пайыз құжат электронды түрде көрсетілген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 100 мың құжатқа артық қабылданғандығын көрсетіп отыр. Заман талабына сай, заманауи мүмкіндіктерге сәйкес қазір халықтың көп уақыт жоғалтпай электронды төлем жүргізуі аса ыңғайлы екендігін көпшілік жақсы түсініп келе жатыр. Мысалы, электронды үкімет төлем шлюзі арқылы 2015 жылдың 9 айында мемлекеттік баж және алымдардың төлемі – 76 020 841 теңге құрады. Сөйтіп, биылғы жылы 22 млн. теңгеге артық төленген.

– Оңтайлы ұйымдастырылған жұмыстардың бірі өз-өзіне қызмет көрсету секторы, осы бағытта не айтар едіңіз?

– Соңғы уақытта жаңалықтар да, толықтырулар да көп. Соның бірі – «өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» деп аталатын сектордың жұмысына көп көңіл бөлініп отыр. Үйінде компьютер құрылғысы жоқ не интернет желісіне қосылмаған адамдар үшін бұл сектор өте тиімді. Келген тұтынушы өзіне қажетті анықтамаларды, басқа да мәліметтерді компьютер құрылғысына отырып, өзі-ақ шығарып ала алады. Бұл әрине, электронды санды қолтаңбаға тығыз байланысты. Электронды санды қолтаңба – әрбір адамның күнделікті қойып жүрген қолының электронды түрі. Оның пайдалану мерзімі бір жыл. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындаөз-өзіне қызмет көрсету секторы арқылы 176 940 кеңес берілген және 165 310 қызмет көрсетілген.

Өз-өзіне қызмет көрсету секторының тиімділігі сол, әр адам өз қажеттілігін өзі тауып алады. Азаматтар ҚР аумағында жылжымайтын мүлік нысанының мекен-жайын нақтылау бойынша анықтамасын алуға, сот мәселесі бойынша талап арыз жазуға, сот хаттамасын электронды түрде беру бойынша өтініш жасауға, «Нұр Отан» партиясының қабылдауына жазылуға және Е-лицензия арқылы шетел қызметшілерін ҚР аумағына тарту лицензиясын алуға мүмкіндіктері бар.

– «Мобильдік үкімет» деген термин айтылып жүр, осы туралы ақпарат берсеңіз.

– Мобильдік үкімет – халықтың күнделікті пайдаланып жүрген ұялы телефондарына орнатылып берілетін бағдарлама. Бар керегі – электронды сандық қолтаңба және ұялы телефоныңыз болуы. Мобильдік үкіметке қосылған пайдаланушылар туралы деректер мобильдік азаматтар қорында сақталады.

«Мобильдік үкіметтің» пайдаланушысы Орталықтағы құжаттардың дайындығы, балабақшаға кезектің өзгеруі туралы өз ұялы телефоны арқылы хабарламалар ала алады. Бір реттік пароль арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді және мобильдік қолтаңба арқылы қол қоя отырып, мемлекеттік қызметтерді, SMS-хабарламалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндіктерін пайдалана алады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға ХҚКО арқылы мемлекет тарапынан қандай көмектер бар?

– Халыққа қызмет көрсету орталықтары– мемлекеттік тапсырма бойынша 3 пайыздық көлемде мүгедек адамдарды жұмыспен қамтып келеді. Сонымен қатар, 2013 жылдың 1 қазанынан бастап қала, аудандарда ХҚКО-ның мобильдік тобы 1 және 2 санаттағы өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы мемлекеттік қызмет көрсету жұмысын бастаған болатын. Аталмыш санаттағы адам өзіне көмек керек уақытта «1414» телефоны арқылы тегін хабарласа алады. Осы хабарлама түскеннен кейін сұраныс мониторинг қызметі арқылы 72 сағат ішінде көрсетіледі. Бүгінгі таңда осы Бірыңғай байланыс орталығы (1414) арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйіне барып, 759 өтінішке қызмет көрсетілді.

Келесі көмектердің бірі – сурдоаударма. ХҚКО РМК Атырау облыстық филиалы Саңыраулардың қазақ қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы қызметкерлерінің көмегімен облыстағы осал санатты тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді ыммен сөйлесу арқылы көрсету мақсатында оқыту жұмыстары жүргізілген болатын. Оқыту курсында 22 қызметкер тәлім алып, жұмыстарын жасауда. Бұған дейін өздігінен сөйлей алмайтын топтағы жандар аудармашының көмегіне жүгінсе, енді ХҚКО инспекторлары арқылы өзіне қажетті мемлекеттік қызметті тұтына алады.

– Шалғай елді мекендерге қызмет көрсету барысы қалай жүргізілуде?

– 2011 жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы мобильдік топ құрылып, жұмыс жасап келеді. Аталған мобильдік топ белгіленген регламентке сай, ХҚКО жергілікті Әкімшілік пен аудандық ІІБ-мен бірлесе отырып, шалғай елді мекендерге ай сайын шығу кестесі негізінде жұмыс жасайды.

Биылғы жылдан бастап үш жақты меморандум негізінде мобильді ХҚКО жұмысын жаңаша бастаған болатын. Меморандум ХҚКО РМК мен «Қазпошта» АҚ және «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК-нің арасындағы үш жақты келісім негізінде жасақталды.

– Мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдау бағытындағы жұмыстарға тоқталсақ.

– Жыл басынан бері уәкілетті органдармен 316 «дөңгелек үстел» өткізілсе, 1490 ішкі оқыту семинарлары, 467 жеке сабақтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 2726 басқосу қызметкерлердің біліктіліктерін көтеру мен кәсіби деңгейін арттыру бағытында өтті.

– Электрондық-сандық қолтаңбаны сақтауға арналған SIM-карталарды сату жөніндегі пилоттық жоба туралы не айтасыз?

– Осы жылдың 1 қазанынан бастап Астана мен Алматының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық сандық қолтаңбаны сақтауға арналған SIM-карталарды сату бойынша пилоттық жоба бастау алған болатын. Келешекте осындай мобильдік электронды сандық қолтаңбасы бар SIM-карталар Қазақстанның барлық ХҚКО-ларында қолжетімді болады.

ХҚКО-ларда пилоттық жоба халыққа ыңғайлы болу үшін іске қосылды. Әр азамат орталыққа келіп, осы жерде SIM-картаны сатып алып, оған электрондық сандық қолтаңбаны жаздыра және мамандардан оны қалай дұрыс пайдалану туралы кеңес ала алады. Бұл пилоттық жоба бүгінгі күні Астананың барлық ХҚКО-ларында, сондай-ақ, Алматының бірнеше аудандық ХҚКО-ларында іске қосылған.

SIM-карталардан мобильдік қолтаңба пайдалану азаматтарға «egov.kz» мобильдік қосымша көмегімен мекен-жай анықтамаларын, жылжымайтын мүліктің бары (жоғы) туралы, зейнетақы төлемдері туралы анықтамаларды және өзге де қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Болашақта SIM-карталардағы мобильдік электрондық сандық қолтаңба көмегімен пайдаланушы «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіпті интернетсіз және тиісті мобильдік қосымшаларсыз телефон арқылы да қызметтер ала алады.

Жаңадан қосылған қызмет түрлеріне тоқталсаңыз?

– Жыл аяғына дейін ХҚКО-ларға тағы да 20-дан астам жаңа қызметтер, олардың ішінде инвестициялар және даму, ауылшаруашылық, әділет, қаржы және қорғаныс министрліктерінің қызметтерін ендіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта мемлекеттік көрсетілетін қызметтер түрі көбейді: салық есептілігін қабылдауға/кері қайтаруға, жеке кәсіпкерлерге патент беруге, қорғаншыларға, немесе қамқоршыларға жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап-бағуға жәрдемақы тағайындауға, Қазақстан Республикасына жеке істер бойынша шет елден келуге шақыруларды рәсімдеуге, жер учаскесінің кадастрлық құнын анықтауға және тағы басқа да қызмет түрлері бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз