Елдің дамуына кәсіпкер де жауапты

 «Ұлт жоспары – 100 қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» құжатында көрсетілгендей, қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру – басты істің бірегейі. Бұл мәселеде Елбасы атап көрсеткеніндей, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

   Елбасымыз еліміздің дамуы үшін шағын және орта бизнесті қолдау керектігін үнемі айтады, сондай-ақ, кәсіпкерліктің дамуы үшін қамқорлығын аяған емес. Экономикамызды шикізат экспортына тәуелділіктен құтқарудың бір ғана жолы бар. Ол – экономикамызды әртараптандыру, яғни шикізат өндірумен ғана шектелмей, ел аумағындағы байлықты қайта өңдеп, дайын өнім өндіруді жолға қою, дамыту. Сондықтан Елбасымыздың кәсіпкерлікті қолдап отырғандағы басты мақсаты елімізді дамыған өнеркәсібі бар мемлекетке айналдыру деп түсінеміз.

   Әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп, халықтың жағдайының жақсаруына ықпал еткенде ғана елімізде тыныштық, береке болады. Жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – елдің әлеуметтік жағдайы. Бұрын бір жерден бір жерге қызмет ауыстырып баратын кадрлар ұзақ жылдар пәтер жалдап, үй-күйсіз жүріп қалатын. Оның өзі қызметке, отбасына, отбасы мүшелеріне кері әсерін тигізіп жататын. Ендігі жерде ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер міндетті түрде берілетін болады. Мұның өзі қуантарлық жайт. 

   Президентіміздің бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамда» да кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назардан тыс қалмады. Оның ішінде, атап өтер болсақ, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтының нығайтылуы. Бұл 54-қадамда айтылған. Жаңа институттың құрамына бизнестің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің кіретіні жазылған. Бұдан басқа, жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізу, рұқсат алуды оңтайландыру бағытындағы қадамдар да кәсіпкерлердің тынысын ашары сөзсіз. «Постфактум» кедендік рәсімдеу режимін енгізу туралы 40-қадам сыртқы экономикалық қызметке қатысушы жекелеген санаттардың, яғни кәсіпкерлердің шетелден әкелген тауарларын оларды жария еткенге дейін шығаруына мүмкіндік береді.

  Мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдауының арқасында кәсіптің тізгінін ұстағаныма аттай жиырма жылдың жүзі болды. Атқаратын жұмысымның ауқымын да уақыт өткен сайын әртараптандыруға тырысып келемін. Бүгінде құрылыс, күрделі құрылыс, газ, су желілерін жүргізу, темір-бетон бұйымдарын жайғастыру, жеңіл өнімдер өндіру, халыққа сауда, басқа да қызмет түрлерін көрсету ісімен шұғылданамын. Сондықтан біз секілді іс бастаған азаматтардың қамын ойлайтын Ұлт жоспарын – ел дамуының нақты жол картасы деуге әбден болады.

Мұрат САРМАНОВ, жеке кәсіпкер.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз