ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Қазақстанның патриоттары Елбасының тапсырмасымен жүзеге аса бастаған «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын, еліміздің тұтастығы мен біртектіліктілігін бірауыздан қолдайды.

 

35 іс-шарадан тұратын «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы қоғамдық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірлікті тереңдету саласындағы әлеуметтік маңызы бар істерді қамтиды. Негізінен оның базалық тұғырнамасы Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлестіру жұмыстарының жаңа кезеңі болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыруға бет алды. Әрине, бұл жобаны ҚХА  жалғыз өзі іске асыра алмасы белгілі. Оған қолдау көрсететін ұйымдар қатарында барлық мемлекеттік органдар, ҚХА-ның қоғамдық институттары және қазақстандық барлық азаматтар мен азаматтық қоғамның институттары бар. Осы аталған ұйымдар мен қоғамдар күш біріктіргенде ғана жобаны іске асыру жұмыстары сәтті болары анық.

Елбасының айтқанындай, жобаны іске асыру жөніндегі 2016 жылғы жұмыстардың бәрі де Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жүргізілетін болады. Оған белсенділер қазірдің өзінде дайын екендігін білдіруде. Тіпті, жобаның тұсауы кесілген 5 қазаннан бастап бірқатар маңызды жұмыстар айқындалуда. Соның ішінде Қазақстанның дүниежүзілік форматтағы алатын орны, 25 жылда қол жеткізген табыстары ерекше көріністермен айшықталу қажеттігі де айтылды. Бұл ретте үлкен ауқымды шаралар жасалатыны белгілі.

Нұржан ӨТЕПБАЕВ,

«Қазақстан–2050» жалпы-ұлттық қозғалысының Атырау облысы бойынша өкілі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз