БОЛАШАҚҚА БАСТАР ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары деп аталатын реформалар жиынтығы болашаққа бастар даңғыл жол іспеттес. Құжаттың «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бөлімінде еліміздің сот жүйесінде ғасыр жүгін арқалайтын заңдылықтарды іске асыру тетіктері айтылған. Мұның бәрі Атырау облысы судьялар қауымдастығы тарапынан үлкен қолдау табуда.

Аталған бөлімде жүзеге асырылатын шаралардың сот, полиция органдарына бағытталуы құқықтық қауіпсіздіктің еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігін айғақтайды. Мәселен, 16-қадамда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу туралы нақты айтылған.

Сол сияқты, 17-қадамда судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайтуға баса маңыз берілген. Бұл орайда Елбасы судьяларға міндетті түрдегі талаптарды атап көрсетті. Оның ішінде сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлер соттарда шәкіртақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан өту, бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өту керектігін жүктеді.

Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, оларға қатысты жаңа этикалық кодексті жасап, қолданысқа енгізу, азаматтардың судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы Сот алқасына шағымдануын қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалған жоқ.

Барлық сот процестерін бейне және таспаларға жазылуын міндетті түрде енгізу, Алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту бүгінгі және келешек ұрпақ мүдделері үшін аса құнды.

Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, еліміздің сот жүйесiн республиканың Жоғарғы Соты және конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi және басқа да соттар құрайды. Жергiлiктi соттарға облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, аудандық және оларға теңестірілген соттар жатады. Ал, үш сатылы сот жүйесі ха­лық­аралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген тиімді тәсілдердің бірі.

Оның басты тиімділігі – сот ше­ші­мінің бірнеше мәрте өзгеріп, сайып келгенде күшін жоюға батыл тосқауыл қояды. Қазіргі кезде облыстық соттардың кассациялық сот алқасы Жоғарғы Сотқа жүк­телген қадағалау алқасының қыз­метін қайталауда.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу мәселесіне келетін болсақ, менің ойымша, Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңының 29-бабының 1-бөліміне «…Судья лауазымына жасы 30-ға толған, мемлекеттік тілді жетік білетіндігі туралы сынақтан мүдірмей өткен, жоғары заңгерлік білімі бар, медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн аурулары жоқ, мүлтіксіз қызмет өтілі мен кем дегенде сот саласында бес жыл жұмыс жасаған, бір жылдық тағылымдама мен бір жылдық сынақ мерзімінен сүрінбей өткен азаматтар өтуі қажет» деген өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін.

Судьялыққа үміткерлерді іріктеу кезінде қойылатын талаптың күшейтілуі олардың өз қызметтеріне кіріскен кезде жауапкершіліктерін жоғарылатуға оң септігін тигізетіні сөзсіз.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейтілуі, біліктілік талаптарының қатаюы, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін Сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлініп, ол Жоғарғы Соттың жанында жұмыс жасауы, қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруын қамтамасыз етері анық.

Олай болса, аталған бағдарламаны еліміздің экономикасының, халықтың әл-ауқатының көтерілуінің, жан-жақты жеделдеткіш католизаторы деуге әбден болады. Ендігі уақытта оны жүйелі жүзеге асыру – кезек күттірмейтін іс.

Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ,

Атырау облыстық сотының төрағасы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз