БІРЛІГІМІЗ АРТА ТҮССІН!

Жақында ғана Астананың нақ төрінде «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел» тақырыбында республикалық патриоттар форумы өтті. Оны көгілдір экраннан ден қоя тыңдадық. Форум ашылғаннан кейін оқылған Елбасының жиынға қатысушыларды құттықтауы баршаның көкейіне қонды.

 

Елдің бірлігін нығайтуда бұл форумның маңызы өте зор. Жас ұрпақты Отанды сүюге баулуға, Елбасының ел үшін жасап жатқан еңбегін қадірлеуге шақыруға негізделген, бүкіл республиканы елең еткізген үлкен жиын азаматтық бірлікті қалыптастыруға бастайтыны кәміл.

Елбасымыздың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясына қатысып, мінберінде тұрып қазақ тілінде сөйлеп, ұлттың мерейін асырғаны, халқымыздың мәртебесін көтергені – баршаға үлгі болатын іс. Барлығымыз Елбасынан үлгі алып, өз Отанымыз үшін күшімізді сарқа жұмылдыруымыз шарт.

Осы орайда Елбасы тапсырмасын Атырау облысы әкімдігі де тиянақты жүзеге асырып келеді. Оны көзіміз көріп отыр. Жақында ғана қарттар мейрамына сәйкес Атырау қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева ардагерлерге арнап дастархан жайып, тарту-таралғысын ұйымдастырды. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатынан туындап отырғаны даусыз.

Елбасымызбен бірге Мәңгілік ел идеясын іске асырып, Ұлы Дала перзенттері екенімізді дүние жүзіне дәлелдеуге атсалысайық, бірлікте болайық дегім келеді. Біз болашағы біртұтас ел екенімізді іспен дәлелдейік.

Құрмет НҰРСАРИЕВ,

еңбек ардагері,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз