БІЛІМ ІЗДЕГЕН БАҚЫТҚА КЕЗІГЕДІ

Елбасымыз халыққа жария еткен бес институционалдық реформаның әрбiрi өз алдына бір-бір кешендi бағдарлама десек, артық айтқандық бола қоймас. Себебі, олар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын қадамдарға бөлінген. Реформалардың бәрі де табандылықпен iске асырылады деп күтілуде. Мемлекет басшысы ондағы әрбір істі тікелей өз бақылауында ұстайды. Басты мақсат «Қазақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асырып, дамыған отыз елдің қатарына ену болып табылады. Аталған реформаны орындау үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен отандық және халықаралық сарапшылар қатысатын бес жаңарту тобы бар ұлттық комиссия құрылды.

 

Тұңғыш Президентіміз өз Жолдауларында білім саласын назардан тыс қалдырған емес. Бұған дейін жүзеге асқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында біраз білім ордалары бой көтерді. Мектептер соңғы үлгідегі оқу-әдістемелік құралдармен, жаңа технологиялармен жарақтандырылды. Ұстаздардың біліктілігін арттыру шаралары да қолға алынуда. Мысалы, Панфилов атындағы орта мектебі биыл Қазақстан халқы бірлігі мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ол аудан бойынша ең сапалы салынған құрылыс деп бағаланды.

Айта кетуіміз керек, бұл ғимараттың ашылуы ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. Бүгінде мұнда 130 бала білім алып, жиырма ұстаз еңбек етеді.  Күні кеше, биылғы жаңа оқу жылында тоғыз жылдық мектебіміз он бір жылдық жалпы білім беретін білім ұясы атанды. Жаңа оқу жылында 12 бала бастауыш сынып табалдырығын аттаса, 48 бүлдіршін мектепке дейінгі дайындық сыныбы мен екі шағын орталыққа қабылданды. Жаңаның аты – жаңа, әсіресе, бүлдіршіндердің қуаныштарында шек жоқ.   

Елбасымыздың «100 нақты қадамында» білім саласын дамыту жолдары да нақты қарастырылған. Айталық, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту, білім беру жүйесіндегі жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға ауысу,  «Мәңгілік ел» патриоттық жобасын әзірлеп, оны білім берудің мектеп бағдарламасына енгізу, сөйтіп білім беру саласын мейлінше дамытуды көздейді.

Әрине, бұл қадамдардың бәрінің де ұстаздар мен оқушыларға, білім беру  ұяларының материалдық-техникалық жағдайларына қатысты іске асыру тетіктері бар. Әрқайсысы өз дәрежесінде жүзеге асса, оқытудың әлемдік деңгейінен табылатынымыз анық. Сондықтан, оны жанға жақын қабылдап қана қоймай, көп болып қолдауымыз керек. Егер осы мәселелердің біртіндеп іске асуына өз үлесімізді қоссақ, алдағы межеге мерзімінен бұрын жетеріміз анық.

Нұрлыхан ЖАМАНҒАРИН,

Панфилов атындағы орта мектеп директоры,

Құрманғазы ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз