БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУДАҒЫ ЖАҢАША БАҒЫТ

Қазіргі таңда Қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне енуі аясында педагогтің жеке тұлға ретіндегі бейнесі, оның кәсіби біліктілігі айрықша мәнге ие болуда. Бұл бағыттағы игі істер ел дамуының стратегиялық міндеттерімен, «Мәңгілік ел» идеясымен ұштасып жатқаны айқын.

 

Мемлекет басшысының стратегиялық ой-жоспарларының жалғасы болып табылатын, нақты да ұтқыр идеяға құрылған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясында қаланған шешуші басымдықтарды жүзеге асырудың нақты жол нұсқаушысы  ретінде көпшіліктің қызу қолдауына  ие болды. Аталмыш бағдарламаның 3-бағыты адам капиталының сапасын көтеру болса, біздің міндетіміз – осыған сай жұмыстану, яғни ұстаздардың ғылыми әлеуетін жоғарылату.

Ұлт жоспарында ел дамуының стратегиялық міндеттерін  жүзеге асырудың нақты  жолдары атап көрсетілген. Білім саласы қызметкерлерінің алдындағы басты міндет – білім беру жүйесінде білім берудің ұлттық үлгісіне өту арқылы білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізетін, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытатын кәсіби құзыретті ұстаз қалыптастыру. Сондықтан,  білім саласындағы реформалар  педагогикалық әдіс-тәсілдердің тың, әрі сапалы болуын талап етіп отырған  кезеңде, педагогтің жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесін жаңа инновациялық технологиямен ұштастыру арқылы біліктілік арттыру жүйесін жаңаша форматта жүргізуді міндеттейді. 

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша  педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі – ұстаздардың біліктілігін арттырудың мазмұнын әлемдік және отандық тәжірибе негізінде жаңарту жұмыстарын атқарып, оңтайлы мазмұнды істерді  жүзеге  асыру.  Осы бағыттағы жұмыстарын институт  қызметкерлері  облыс педагогтарымен ынтымақтаса  жүйелі  жүргізуде. Осынау жүйені  әлемдік  тәжірибемен ұштастыра отырып, білім сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету жолында  ең жаңашыл тәжірибелерді жедел тарату, енгізу негізге алынуда.

Оқытушы мен тыңдаушылар іс-әрекетіне жаңаша талдаулар жасалып, институтымызда заманауи білім беру, білім мазмұнын жаңарту талабына бағытталған жаңа кафедралық жүйе, ғылыми-әдістемелік әлеуетін жетілдіру, педагогтар біліктілігін арттыру жаңаша бағыт, ерекше қарқын алуда. Оқытушылардың жаңа форматтағы дәрістерімен қатар,  тыңдаушылармен курс кезінде және курстан кейінгі мерзімдерде курс тиімділігінің сапасын бағалау бойынша кері байланыс жасау жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта сапаға көңіл бөлініп, жаңашылдық басымдылығы күшейіп, сонымен қатар,  жаңарған және жаңартылған білім беру модульді бағдарламалармен жұмыс жүргізіледі. Әзірлемелердің модульдік тәсілі курстардың мазмұнының жаңаруының тиімді жолы болып отыр.

Курс бағдарламасының барлық модульдерінде белсенді оқыту әдістерін қолдану қарастырылған. Бағдарламаларда басымдылық негізінен тыңдаушыларды оқытудың практикалық бөліміне беріліп, аудиторияда өткізетін тәжірибелік сабақтармен  қатар жаңа­шыл, тыңдаушыларға бірлескен көшпелі тәжірибелік сабақтарды көрсетерлік тәжірибесі мен шығармашыл педагогтары бар базалық жалпы білім беретін мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарда, балабақшаларда, мектеп-интернаттарда өткізіледі.

Қысқа мерзімді курс бағдарламалары мазмұнын жаңартуда  Кембридж университетінің деңгейлік бағдарламаларындағы концептуалды идеялар және инновациялық тәсілдері қолданылады.  Бұл жаңарудың бастамасы, ол қаншалықты серпінді, шығармашыл болса, берілетін білім де нәтижелі, жоғары  дәрежеде болатыны сөзсіз. Тәжірибе көрсеткеніндей, қазақстандық оқушылардың халықаралық TIMSS, PIZA зерттеулеріне қатысудағы нәтижелілігі ұстаздардың құзыреттілігіне, педагогтің кәсіби біліктілігінің дамуына тікелей байланысты.

Елбасының «Нақты 100 қадамында» маңызды тапсырмалармен бірге ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту мәселелері қойылған. Қазір жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру (76-қадам), экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен жоғарғы оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату (77-қадам), білім беру жүйесінде – жоғарғы сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу бағыттарында жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Осы тапсырмаларды орындауда Ұлттық жоспарымыз  ортақ іске айналып, біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі педагогтардың мәртебесін көтеруге,  кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталып, ізденісті еңбек табысымен жалғаса бермек. «Мәңгілік ел» ертеңі болар өскелең ұрпақтың саналы да тәрбиелі, өмірге икемді, функционалды сауатты болып қалыптасуы үшін педагогтардың біліктілігін арттыру қызметін жоғары деңгейде атқаруда жаңаша қарқынмен еңбек ететініне сенім зор. 

Айтбай  ҚАРАМҰРЗИН,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы  Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әкімшілік ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі

басқарма басшысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз