БАНКРОТ МЕКЕМЕНІ ТАРАТУ МІНДЕТТІ ЕМЕС

Жақында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде Елбасы банкрот болған кәсіпорындарды тарату міндетті емес екендігін түсіндірген еді. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде миллиондаған компаниялардың банкрот болып, тағы соншалықты кәсіпорын жаңадан құрылып жататындығын айта келіп, бұл жерде ең маңыздысы – банкрот болған кәсіпорындарды тарату емес, сауықтырып, әрі қарай жұмыс жасау мүмкіндігін беру тәжірибесін іске асыру қажеттігін атап өтті.

 

Аталған мәселелер 2014 жылдың 7 наурызында қабылданған «Банкроттық және сауықтыру туралы» ҚР Заңында да көрініс тапқан. Заңның 30-бабында жекелеген борышкерлерді мемлекеттiк қолдау шаралары жүзеге асырылуы және жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану мүмкіндігі қарастырылады. Банкрот болған кәсіпорындарда мыңдаған қызметкерлердің, яғни ел азаматтарының жұмыс жасап жатқанын, кәсіпорын таратылған жағдайда олардың жұмыссыз қалу қаупі барлығын ескерген жағдайда, кәсіпорындарды сауықтыру шараларын жүзеге асыру әлдеқайда тиімді және азаматтардың құқығын қорғауда аса маңызды екендігі анық.

Сот қолданған шаралар  ақылға қонымды болып, кредиторлардың мүдделерiн, мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсатына сәйкес келуі  тиіс. Сонымен қатар, азаматтардың өмiр сүруін және денсаулығын қамтамасыз етуге байланысты үздіксіз немесе маусымдық циклды өндірістерде жұмыстардың жалғасуына, қоршаған ортаны қорғауға, ұлттық қауiпсiздiкке кедергi жасамауға тиiс. Осыған байланысты, сот «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 51-бабында көзделген шаралардың бәрін қабылдамауы мүмкіндігі Қаулыда баса атап көрсетілген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында 2013 жылы заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді банкрот деп тану туралы 87 талап-арыз қанағаттандырылып, 14 талап-арыз  қанағаттандырылудан бас тартылған болса, 2014 жылы 33 талап-арыз қанағаттандырылып, 12 талап-арыз  қанағаттандырылудан бас тартылған. Ал, 2015 жылы банкрот деп тану туралы талап-арыз сотқа мейлінше аз түскені байқалады. Биыл сотқа бар болғаны 53 талап-арыз түсіп, оның 28-і қанағаттандырылып, 25 талап-арыз қанағаттандырылудан бас  тартылды.

Заңды тұлғаларды оңалту туралы сотқа түскен талап-арыздар бойынша азаматтық істерді сот отырысында қараған кезде борышкерлер негізінен сол кезге дейін пайда болған борыштарынан (салық төлемдерінен, айыппұл, айыпақылардан) уақытша болса да құтылу мақсатында сотқа жүгінетіндігі байқалады. Сот борышкердің оңалту туралы арызын қанағаттандырған жағдайда да, оңалту жоспары бойынша  әдетте борышкер заңды тұлға шын мәнінде оңалту шараларын жасамағандығы анықталады. Мұндай жағдайда  заңды тұлғалар бойынша оңалту шаралары ешқандай нәтиже бермегендіктен тоқтатылып, банкроттық іс қозғалады.

Сағат  ХАСАН, Атырау  облысының мамандандырылған ауданаралық  экономикалық сотының судьясы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз