БАЛАЛАРҒА БАҚЫТ СЫЙЛАҒЫМ КЕЛЕДІ

Елордада  «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел»  тақырыбымен өткен патриоттар форумы өмірімдегі елеулі сәттердің бірі болып есте қалды. Мен бұл шарадан өзімнің Отаныма, соның ішінде денсаулығы сыр беріп, қауқарсыз күйге түскен кішкентай сәбилерге  қажет екенімді ұғынып, мақтаныш сезіммен оралдым.

 

Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына арналған шарада ел патриоттары қатарынан өзімнің есімімді естігенімде, қатты қобалжыдым. Жасыратыны жоқ, мен үшін бұл күтпеген тосын сый болды. Күллі қазақстандықтардың алдында өзіңді қоғамға пайдалы азамат ретінде танудан асқан мәртебе жоқ екен.  Бүгінге дейін сүйікті ісіммен айналысып, мұқтаж жандарға қол ұшымды тигізсем деп жүргеніммен, еңбегім жоғары дәрежеде еленеді  деп еш ойламаппын. Мен адал еңбегің жанатынын, саған қолдау көрсетіп, қамқорлап қанатының астына алатын егеменді елімнің болғанына өзімді одан сайын бақытты сезіндім. Мен бар қабілетім мен іскерлігімді Отаныма арнаймын. Нағыз патриот болу деген осы деп түсінемін.

Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінен канистерапия емі арқылы жүзден астам бала емделіп, қатарға қосылуда. Және емді жүргізуге мемлекеттен қаржылай көмек алып көрмеппін. Бұл емнің бір ерекшелігі, әп дегенде өзің көрсетіп жіберсең, әрі қарай емді мамандардың өздері жалғастырады. Өзіміздің өңірді айтпағанда, Астана, Алматы, Өскемен, Петропавл, Қарағанды қалаларында мамандарға ақыл-кеңестерімді беремін. Шипасы табыла бермейтін мидың зақымдануымен науқастанған және соңғы кезде балаларда туабітті көп кездесетін сал ауруына шалдыққандар көбіне үміт артып маған келеді. Өйткені, олардың 80%-ы – медицинадан үміті үзілгендер. Сол кішкентай ғана үміттерді жалғауға тырысып, балаларға бақыт сыйлағым келеді. Бұл менің қолымнан келер аз ғана артықшылығым болса да осы азаматтық борышымды елімнің елеп  жатқанына разымын. Міне, менің «Атырау. Маленкая страна» деп аталатын акционерлік қоғамымды Мәңгілік ел идеясына арналған форум арқылы бүкіл ел танып білді. 

Форумға қатысу арқылы  елінің дамуына қолдан келер қабілетін аямайтын нағыз патриоттармен жүзбе-жүз кездестім. Олардың түр-тұрпаты өзгелерден ерекше жаратылмаған, алайда, жүрегі Отан деп соғатын елдің ержүрек азаматтары. Меніңше, мұндай мәртебеге қол жеткізу кез келгеннің қолынан келеді. Тек ісіңді шын ниетіңмен сүйіп атқарып, әрдайым айналаңа жақсылық ойлап, еңбектің көрігін қыздыруың қажет. Қазақстандық барша азамат өрелі еңбек етер болсақ, Мәңгілік ел идеясын да жүзеге асыратын боламыз.

Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ,

«Атырау. Маленкая страна» акционерлік қоғамының жетекшісі, форум делегаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз