АСЫЛ МАЛДАН – САПАЛЫ ӨНІМ

бағдарлама талаптары орындалғанда ғана алынады

Елбасы ұсынған Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамның» әрқайсысының мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы, өсіп-өркендеуі жолында аса қажетті әрі маңызды болып табылатындығы даусыз.

Бұл орайда республикамызда, қала берді өңірімізде де бірқатар игі бастамалар көтеріліп, мемлекеттік бағдарламалар ауқымында көптеген серпінді жобалар жүзеге асырылуда.     ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының мәліметтеріне қарағанда бұған көз жеткізуге болады.

Аталған мекеменің бөлім басшысы Жасқайрат Қойбақовтың айтуынша, 1994-1998 жылдар аралығында облыста мал басы күрт кеміп кетті. Соның салдарынан асыл тұқымды түлік өсіретін шаруашылықтардың қатары да айтарлықтай азайды. Сөйтіп, 2012 жылдың басындағы есеп бойынша облыста мұндай шаруашылықтардың саны 23 бірлікке дейін кеміп, олардың бағымындағы қой малы 67241, түйе 1444, мүйізді ірі қара 1012 және жылқы 1102 басты құраған.

2013 жылы үш асыл тұқымды мал зауыты, сегіз асыл тұқымды мал шаруашылығы, 10 бағалаушы, 17 техник-ұрықтандырушы маман заңдылыққа сай мемлекеттік тіркеуден өтіп, қолдарына лицензияларын алған. Қазіргі таңда облыстағы асыл тұқымды мал базасы қаракөл қойын өсіретін бір, еділбай қойының басын көбейтуді қолға алған бес, сондай-ақ, бір етті, майлы, құйрықты «Атырау» асыл тұқымды қой шаруашылығына шоғырландырылған. Бұдан бөлек, үш бірдей шаруашылықта асыл тұқымды қазақтың айыр өркешті түйесі, біреуінде жабы тұқымдас жылқы түлігі бағымға алынған.

Ағымдағы жыл басындағы есеп бойынша, «Асыл тұқымды шаруашылық» мәртебесін иеленген шаруашылық субъектілеріндегі асыл тұқымды қой малының саны 45726, түйе 1520 және жылқы 586 басқа тұрақтаған. Мұның өзі мал басының біраз кемігенін көрсетеді.

Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге орай, кейінгі кездері асыл тұқымды зауыт, асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі мүйізді ірі қара малын өсіретін шаруашылықтардан басқасында сақталып қалған. Сол себепті, сиыр шаруашылығымен шұғылданатын субъектілерде түлік тұқымын асылдандыруға қатысты мәселелермен айналысу республикалық палатаның құзырына берілген. Анығын айтқанда, осыған дейін «Асыл тұқымды шаруашылық» мәртебесін иеленіп келген бұл саладағы шаруашылық құрылымдары осы санаттан шығарылып тасталынған. Ендігі жерде олар жай ғана асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді жүзеге асыратын шаруашылық болып есептеледі. Осындай субъектілердің қатарында Махамбет ауданынан екі, Жылыой мен Исатай аудандарынан бір-бір шаруашылықты атауға болар еді. Осылайша, биылғы жыл басында республикалық палатаға тіркеліп, есепке алынған асыл тұқымдыға жататын мүйізді ірі қара малының саны 1364 басты (оның ішінде аналығы 1142, аталығы 222) құрайтыны да белгілі болды.

Десек те, мемлекеттік бағдарламалар аясында жекелеген өңірлерде қолға алынып, сәтті жалғасын тауып жатқан бастамалар да баршылық. Мәселен, мал тұқымын асылдандыру мақсатында Индер ауданында «Сыбаға» бағдарламасымен 8600,0 мың теңгеге 45 бас мүйізді ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 37950,0 мың теңгеге 2049 бас аналық және 60 бас аталық қой, «Құлан» бағдарламасы шеңберінде 9900,0 мың теңгеге 32 бас жылқы малы сатып алынған болып шықты. Одан бөлек, өткен жылдың желтоқсан айында бір ғана «Алтын асық» бағдарламасымен, «Қазақстанның Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының қаржыландыруымен 1674 бас аналық және 125 аталық қой сатып алынғандығын білдік.

Бұған дейін де атакәсіптен нәсібін тауып, еңбектерінің жемісін теріп жүрген, соның арқасында осы жолы да тұқымы асыл түлікті қарызға алуға қол жеткізгендердің қатарында «Иманқұл», «Тұрар-Т», «Аманжол», т.б. шаруа қожалықтарын атауға болар еді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз