ЖАЛАҚЫНЫ ЕҢ КӨП ТӨЛЕЙТІН ЕЛ

немесе «су перісі» неге әлемді қызықтырады?

Копенгагеннің ең көрікті деген жерінде орналасқан су перісі бір ғасырға жуық уақыттан бері Дания елінің ең басты символы саналып келеді. Ганс Христиан Андерсеннің ертегілерінің біріндегі басты кейіпкердің құрметіне бұл ескерткішті 1913 жылы әлемге әйгілі мүсінші Эдвард Эриксен тұрғызған екен. Біреу сенер, біреу сенбес, биіктігі небәрі 125 сантиметрді құрайтын қоладан құйылған бұл мүсіннің салмағы 175 килограмға тең.

Тылсым кереметімен кез келген туристі магнитше тартып тұратын бұл туынды кезінде ірі фабрика иесі Карл Якобсеннің тапсырысымен құйылған деседі. «Су перісі» балетін тамашалап, қатты таңырқаған Якобсен басты рөлді сомдаған балеринадан тас мүсінді сомдауға негізгі кейіпкер болуын өтініп, туындыны кейін Копенгаген қаласына сыйға тартқан екен.

Әйтсе де талайды таңырқатқан тамаша туынды бұзақылардан бірнеше мәрте таяқ та «жепті». Бірде қолы араланып, бірде басқалай жолмен талқандалған мүсін бұзақылардың қолымен суға да лақтырылып жүрді. Бірақ, бір өзіне ғана тән ерекшелігімен даңқы шыққан туындыны Копенгаген билігі қайта-қайта қалпына келтіруден жалыққан емес. Бұл аз болғандай, аңыз әңгімелер мен таңғажайып ертегілердің елі саналатын Дания мемлекетінің басшылығы әлгі су перісінің «сіңлісін» де өмірге әкеліпті. «Әпкесінен» небәрі 400 метр қашықтықта жайғасқан  бұл мүсін жай ғана су перісі емес, суретші Сальвадор Далидің қылқаламынан шыққан фантастикалық кейіпкер болып табылады. Бұл мүсіннің авторы – Бьорн Ноергаард. «Генетикалық жолмен өзгертілген жұмақ» деп аталатын шығармашылық жұмысы арқылы автор адамзатқа генетикалық инженерияның залалы туралы жеткізгісі келген.

Сонымен, Данияда өзгенің емес, су перісінің мүсіндерінің көп болу себебі неде деп ойлайсыз? Өйткені, дат халқының ауыз әдебиетінің негізгі бөлігін осы аталған кейіпкерлер жайындағы аңыз әңгімелер құраған деседі. Сол аңыздардың бірі су перілерінің жаны болмағанын айтады. «Олар өздерінде жанның болғанын қалағанымен, теңізді тастап кете алмайтын еді» деп түсіндіреді мифологиялық шығармалар.

Жанды қалаған су перілері Шотландия жағалауларының бірінде тұрған монахқа келіп, тілек тілеп, құлшылық еткен деседі. Сонау V ғасырда пайда болған аңыздың дәл осы тұсын өз заманында Андерсен пайдаланып, «Су перісі» ертегісін жазып шығарды. Аталған туындыда адам баласына ғашық болған су перісінің жан іздеу жолында жанталасы шебер суреттеледі. 

Бүгінде бұл екі туындының қай-қайсысы да Копенгаген билігінің ерекше қорғауында. Мүсіндерді талқандамақ болған бұзақылар үшін заң талаптары да қатайтылыпты. 

Дания

Ресми толық атауы – Дания патшалығы

Орналасқан аймағы – Солтүстік Еуропа 

Географиялық сипаттама – мемлекет Юкатан түбегінде және Дания архипелагында орналасқан. Сондай-ақ, ел Балтық және Солтүстік теңіздермен шектесіп жатыр. 

Территориясы – 43 094 шаршы километр, көлемі жағынан әлем бойынша 130-шы орынды алады.

Астанасы – Копенгаген

Ірі қалалары – Копенгаген, Орхус, Оденсе

Ресми тілі – дат

Үкімет түрі – конституциялық монархия

Монарх – Маргрете II

Премьер-министрі – Хелле Торнинг-Шмитт

Халық саны – 5 миллион 587 мың  085

Діні–  лютерандық

Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім – 36 мың 336 АҚШ доллары

Валютасы – дат кронасы (DKK)

 

Сіз білесіз бе?

Ганс Христиан Андерсеннің ертегілеріндегі ең негізгі кейіпкерлердің бірі, яғни су перісінің мүсінін тамашалау үшін Копенгаген қаласына жылына миллионнан астам турист келіп кетеді екен.

***

Күдіктінің кінәсін дәлелдеу мақсатында оның саусақ белгілерін негізгі айғақ ретінде қолдануды ең бірінші болып Дания елі тәжірибеге енгізіпті.  Енді, міне, 1902 жылдан бері қолданыста келе жатқан бұл тәжірибесіз із кесушілердің жұмысын көзге елестету әсте мүмкін емес.

***

Батыс елдерінің ішінде ауыз су үшін өте көп мөлшерде ақы төлейтін даниялықтар болып шықты. Судың әр текше метрі үшін даниялықтар 6,7 АҚШ долларын төлейді екен. Мұндай қымбатшылықтың себебін сарапшылар даниялықтардың таза су үшін ғана емес, жерасты суларын тазарту қызметі үшін де қосымша ақы төлейтіндігімен түсіндіреді.

***

Копенгаген қаласында орналасқан король кітапханасы Скандинавиядағы ең ежелгі кітапхана саналады. 1673 жылы негізі қаланған кітапханада 500000 томдықтар мен 20000 қолжазбалар бар. Мұндағы қолжазбалар негізінен санскрит, палий, сингалез тілдерінде сақталған екен.

Данияның Клампенборг қаласында орналасқан «Баккен» саябағы ерте заманнан келе жатқан ежелгі ойын-сауық орталығы болып табылады. Орта ғасырлардан сақталып қалған жәдігер күні бүгінге дейін даттықтарға үзіліссіз қызмет көрсетіп келеді.

***

Рибе – Скандинавияда орналасқан ең ежелгі қала. Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде археологтар тапқан күміс монеталар бұл қаланың біздің дәуірімізге дейінгі 700 жыл бұрын пайда болғандығын дәлелдейді.

***

Еуропа елдеріндегі ең жоғарғы жалақы Данияда төленеді екен. Сарапшылар бұл елде сағатына орта есеппен 14 еуроның төленетіндігін айтады.

Копенгагеннің орталығында әлемдегі ең ұзын жүргіншілер жолы орналасқан. Строгет (Stroget) деп аталатын бұл сауда көшесінің жалпы ұзындығы 1,8 километрге дейін созылып жатыр.

***

Дания туы күні бүгінге дейін қолданыста келе жатқан жалаулар ішіндегі ең ежелгісі саналады.

***

Фарер аралдары кезінде Норвегия мемлекетінің меншігі болған екен. Бүгінде бұл аралдар Дания еліне тиесілі. Қалай десеңіз, бұл аралдарды кезінде Дания билеушісі Норвегия королімен покер ойнау кезінде ұтып алыпты. 

***

Дания халқының көпшілігінің жұмыс күні таңғы сағат сегізде басталып, төртте аяқталады екен.

***

Данияда автокөлік үшін төленетін салық машинаның бастапқы құнынан да асып түседі. Сол себепті автокөлік міну бұл елде көпшілік үшін қол жетпейтін арманға айналып келеді. Халық арасында велосипедтің не себепті кеңінен тарағанын түсінуге болады.

***

Дания жұмыс күшінің әлеуеті жағынан Еуропаның көш басында тұр.

***

Дания ғимараттарының биіктігі алты қабаттан аспайды. Ал, пәтердегі бөлме саны жатын бөлмелердің санына қарай саналады екен.

***

Даниядағы ең көп тараған мамандық шаштараз болып шықты.

***

Данияның теңіз елі дейтін екінші атауы бар. Мемлекет 406 аралдан және Ютландия жартыаралының бірнеше бөліктерінен тұрады.

***

Дания – Еуропадағы ең қауіпсіз, әрі ең тыныш мемлекет. Өйткені, даниялықтар заңды сыйлайтын, әрі оның әр талабының қалтқысыз орындалуын қатаң қадағалайтын халық екен.

***

Елде ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде дамыған. Даниядағы шошқалар халық санынан бес есе асып түседі екен.

 

Экономикалық даму жолы

Ел экономикасындағы басты артықшылық – инфляция (2,4%) мен жұмыссыздық деңгейінің (5%) төмен болуы. Мұнай мен газ қорының молдығы да ел экономикасының жоғары деңгейде сақталуына үлкен әсерін тигізіп отыр. Елде өнеркәсіп өндірісі өте жоғары деңгейде дамыған және бұл ең табысты сала саналады. Жоғары білікті жұмыс күшінің ерте ғасырлардан бастап қалыптасуы да ел экономикасын дамытуда шешуші рөл атқарып келеді.

Мемлекет экономикасының әлсіз тұсы да бар. Ол – салынатын салық мөлшерінің тым жоғары болуы. Сарапшылар «салық мөлшерінің тым жоғарылығы әсіресе, бизнес саласында бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп жіберіп отыр» деп есептейді. Өйткені, Дания әлемдегі ең жоғары жалақы төленетін мемлекет болып саналады.

Ал, ел экономикасына жалпы сипаттама берер болсақ, Дания –аграрлық әрі индустриялық мемлекет. Өнеркәсіп саласынан түсетін ұлттық табыс көлемі 40% -ды құрайды. Жан басына шаққандағы ішкі сауда айналымы бойынша мемлекет әлем елдерінің көш басында тұр. Бұдан бөлек мемлекеттің  машина жасау, металл өңдеу, яғни электротехника, радиоэлектроника, кеме құрастыру, станкалар жасау, тамақ өндірісі бойынша құрал-жабдықтар өңдеу сынды «өнерімен» де аты шығып отыр.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Дания – энергияның балама көздерін, соның ішінде жел энергиясын пайдалануда әлемдік лидерлердің бірі. Мәселен, Дания энергияның балама көздерін пайдаланудан түскен табыстан 2011 жылы ғаламдық рейтингтің көшін бастап тұрды. Сарапшылар сол кездің өзінде бұл табыстың 6,5 миллиард еуроға жеткенін айтады.

 

Елдің тарихы

Дания даласының тарихы алғашқы адамдардан бастау алады. Деректер бұл даладан табылған алғашқы адамдардың іздерін барлай отырып, олардың Дания аймағын  шамамен 100 – 70 мың жыл бұрын мекен еткен деген болжамды айтады. Тағы бір қызығы, өркениет әлемінің бұл елді айналып өтпеуі болып отыр. Мәселен, тарихшылар жазбаларында біздің дәуірімізге дейінгі 3900 жыл бұрын Дания территориясында ауыл шаруашылығының пайда болғандығы, тіпті сол кезеңге тән техниканың көмегімен бұл шаруашылықтың әжептәуір дамығандығы туралы мәлімет бар. Осы деректің өзі Дания елінің адамзат өркениетінің дамуына есте жоқ ескі  заманнан бастап түрткі болғандығын көрсетеді.

Ал, жалпы, бұл даланың ежелгі иелері ретінде жылнамашылар жазбалары юттар мен англдарды атайды. Шамамен IV ғасырда Дания даласын мекен еткен олар халықтардың ұлы көші кезінде  Британияға миграцияланады да, Ютландия жартыаралын Скандинавия жартыаралының оңтүстігінен келген дандар иемденеді.  Дан халқының әлем тарихын жаңа парақпен толықтыру кезеңі осылайша VI-VII ғасырлардан бастау алады. Дейтұрғанмен, «Данияның мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңі VІІІ  ғасыр еді» деп көрсетеді тарихи деректер. Мәселен, ұлы Карл империясы кезінде шекарадағы аймақтарды әкімшілік құрылымға біріктіру науқаны жүргізіліп, нәтижесінде Дан маркасы қалыптасады. Сол кездегі «марка» сөзі қазақшалағанда «шекара», «шекарадағы аймақ» мағынасын береді екен.  Әкімшілік бөліністен басталған даму кезеңі осылайша араға екі ғасыр салып Danmark мемлекетінің құрылуына әкеледі.

Түрлі жаугершілік замандарды бастан кешірген Дания тарихында өздері «жаңа дәуір» деп атап кеткен дат королі Фредерик II билік құрған кезеңнің жөні бөлек.  Швецияға қарсы ашқан жетіжылдық соғыста шебер қолбасшы ретінде көрінген   ол  XIX ғасырда әлемге өнер мен ғылымның қолдаушысы ретінде танылды. 1576 жылы билеуші Фредерик II астроном Тихо Брагеге Вен аралын беріп, ол жерге әйгілі Ураниборг обсерваториясының салынуына себепші болған екен. Одан кейін билік басына келген Фредерик III-нің тұсында Дания абсолютті монархияға айналды. Бұл оқиға Фредерик III есімін тарихта мемлекетті басқару жүйесіне  өзгеріс енгізген билеуші ретінде қалдырды.

Бүгінде сан ғасырлық тарихы бар Дания мемлекетіне монарх бір палаталы Парламентпен тізе қосып билік етуде. Мемлекет ғаламдық саясаттағы салмағы басым НАТО ұйымының негізін қалаушы елдердің бірегейі болып табылады. Сондай-ақ, Дания 1973 жылдан бері Еуро Одаққа мүшелік етіп, Еуропа аймағындағы қордаланған  мәселелерді шешуге де атсалысып келеді.

 

Мәдениеті

Дания әлемге сонау ежелгі кезеңнен қалған ескерткіштерімен де танымал. Ерте ғасырлардағы викингтер дәуірінен бүгінде Треллеборг, Аггерсборг, Фюркат және Линдхольм Хёйе  қорғандары сақталып тұр. Ол қорғандардың қай-қайсысы да өз алдына тұнған тарих. Сонау 1745 жылы іргетасы қаланған Көркем өнер академиясы, Копенгаген портында орналасқан әлемге әйгілі су перісінің ескерткіші бүгінде мәдениеттің өшпес мұрасы ретінде бағалануда. Ерекше айта кетерлігі, Дания ертегілер мен аңыз-әңгімелердің кейіпкерлеріне негізделген ескерткіштерге де бай. 

Мамандар реформация кезеңінің дат әдебиетінің дамуына ерекше әсер еткендігін айтады. Мәселен, 1550 жылы Кристьерн Педерсен қасиетті Библияны дат тіліне аударған болса, осы кезеңдерде діни сюжеттерге негізделген барокко стиліндегі поэзия да жақсы дамыды. Бұл сөзімізге Томас Кинго, Андерс Бординг пен Андерс Арребо сынды майталмандардың туындылары дәлел бола алады. XVIII ғасыр Дания әдебиеті үшін классицизмнің дамуымен де ерекшеленді. Дат театрының негізін қалаушы Людвиг Хольберг пен әйгілі сатирик, ақын, драматург Йохан Вессельдің шығармалары сол кездің өзінде-ақ әлемді шарлап кетті.

«Ұсқынсыз үйрек» ертегісін білмейтін адам кемде-кем шығар. Міне, сол туындының авторы Ганс Христиан Андерсен біз әңгімелеп отырған Дания елінің тумасы. Оның қаламынан туған христиандық болмыс пен философиялық моральға тұнған тамаша шығармалар даттың ғана емес, әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді.

 XX ғасыр басында Дания әлемдік кинематографияның жетекші елдерінің бірі саналды. Әлемге әйгілі жұлдызы жанған режиссер Карл Теодор Дрейер–осы елдің тумасы. Негізі 1906 жылы қаланған «Nordisk Film» киностудиясында ол әлемдік деңгейдегі тамаша туындыларды дүниеге әкелді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кинематографиядағы тақырып өзгерді. Данияны нацистердің жаулап алуы басты тақырыпқа айналып, осы кезеңде түсірілген «Красные луга» фильмі Канн кинофестивалінің сыйлығын иеленді. Сексенінші жылдары түсірілген «Пелле-завоеватель», «Пир Бабетты» кинолары да әлемдік деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болды.

 

Денсаулық сақтау ісі

Бұл салаға елдегі ішкі жалпы өнімнің тұрақты түрде тоғыз пайызы бөлініп отырады. Бір қызығы, 1973 жылдан бері медициналық сақтандыру жүйесі мүлдем жойылыпты. Есесіне, қазір елде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің барлық түрі тегін. Тағы бір айта кетерлігі, ауруханалар мен қарттар үйі негізінен муниципиалды органдарға қарағандықтан, ел үкіметінің бұл тұстағы құзыреті заңнамалық реттеу жүргізумен ғана шектеледі.

 

Білім және ғылым

Біздің еліміздегідей мектепке дейінгі мекеме, жалпы орта мектеп дейтініңіз Данияда да бар. Бірақ, жалпы орта мектептен кейін даниялықтар гимназияда, үлкендерге арналған халықтық мектептерде, одан қалды жоғары оқу орындарында білім алады. Міндетті мектеп білімі үш сатыдан тұрады. Дайындық класынан бір жыл бойына білім алып шыққан даниялық бүлдіршін одан әрі негізгі мектепте тоғыз жыл оқиды. Білімін одан әрі жалғастырғысы келетіндерге гимназияда оқуына немесе жоғары оқу орындарына дайындайтын курстарды меңгеруіне мүмкіндік беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, елде мемлекеттіктен бөлек жекеменшік және мемлекет тарапынан жартылай қаржыландырылатын мектептер де бар. 

Бір қызығы, мұнда университеттер ғана жоғары оқу орны саналмайды. Бұл қатарға мамандандырылған жоғарғы мектептер мен колледждер, техникалық институттар да енеді. Осы жерде айта кеткен жөн, әлемге әйгілі Копенгаген университеті 1479 жылы, Люнгбю-Торбек техникалық университеті 1829 жылы ашылды.

 

Туризм

Данияда әне бір айтарлықтай әсем ауа райы жоқ. Дейтұрғанмен, сонау ерте ғасырлардан сақталған елдегі тарихи орындар ғажайыпқа бас июшілердің таңдайын қақтырары сөзсіз.

Бұл елге жолыңыз түсе қалса, міндетті түрде Копенгагенге ат басын бұрыңыз. 1167 жылы оқ өтпейтін бекініс ретінде негізі қаланған бұл қала ежелгі өткен тарихтың нағыз жәдігері болып табылады. Айта кету керек, Копенгаген әп дегеннен Дат корольдігінің астанасы атанған жоқ. Араға біраз уақыт салып қана қала 1417 жылы Данияның негізгі ордасына айналды. Ресми Копенгагеннің бір ерекшелігі, мұнда Индре Бю деп аталатын арнайы жасақталған тарихи орталық бар. Көркемөнер аллеялары мен мұражай кареталары, көптеген ғибадатханалар, сондай-ақ, ежелден сақталған түрлі тарихи ғимараттар, викингтер дәуіріндегі кемелер мұражайы келушілерге сөзсіз ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Уақытыңыз болып жатса, міндетті түрде қаланың шеткі аймақтарын аралап көріңіз. Мәселен, Фюн аралының әу бастан-ақ ашық аспан астында орналасқан мұражай деген атауы да бар. Әрі бұл жер әлемге әйгілі ертекші Ганс Христиан Андерсеннің отаны саналады.

Обльборг, Фредерисия қалалары да туристер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып келеді. Діни орталықтар мен викингтер мұражайы ертегілер еліне саяхат жасаймын деушілерге таптырмайтын мүмкіндік болып табылады.

 

 

Көлік және байланыс

Дания елінің транспорт саласы стратегиялық мәнге ие. 2000 жылы Эресунн көпірі ашылды.

Копенгагеннен Швецияның сонау Мальмё қаласына дейін созылып жатқан бұл көпір Скандинавия мен Орталық Еуропаның арасында автомобильдік қана емес, теміржол байланысының да орнауына мүмкіндік туғызып отыр. Сондай-ақ, Дания Германия, Швеция және Норвегия елдерімен тұрақты паром жүйесі арқылы да байланыс жасап келеді.

Данияда барлығы 28 әуежай бар. Сол әуежайлардың оны тұрақты түрде жолаушы тасымалын жүргізіп отырады. Елдегі ең ірі әуежай Данияның бас қаласында орналасқан Каструп болып табылады. Ондағы жолаушылар айналымы осыдан төрт жыл бұрын 21,5 миллион адамды құрапты.

 Елдегі темір жол жүйесінің басым бөлігіне мемлекеттік Danske Statsbaner компаниясы қызмет көрсетеді.

 

Спорт

Даниядағы ең танымал спорт ойындарының қатарына футбол, гандбол, жеңіл атлетикадан басқа, қайық және велосипед спорты да жатады. Соның ішінде қайық спорты елде әжептәуір жақсы дамыған. Спорт жанкүйерлері Дания футбол құрамасының Еуропа чемпионатындағы жеңісін әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып әңгімелесіп жүр деседі. 1992 жылы қол жеткізген бұл талассыз жеңіс расымен де әлемді таңдантыпты.

Гандбол ойындарынан да даттықтар құралақан емес екен. Мәселен, Данияның гандбол бойынша әйелдер құрамасы әлемдік деңгейдегі олимпиада ойындарында елін екі мәрте қуантыпты. Әйелдер құрама командасының қоржынында 1996 және 2004 жылдары алынған екі бірдей алтын медаль бар.

Данияның ұлттық командалары 1904 жылдан бері әлемдік деңгейдегі барлық жазғы олимпиадаларға қатысып келеді. Ал, ұлттық командалар үшін қысқы олимпиадаларға алғашқы жолдама 1948 жылдан бастап берілді. Спорт десе ішкен асын жерге қойған сала сарапшылары Данияның ұлттық командасының жазғы олимпиадалардан алған медальдарының ұзын саны 171-ді құрайды деп отыр.

Енді жекелеген спортшыларға келер болсақ, Кенияның тумасы бола тұра, Дания азаматтығын қабылдаған әлемге әйгілі жеңіл атлет Уилсон Кипкетер тоқсаныншы жылдары үш мәрте әлем чемпионы атанды. Жер жүзіндегі менмін деген мықты шахматшылар Арон Нимцович пен Бент Ларсен де осы Дания елінің азаматтары. 

Қорғаныс саласы

Данияның қарулы күштері жаяу әскерден (Hаren), Дат флотынан (Danske Marine), әскери әуе күштерінен (Danske Flyvevaben) және Хемверн (Hjemmevаrnet) атты әскерилендірілген еріктілер ұйымынан тұрады. Еріктілер ұйымындағы әскерлердің саны 2006 жылы 59 000 адамды құрапты.

Мемлекеттегі жоғарғы бас қолбасшы монарх болып табылады. Жалпы қарулы күштер саласына Қорғаныс министрі басшылық етеді. Ерекше атап өтер бір жайт, даниялық ер-азаматтар да Отан алдындағы борышын саналы түрде әскерде өтейді. Тек мұнда әскери борышты өтеу мерзімі 4-10 айдан аспайды екен.

 

Тұжырым

Әлемнің ең дамыған отыз елінің алғашқы ондығын бастап тұрған Дания елінің жетістікке жету жолындағы құпиясын сарапшы мамандар мемлекет саясатының әу бастан білікті кадр жасақтауға бағытталуымен байланыстырады. Иә, елде қазба байлықтар жоқ емес, бар. Әсіресе, мұнай мен газ қоры әжептәуір. Бастысы, даттықтар қолда барды ұқсатып пайдалануда шеберлік танытты. Әрі ел билігі отандық экономиканы әртараптандыруды да ерте кезеңнен бастап қолға алды.

Жалақының жоғары болуы да көп жағдайда шешуші факторға айналып отырғандай.

 

Қосымшаның редакторы

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Байланыс телефоны: 45-84-01

e-mail: atyrau_gazeti@mail.ru

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз