ҮМІТТІ ҮКІЛЕГЕН ҮШ ЖОБА

Жылыойда іргелі істердің бастауы болып отыр

Жылыой ауданында 6681 шағын және орта кәсіпкерлік субъектіcі тіркелген, 5009 жеке кәсіпкер бар. 259 шаруа қожалығында 10 256 адам жұмыс жасауда. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен бюджетке 4 млрд. 427,9 млн. теңге салық түсті. Бұл - өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салық түсімінің көлемі 28,5 пайызға өсіп отыр деген сөз.

Осы ретте ізденіс іздеріне, оның сырына бір үңіліп көрелікші. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Мыңбаевпен арадағы сұхбат кәсіпкерлікке кең өріс ашу тетіктері – несие алу, өндірісті жаңғырту, бизнестік біліктілік және индустриялық-инновациялық даму тұрғысынан өрбіді.

 

Несие алдың ба, нәсібің алдыңда!

«Атырау шағын несиелеу орталығы» қоғамдық қоры арқылы 288 кәсіпкерге жылдық мөлшерлемесі 12 пайызбен 55,8 млн. теңге шағын несие беріліп,  бұл көрсеткіш өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда несие беру 35,7 пайызға артып отыр.

Бүгінде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 34,5 млн. теңге қаражат бөлініп, ал, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мал шаруашылығын дамыту және көрпе дайындау цехын ашу бойынша несие беру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда тоғыз адамға 24,0 млн. теңге несие берілді.

Сонымен қатар, моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, биыл несиелердің пайыздық мөлшерлемесін  субсидиялауға – 47,0 млн. теңге, шағын несие беруге – 112,8 млн. теңге, жаңа өндірістерді ашу үшін гранттар беруге 10,0 млн. теңге және инженерлік-коммуникацияларды жайластыру, дамытуға 272,2 млн. теңге бөлініп, қаралған қаражаттың игерілуі бақылауға алынды.

Өндірісті жаңғыртудың өңірлік үйлесімі

Бұл бағытта атқарылып жатқан бірегей жұмыстар бар. «Эко Техникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 12000 текше метр мұнайшламды қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы толықтай іске қосылып, бүгінде жобада белгіленген жұмыстар ықтиятты жүргізілу үстінде. Кәсіпорынның 2014 жылға жоспарлы қуаты – 3000 текше метр.

Ал, жеке кәсіпкер С.Карпаеваның несие көлемі 10,8 млн. теңге- ні құрайтын КамАЗ лас су сорғыш (вакуум) автокөлігін сатып алу жобасы екінші деңгейдегі банктен мақұлданып, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін құжаттары өңірлік үйлестіру кеңесіне жолданды.

Жалпы қазіргі уақытта ауданда несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау үшін барлығы 89,0 млн. теңге жәрдем қаражаттың төрт жобасы мақұлданды. Жеке кәсіпкерлерге қатысты айтсақ, О.Таумановтың тойхана құрылысын аяқтауға 15,0 млн. теңге, Ж.Агибаеваның тойхана құрылысын бітіруге 38,0 млн. теңге, М.Ізтұрғановтың құрылыс дүкенінің қоймасын салуға 20,0 млн. теңге несие  қаралды. Сондай-ақ, «Теңізавтокөлік» кәсіпорнының жолаушыларды тасымалдайтын үш автобус алуға бөлінген несие сомасы 16,0 млн. теңгені құрады.

Біліктілікке оқы да, бизнесіңді түзе!

Бизнес көздеріне барлау жасау, механизмін меңгеру, ұйымдастыра білу үлкен біліктілікті қажет етеді. Ол үшін соңыра оқу да, санаңа тоқу да керек. Ауданда нартәуекелдің намысты өрендеріне кәсіпкерлікті қолдау орталығымен «Бизнестің жол картасы-2020», «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған» және басқа да қаржылық бағдарламалар бойынша 438 консультативтік кеңес берілді. Айталық, мәдениет үйінде облыстағы барлық қаржы институттары, аудандағы екінші деңгейдегі банктер басшыларының қатысуымен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, талқылау бағытында семинар-кеңес өткізіліп, оған ауданның 260 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің өкілдері қатынасты.

Сонымен қатар, «Жоғары табысқа және тұрақты сәттілікке жету» тақырыбында ұйымдастырылған төрт күндік семинар-тренингте 100 адам кәсіпкерлікке оқытылса, ал, бизнес-кеңесші бағдарламасына сәйкес өткен екі күндік семинар-тренинг қорытындысында 130 адамға сертификат табыс етілді.

Әсіресе, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасы жаңадан қызмет көзін ашуға талпынғандардың зор ынтасын туғызғаны анық. Өйткені, осы бағдарламаны түсіндіру, талқылау бағытында ұйымдастырылған семинар-кеңеске 150 кәсіпкерлік субъектісімен қатар, тыңнан түрен салғандай кәсіп қылуға жұмыстанып жүргендер көп қатынасты.

Серіктестік бағдарлама – сенім негізі

Бүгінде ауданның 2014-2016 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту картасын жасақтау үшін «Казагромаркетинг» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа отыру жұмыстары жүргізілу үстінде.

Қаланың негізін салушы кәсіпорынмен шағын және орта бизнесті дамыту бағытында «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Ембімұнайгаз» және «Казтрансойл» акционерлік қоғамдарына кәсіпкерлермен өндірілетін өнімдерді алу мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде ұсыныс жасалып, тізімі берілді.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында атқарылатын жұмыстарды талқылау барысында жергілікті кәсіпкерлермен көрсетілетін қызметтер, өндірілетін өнімдер, жасалатын жұмыстар жөнінде мәселелер көтеріліп, алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамыту бағытында аудан кәсіпкерлерімен серіктестік байланыста жұмыс жасау туралы ұсыныстар берілді.

Ағымдағы жылы «Атырау Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2,9 гектар жерге жылыжай құрылысын салу үшін жер телімі берілді. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі мен бизнес жоспары жасақталып, қаржыландыру үшін «Теңізшевройл» компаниясының бағдарламасымен мақұлданды, енді «ЕSS-супорт сервисез» кәсіпорны арқылы қаржыландырылады деп күтілуде. Яғни, барлық қорытындысы берілгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Индустрияландыру картасы – игілік бағдары

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау облысының индустрияландыру картасына Жылыой ауданы бойынша үш жоба енгізілген болатын. Жобаның үшеуі де жүзеге асырылу үстінде.

Айталық, «Металл Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің металл құю (арматура, бұрыштама, швеллер) комбинатымен 943 тонна металл жаймалары шығарылып, ол жобалық қуатының 3,1 пайызын құрап отыр. Жоспарлы қуат – 157,1 пайыз.

Екінші, «Атырау Сауда» серіктестігінің құс фабрикасын кеңейту жобасына сәйкес, жылына 20,2 млн. дана жұмыртқа өндіру жоспарланды. Жоба құны – 165,5 млн. теңге. Жаңа жұмыс орны – 35. Қазіргі уақытта құс фабрикасынан 5134,0 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жобалық қуатының 25,6 пайызы орындалып отыр. Жоспарлы қуат – 171,1 пайыз. Ендігі құрылысы басталып кеткен үшінші тауық блогы іске қосылған кезде өнім көлемі бұрынғыдан да арта түсетін болады.

Үшіншісі, жоғарыда атап өткеніміздей, «Эко Техникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 12 мың текше метр мұнайшламды қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы толықтай іске қосылып, жұмыс істеу үстінде.

Қазіргі уақытта «Құлсарыгаз» кәсіпорнының автокөліктерге газ толтыратын компрессорлық бекеті құрылысының жұмыстары аяқталып, инфрақұрылыммен толықтай қамтылған. Енді автокөлікке орнататын құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары жүргізілу үстінде.

Іске қосу кезеңі үстіміздегі жылға белгіленген жеке кәсіпкерлер Н.Ораздың пенопласт шығару цехы, Т.Аманкелдиевтің газды бетон шығару цехы, А.Тыншымовтың фильтрленген және азондалған ауыз су шығару цехы, Г.Машенованың жүн түту және жүн талшық дайындау цехы, А.Оразымбетованың кілем және жұмсақ жиһаздарды тазалау орны да жергілікті тұрғындар қажеті үшін тиісті нәтиже береді деп күтілуде.

Бүгінде Құлсары қаласының Бас жоспарына сәйкес салынатын кәсіпкерлік жобаларды орналастыру үшін қоғамдық нысандарға 100 гектар индустриялық аймақ қарастырылып отыр.

2014 жылдың екінші жартыжылдығында Индустрияландыру картасына ұсынылатын жобаларды атап өтсек, оның бірі – «Атырау Сауда» кәсіпорнының жылыжайы, жобалық қуаты – 480 тонна қияр, 350 тонна қызанақ, 185 тонна бұрыш өсіру. Тағы бір жоба – «Ғимарат» кәсіпорнының теміржол вагондарының жұп дөңгелектерін жөндеу цехы, жобалық қуаты – 5280 дана жұп дөңгелектерін күрделі жөндеуден өткізу.

Ертеңін ойлаған ел озар

Ауданда алдағы жылдары да ауқымды жобалар жүзеге асырылмақшы. Мәселен «Ғимарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа үлгідегі базар жобасын келесі жылы іске қосу белгіленіп отыр. «МаннесманКаутингКазахстан» мекемесінің болат тұрбаларын жөндеу-орамдау зауыты аяғынан тік тұрғанда, жылына 140/170 мың тонна қапталған тұрбалар шығаруға мүмкіндігі бар. «Экопротех-Құлсары» кәсіпорнының күн сәулесінен электр қуатын өндіру стансасының құрылысы 10 мвт. электр қуатын өндіруге негізделген. «Sanai Eurasia Petro Mashinary» кәсіпорнының Бәли және Жаңасу ауыз су кен орны жобасының қуаты – 700 мың текше метр. Ал, «Базальт Продукт» кәсіпорнының базальт өнімдерін шығару зауыты бірінші кезеңінде 2000-2500 тонна өнім беруді көздейді. Сөйтіп, ертеңгі міндеттер негізі бүгіннен берік қалануда.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз