ШЕЖІРЕ САРАЙШЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Кеше Атырауда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығынан – егемен Қазақстанға» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Конференцияға арнайы шақыртумен келген бірқатар шетелдік дипломатиялық миссиялар мен ғылыми қоғамдастықтар өкілдерін алдымен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады.

 

-Ұлан-байтақ Қазақ еліне, соның ішінде қазыналы, қасиетті де киелі Атырау өлкесіне қош келдіңіздер! Сіздермен, қадірлі де мәртебелі меймандар, өз жерімізде жүздесіп, көріскеніме бек ризамын. Осы облыс орталығынан 35 шақырым шамасында Сарайшық деген село бар. Сонда 70 жыл бойына Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі Сарайшық қаласының орны сақталған. Осында  «Хан ордалы Сарайшық» тарихи-мемориалдық кешені бой түзеген. Сол себепті де Қазақ мемлекеттілігінің алғаш қалыптаса бастаған, бес жарым ғасырлық кезеңі бар Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу және даму тарихында бұл қаланың алар орны, атқарған рөлі мен маңызы ерекше, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Содан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Сарайшық» тарихи-танымдық кітабын (авторлары Иманғали Тасмағамбетов пен Зейнолла Самашев) естелік ретінде сыйға тартты.

Одан кейінгі сөз кезегін аймақ басшысының қабылдауында болған қонақтар еншіледі. Олар да облыс әкімдігінде өткен жылышырайлы жүздесуге ризашылықтарын білдіріп, ілтипаттарымен бөлісті. Бұлардың қатарында белгілі ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Азия және Африка елдері тарихы институтының президенті, Мәскеу мемлекеттік университеті таяу және орта Шығыс елдері тарихы кафедрасының меңгерушісі Михаил Мейер, Швецияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Камилл Кристиан, Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы, бірінші сыныпты Төтенше және Өкілетті елші Рашад Маммадов, т.б. болды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз