ҮЛКЕН ҚОЙЫЛЫМ – АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 9 қазан күні Тараз қаласында спектакль қоймақшы.

 

Сенатор Жабал Ерғалиевтың «Қилы жол» атты тарихи драмасы бойынша қызу дайындалып жатқан қойылымның жоба жетекшісі КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов болса, кеңесшісі – ҚР халық әртісі Есмұхан Обаев. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов бастаған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева, Елік Нұрсұлтан, Мұхтар Қапалбаев сынды режиссерлер тобы басшылық етеді.

Жобаға М.Әуезов театрының шығармашылық тобынан өзге Жамбыл облыстық драма театрының әртістері, Жуалы ауданындағы атты әскерлерден және солдаттардан 500-ден аса адам қатысады деп көзделіп отыр.

Осыдан екі ай бұрын басталған дайындық жұмыстары қызу жалғасуда. Қазіргі таңда костюмдер мен декорация толығымен дайын. Барлығы 200 әскери мен 150 бишіге киім тігілді. Байқағанымыздай, қойылымның күрделілігін қатысатын адам санынан-ақ аңғаруға болады. Сахнаға бір мезетте 500-дей әртіс шығады. Спектакль Тараз қаласының орталық стадионында сахналанады.

«Театрландырылған қойылым болған соң көрініс барлық алаңға жайылуы керек. Әрекет 100 метр радиуста өрбиді. Стадион алаңының ерекшелігі сол», – деді М.Әуезов театрының бас суретшісі Есенгелді Тұяқов.

Ал, айтулы шараның Тараз қаласында өтуі де тегін болмаса керек. Өйткені, Орта ғасырларда қазақ хандығының негізі осы аймақта қаланған.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз