ТЕРБЕЛІП ТАТУЛЫҚТЫҢ БЕСІГІНДЕ…

Бірлік пен татулықтың құтты мекеніне айналған елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны айрықша. Қоғамдық институттың жиырма жыл ішінде атқарған ісі бүгінгі күні бүкіл әлем елдеріне үлгі болып отыр. Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінде өткен «дөңгелек үстел» де осы Ассамблея тақырыбына арналып, оның мемлекетіміз үшін маңыздылығы тереңнен талқыланды.

 

«Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» деп аталатын басқосуға облыстың төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, тарихшы ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім және достық үйінің» қызметкерлері қатысты.

Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Абай СұлтанғалиевАссамблеяның еліміз үшін татулықтың темірқазығына айналғандығын айтты. «Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі істер жүзеге асады. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басуда. Басты жетістігіміз – еліміздегі халықтардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Қазақстан аумағында  ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатыр. Бұл тұрғыдағы айқын мысал, өзіміз қызмет ететін департаментте қазақ, татар, кәріс, орыс сынды әртүрлі ұлт өкілдері көп жылдар бойына өзара ынтымақта қызмет атқарып келеді», – деген ол қысылтаяң сәтте қиындыққа душар болған адамдарға көмек қолын созатын ұжым қызметкерлерінің ауызбіршілігін үлгі етті.

Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған ұлттарды құшағына сыйдыра білген қасиетті қазақ даласы өзгелерді өгейсінбеді. Өз бауырындай жақын тартып, қолындағы барымен бөлісті. «Дөңгелек үстелге» қатысқан «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе зобалаң жылдары тағдыр тәлкегіне түскен сан түрлі ұлттарға пана болған қазақ халқына  зор алғысын жеткізді. Және түрлі ұлт өкілдерін бір тудың астына біріктірген Ассамблеяның атқаратын рөлі зор екендігіне тоқталды.

Басқосуда ынтымақ, татулық тақырыбына тоқталған Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім және достық үйі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының маманы Әдемі Таласбаева, «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігі төрағасы орынбасары Ли Людмила, Атырау мұнай және газ институтының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Нығметов, төтенше жағдайлар департаментінің техникалық нормалау бөлімінің бас маманы Виталий Умновтар бейбітшілігімізді баянды етуде жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды екенін айтты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз