ІЗГІЛІККЕ ТОЛЫ ІСТЕР

Бүтін бір жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясына арналуы елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достықты, ауызбіршілікті арттырып қана қоймай, халық арасында ізгілік, қайырымдылық істердің кеңінен қанат жаюына жол ашып отыр.

 

 «Ассамблея – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы аясында түрлі әлеуметтік қамқорлық іс-шаралары ұйымдастырылып, еліміздегі этникааралық келісімді нығайтуға, қазақстандық отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға бағытталған шаралар легі бастау алды. Облыс көлемінде де ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар көп. Еліміздегі барлық облыстарды қамтып өткен эстафетаның енді мәреге жетер күні де алыс емес.

Ассамблея жылында еліміздің барлық аймақтарында халыққа нақты тәжірибелік көмек пен сапалы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім және Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің хатшысы Назерке Үмбетова этномәдени орталықтардың облысымыздағы кәсіпорындар, мекемелермен бірлесе отырып, түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып жатқандығын хабарлады. Оның айтуынша, «Асар»  республикалық әлеуметтік  ынтымақ акциясы және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық көрсету айлығы кезінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысының тоқсанға жуық қатысушылары мен қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне олардың ай сайынғы коммуналдық қызмет үшін төлемін өтеу мақсатында жергілікті бюджеттен қаржылай көмек бөлінген. Және ардагерлерді дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз ету мақсатында арнайы  меморандум жасақталған.

Ассамблея жылы аясындағы ізгілік, қайырымдылық шаралары мұнымен шектеліп қалмай,  өткен 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай этномәдени бірлестіктердің зейнеткерлеріне сауықтыру жолдамалары табысталып, көп балалы және жалғызбасты аналарды көпшілік арасында құрметтеуге бағытталған шаралар ұйымдастырылған. Этномәдени бірлестіктер ұлтымыздың ұлық мерекесінде де аз қамтылған отбасыларға азық-түлік үлестіріп, жетім балаларға арналған қайырымдылық концертін, зейнеткерлер мен жалғызбасты қарттар үшін акциялар өткізген.

«Атырау облысын мекен еткен жүзге жуық ұлт пен этнос өкілдерінің басын қосқан 17 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жүргізуде. Өткен жылы ғана пайдалануға берілген  үш қабатты «Достық үйі» бүгінде этномәдени бірлестіктердің басын қосқан, түрлі ұлттардың салт-дәстүрін тоғыстырған мәдени ошаққа айналып отыр. Биылғы жыл «Достық үйіне» зор жауапкершілік  жүктеуде.  Мұнда  орналасқан этнос өкілдері сан қилы шаралар өткізумен қатар, қызығушылық танытушыларды өздерінің мәдениетімен, тілдерімен таныстыру үстінде. Сонымен қатар, музыкалық аспаптармен қамтылған, ұлттық қолөнер бұйымдарымен де шұғылданатын бөлмелер бар. Мұнда іс-шараларды үйлестірумен арнайы төрт  бөлім жұмыс жасайды», – дейді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы басты мақсат – қазақ халқын топтастырушы ұлттық патриотизмді нығайту, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде ел азаматтарының арасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Үстіміздегі жыл татулыққа, келісімге, достыққа арналып отырғандықтан, Атырау өңіріндегі  «Қоғамдық келісім және Достық үйі» мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, этномәдени бірлестіктер ұйымдастырып жатқан түрлі шаралар, қайырымдылық акцияларының барлығы ынтымағымызды одан әрі арттырып, бірлігімізді нығайтуға бағытталып отыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз